«Amanat» партиясы аудандық филиалында депутаттық фракция мен партиялық бақылау комиссиясының біріккен жиналысы өтті.
Жиналысқа аудан әкімі Абат Жанғалиев, орынбасары Қайрат Бөлеков, бірқатар бөлім басшылары қатысты. Партияның аудандық филиалының төрағасы Ерлан Хисметуллин жиналысты ашып, күн тәртібімен таныстырды.
Аудан әкімі Абат Жанғалиев 2025 жылға 40 іс-шара жоспарланғанына тоқталды. Олардың 7-сі орындалған, 33-і орындалу сатысында, 5-і кейінге қалдырылып отыр. 2027 жылға ығыстыруға ұсыныс жасалып отырған іс-шаралар жеке кәсіпкерлердің өз қаражаттары бойынша атқарылатын жұмыстар. Бірқатарын атап айтсақ инвестициялық жоба – Мақаш ауылынан «Кубашев Е» шаруа қожалығының мал сою цехы мен 100 басқа арналған бордақылау алаңы, «Сәрсенбаев Е» шаруа қожалығының заманауи технологиялармен жабдықталған балық өңдеу цехы, «Каспий-Балық» ӨК-нің тоған шаруашылығын салу, Ниетбай елді мекеніне ауыз су желісін жүргізу, орман қоры жерінде 249 гектар жерге 620 мың тал отырғызу.
Хабарлама тыңдалғаннан кейін комиссия мүшелері Ерлан Хисметуллин орман қорына отырғызылатын тал санын азайту, Қошалақ пен Ниетбай елді мекендерін сайлауалды бағдарламасынан алып тастау жайлы ұсыныс жасаса, Есболат Құбашев, Оразғали Алғаязов 8-ші бекеттегі фельдшерлік-акушерлік пункт, спорт кешендеріне, стадион құрылысына қатысты сұрақтар қойды.
Комиссия мүшесі Мереке Кумаров ФАП-тарға ертең акушер-гинеколог табу қиын болатынын, сондықтан медпунктер ашу қажеттігін алға тартты.
Берген жауабында аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы: – Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы тиісті жерді алып берсе орман қорын ұлғайту мақсатында 620 мың тал отырғызуға болады. Ниетбайда үйлер өте алшақ орналасуына байланысты ауыз су желісін жүргізу тиімсіз, Қошалақта 2 үй газге қосылған. Жан-жағында малмен отырғандар бар. Алдымен солармен сөйлесіп, пікірлесу керек. ФАП салуға келсек, Денсаулық сақтау басқармасы осылай ұйғарып отыр,– деп басқа сұрақтарға тұщымды жауап қайтарды.
Орталық стадионға қатысты аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жасұлан Сүндетов нысан 80% бітіп тұрғанын, бұрынғы мердігер сотқа берілгенін жеткізді. Келесі кезекте аудандық ветеринариялық станса басшысы Жеткіншек Ажығалиевтің, аудандық аумақтық инспекцияның бас маманы Темірбек Бектеміровтің ветеринариялық-санитариялық қызметтер, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Тілекші Медеуғалиева, аудандық Оқушылар үйі директорының міндетін уақытша атқарушы Камшат Меңдіғазиеваның оқушылардың жазғы демалыстарын ұйымдастыру бағытында жасалған жұмыстар жайлы хабарламалары тыңдалды.
Жиналыста ауданымызда түйе малы арасында орын алып отырған өлім-жітім терең талқыға түсті. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қуандықұлы, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ерлан Уәлитханұлы жұқпалы індет болмағанымен бұл ауруды анықтап, мал шығынына жол бермеу үшін мәселені жеделдетіп шешу қажеттігін алға тартты.
Қанат ҒҰМАРОВ