Үш кітабының тұсауы кесілді

(0 Votes)

Аудандық орталық кітапханада Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тарихшы-өлкетанушы  Зұлқожа Шарафутдиновтің «Таубұйрат», «Таубұйратта туған ұл», «Байлар қалай тәркіленді» кітаптарының таныстырылымы ұйымдастырылды.

Алдымен қатысушылар назарына автордың өмірі мен шығармашылығы баяндалған, арнайы әзірленген бейнеролик ұсынылды. Ол тамашаланған соң, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тарихшы-өлкетанушы Зұлқожа Ғайнеденұлы  қошеметпен ортаға  шақырылды. 

Жаңа туындыларды оқырманға таныстыру үшін сөз Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, өренді өлкетанушы, ақын, Қазақстанның Құрметті кітапханашысы Есмұхан Жанизинге беріліп, кітапта негізге алынған Таубұйрат, Үштаған атаулары туралы қысқаша айтып өтті. Қаламгерлер тарихқа тағдырымен, табиғатымен келетінін жеткізіп, автордың табиғатымен келгеніне тоқталып, арнау өлеңін оқыды. Аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Снежанна Сарсенбайқызы автордың бір өлеңін оқып шықты. 

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан халық ағарту ісінің озық қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Талапқали Зайнуллин Зұлқожа ағамыздың ата-анасын жақсы танығанын, Таубұйрат дегенде көз алдына өзі туған жердің табиғаты көз алдына елестегенін, Асаннан су тасып өскендерін айтып: – Өнерден азын-шоғын хабарым болған соң туған жерге ескерткіш қалдырайын деген ой болды. Сол іске асып, 2015 жылы «Таубұйрат» деген күй шығардым. Ол Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияның  «Нарын» оркестрінің орындауында таспаға шықты, – деп оны тарихшы-өлкетанушы Зұлқожа Шарафутдиновке тарту етті. 

Келесі кезекте Қазақстан журналистикасының қайраткері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Жұмақай Ғұмаров: – Туған жердің тарихын түгендеген бірнеше кітаптарың шыққан екен, бұл тамаша еңбек. Теңіздей тереңдікпен, тауда биіктікпен, Алла берген қабілетінің игілігін көре бер. Елдің елдігін жасайтын, тарихын халыққа танытатын, артында өшпес із, үлкен мұра қалдыратын, үлгі болатын халқымыздың өзіңіздей ұлы перзенттері. Ұлылықтың өзі осымен өлшенеді, – деп шығармашылық табыс тіледі. 

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстанның Құрметті Журналисі, Қазақ журналистикасының қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Таңатар Дәрелұлы автор шығармашылығын жақсы бағалап: – Жалпы Таубұйрат атауының өзінен жел соғып тұр  ғой. Оның артында қаншама еңбек жатыр. «Таубұйрат», «Таубұйратта туған ұл», «Байлар қалай тәркіленді» кітаптарының алар орны ерекше. Туған жердің тарихы біздің алтын көмбеміз. Соның құмын ашып, жер бетіне шығарып, ұлттық рухты тәрбиелеуге ұсынып отырсыз. Кезінде солақай саясат байларды жазықсыз қуғын-сүргінге салды. Азғырдан шыққан 21 байдың не кінәсі бар? Олар адал еңбек етіп байыды, айналасындағы кедейлерді қамқорлап, жұмысқа алды. Солардың бәрі айтылмай келген тарих. Тәуелсіздіктің алтын парағына еніп жатыр. Үлкен тақырыптарды қаузаған екенсің, қадамың құтты, баянды болсын. Әлде де жаза түсу керек, шындық көбейсін, – деп арыстарды тірілткен жерлесіміз баспагер Ғарифолла Әнесті тебірене еске алып, оны да айтуымыз керектігін қаперге берді.


Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі, жергілікті айтыскер ақын  Мұтиғолла Ғани: – Зұлқожаның туған жеріне сіңірген еңбегі көп. Оны жаңа кітаптарынан да байқадыңыздар. Кешегі күні Үштағанның 110 жылдығы тойланды. Егер Зұлқожа қолдамаса тойланар-тойланбасы белгісіз еді. Сондықтан елге жасап жатқан осындай қызметіңіз үшін азғырлықтар атынан рахмет айтамын, – деп, екі кітабын тарту етті. Барлық сөйлеушілерге де автор өз тарапынан қолтаңбасы жазылған кітаптарын табыстады.

Осындай ізгі тілектер ардагер ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Балғаным Хасенова, З.Шарафутдиновтің ауылдастары, сыныптастары тарапынан жалғасын тапты. Зұлқожа ағамыздың жары Гүлзадаға гүл шоқтары табысталып, құрмет көрсетілді. «Таубұйрат», «Таубұйратта туған ұл», «Байлар қалай тәркіленді» кітаптарының лентасын Құрманғазы ауданының Құрметті азаматтары Талапқали Зайнуллин, Жұмақай Ғұмаров, Таңатар Дәрелұлы қиды.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аталған кітаптардың авторы Зұлқожа Ғайнеденұлы: – Туған жер тарихы енген кітап жазғаныма өзімді бақытты санаймын. 1984 жылы елден кетіп, араға  40 жыл салып орталарыңызға оралып отырмын. Бүгін өздеріңізбен жүздескеніме қуаныштымын. Бұрын партия тарихы жазылды, онда қазақ тарихы кірген емес.Тәуелсіздік алған соң ғана жақсы қолға алына бастады. Тарихшылар қазір екі бағытта жұмыстануда. Біріншісі – шежіре, ол да керек. Екіншісі туған жердің өткені. Бұл өлкеде ғұмыр кешкен бабаларымыз жайлы жас ұрпаққа жеткізетін осы отырған ағалар сіздер мен біздер. Жайдақ жерде емес, осындай керемет тарихы бар елде туғаныма мақтанамын, – деп шараны ұйымдастырып жатқан аудандық орталық кітапхананың Анар Мусина бастаған ұжымына ризашылығын жеткізіп, кітаптары мен естелік сыйлығын ұсынды.

Тұсау кесер шарасын аталған кітапхананың директоры Анар Нуриқызы қорытындылап, авторға естелік сыйлығын тарту етті. 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT