Аудан әкімідігінің үлкен мәжіліс залында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Асқар Мұфтахтың төрағалығымен өткен жиында тамыз және қыркүйек-қазан айларына белгіленген Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын ұйымдастыру және өткізу мәселесі талқыланды.
Оған округ әкімдері, ауыл шаруашылығымен айналысатын барлық субъектілер — заңды тұлғалар, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары және жеке қосалқы шаруашылық иелері қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ҚР стартегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық сатистика бюросының Атырау облыстық департаменті басшысы Нұржан Құмарғалиев хабарлама жасады.
Алдағы уақытта кең ауқымд жүргізілгелі отырған статистикалық зерттеудің негізгі мақсаты елдегі аграрлық саланың қазіргі жағдайын нақтылап, даму бағыттарын айқындау екенін айтқан хабарламашы науқанның мән-маңызын, өту барысын кеңінен түсіндірді.
— Санақ екі кезеңмен жүзеге асырылады. Алдымен 1-31 тамыз аралығында азаматтар арнайы сайтқа кіріп, қажетті ақпаратты өздері енгізе алады. Бұл кезеңде sanaq.gov.kz платформасы арқылы онлайн қатысу мүмкіндігі беріледі. Ал 20 қыркүйектен бастап қазан айының соңына дейін сұхбаталушылар үй-үйді аралап, сауалнама толтырмағандармен жүздеседі. Әр үйге барып, сұрақтарға жауап алады. Сауалнамадан жері, малы, бау-бақшасы бар тұрғындар да назардан тыс қалмайды. Науқанға қатысуды жеңілдету мақсатында аудандық статистика бөлімі мен ауылдық округтерде интернетке қосылған арнайы бұрыштар жабдықталады. Қатысушылар сауалнаманы осы жерлерде өз бетімен толтыра алады. Қосымша сұрақтар бойынша sanaq.gov.kz сайтындағы Sanaq-Myrza виртуалды көмекшісінен немесе 1446 қысқа нөміріне хабарласуға болады. Санақ ауыл шаруашылығы саласының жай-күйінің егжей-тегжейлі және объективті бейнесі қалыптасып, елдің азық-түлік ресурстарын қалыптастырудағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер туралы, басқа да санаттардың рөлі туралы толық деректер алынатын болады, - деді.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Асқар Мұфтах аталған санаққа дайындық барысында арнайы комиссия құрылғанын, іс-шаралар жоспары бекітілгенін айтып, науқанға жауапкершілікпен қарау қажеттігін қаперге берді.
– Округ әкімдері және ветеринария мамандарының үстіміздгегі жылдың 1 шілдедегі жағдай бойынша түсірген стат есеппен, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесі базасындағы мәліметтермен сәйкестендірілуі тиіс. Бұл шара еліміздің аграрлық секторындағы нақты жағдайды анықтап, тиімді даму стратегиясын жасауға және мемлекеттік қолдау шараларын дұрыс жоспарлауға мүмкіндік береді. Сондықтан тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, ауыл шаруашылығы субъектілерінің барлығын, жеке қожалықтарды да толық қамту қажет. Ауыл әкімдіктері санақтың ұйымдастырылуы мен өткізілуіне тікелей жауапты, - деп аудандық статистика бөлімінің округтен бөлінген мамандардың өзін семинарға шақырып, оқытып алған артықтық етпейтінін қаперге берді.
Жиын барысында кейбір жекелеген азаматтар мен жауапты мамандар сауалдарын қойып жауаптарын алды. Ауданымыздың негізгі күн көрісі дәл осы сала болғандықтан, бізге нақты әрі сапалы деректер ауадай қажет. Сондықтан, осы науқанды белсенді ұйымдастыруға атсалысу баршамыздың міндетіміз.
Айбек МЕЙІРМАН