Еліміз дамып, рухани жағынан жаңғырып келеді. Аудан орталығы да жыл сайын көркейе түсуде.
Жасыл желек жамылып, көшелеріне асфальт төселуде. Жаңа аурухана, көп пәтерлі, қос қабатты үйлер және жас мамандарға арналған баспаналар салынуда. Жасалып жатқан жұмыс көп, туған жеріміз өзгергенімен өкінішке орай көпшілігіміздің санамыз жаңғырмай тұр.
Менің айтқым келгені тазалық мәселесі. Қазір тағы да қоқып барамыз. Қоқысты көшеге тастайтынды шығардық. Мәселен, біреу ауласының ішіндегі шөбін шабады да оны таяқ тастам жердегі қоқыс жәшігіне апармай, көшенің екінші бетіне лақтырады. Көршісі оның үстіне апарып лай су мен қалдықтарды шашады. Өстіп онсыз да тар көшенің бойында қоқыс үйіліп жатады. Айналасындағы үйлер оған мән бермейді. Солай болуы тиіс сияқты көреді. Кім төккенін округ әкіміне анонимді түрде болса да хабарламайды. Тағы бір айта кетер жайт, қоқыс жәшігі деген қатты қалдықтарды тастауға арналған нәрсе ғой. Оның ішіне кесілген теректерді күштеп салып, айналасына кірдің суын шашу дұрыс емес. Біз оның маңына ескі мұздатқыш, пайдаға аспайтын газ плитасы, жатын орынының сынық жиһазын апарып тастай саламыз. «Ұшқалы тұрған қарғаға «тәйт» дегенің не еткенің», дегендей онсыз да қалдықты жәшікке тастауға ерінетіндер мұны көрген соң қолындағысын оған жақындай бере лақтырып, сол жер қоқыс жәшігі емес мини полигонына айналып шыға келеді. Бұл деген ұят нәрсе. Арнайы көлік әкетеді. Бір күннен кейін қайта таз қалпына түседі. Темір-терсекті, ескі жиһазды шығаруға көлік таппасаңыз округ әкіміне хабарласыңыз. Бөлінген трактор бар, жібереді.
Ауылымызда бұралқы иттер мен мысықтар да көбейіп барады. Олардың көзін жою, құрту қажет деген ойдан аулақпын. Бұл жануарлар да құдайдың жаратқан мақұлығы, шектеулі ғұмыры бар. Бірақ, соларды өсіріп қараусыз қалдыратын адамдар. Жақында Абай мектебі алдында ұйыққан 4-5 ит жүр. Қасынан оқушылар өтуде. «Баланың аты бала» дегендей, біреуі итті ызаландырса не болмақ? Олардың иелері қайда? Неге байлап ұстамайды? Ертең бір оқушыны қауып алса сол жауап береді.
Осыларды көріп отырып, санамыз қашан жаңғырады екен деген ойға кетеміз. Онсыз біз алға баспаймыз. «Алдыңғы арбаның тегешігі қайда жүрсе, соңғысы да сонда жүреді», дегендей бүгінгі әрекетімізді көрген жастар ертең оны жалғастырып кетпесіне кім кепіл?! Өркениетті елдер қатарына қосылғымыз келсе тазалыққа мән беруіміз қажет. Мұны округ әкімдігінің мойнына артып қоймай, айналамыздың қоқып кетпегенін көп болып қадағалауға тиіспіз.
Ғ.Байдошов,
Құрманғазы ауылы