Садақ ату салтымызда болған

(0 Votes)

Көне дәуірлерден бері көшпенділерден жалғасып, қазақтың дәстүр-салтынан өзіндік орнын алған құндылығымыздың бірі – садақ ату өнері.

Қазақтың арғы-бергі тарихында жай мен жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер көп болған. Оны батырлық эпостардан, хисса-дастандардан жақсы білеміз. Қазіргі уақытта тұрмысымызда көп қолданылмауы себепті тек саятшылықта және спорттың осы түрінен жарыстарда ғана көреміз. Жалпы, садақ пен қазақ егіз ұғым. Бұл қару ата-бабаларымыз ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қару ретінде қолданды. Қазанат мінген жау-жүрек батыр оғландарымыздың қорамсаққа қол салып кезеген жебелері нысанадан мүлт кетпегені тарихтан белгілі. Осы орайда ең көне өнер түрі саналатын садақ атуға қазақтың да қатысы барын ешкім жоққа шығара алмайды.

Ежелгі ата-баба қоныстарындағы таңбалы тастар¬дағы суреттер бұған бұлтартпас айғақ. Тіпті, өзге ұлт пен ұлыс өкілдері ағаштан жасалған қарапайым садақ¬ты ұстаса, қазақтар оның жетілдірілген күрделі құрама түрін ойлап тап¬қаны тарихи деректер¬де бар. Алайда, сақ пен ғұнның бірден-бір мұра¬гері саналатын ата-бабаларымыздың садақ атуда¬ғы шеберлігін бүгінгі ұрпақтың тек кітаптан оқып, кинолардан көріп жүргені өкінішті жайт. Көшпенді өмір салтын ХХ ғасырға дейін, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп сақтап келген біздің қазақтың садақ жасау технологиясы мен оған қатысты төлтума атаулары біртіндеп ұмытыла бастағаны қынжылтады. Ердің бес қаруының бірі саналатын садақты қазіргі ұрпақ тек музейден ғана көруде. Қару ретіндегі қызметін тарих қойнауында қалдырғанымен садақ ату спорттың мергендікті сынайтын бір түріне айналды. Ұсталық өнермен әуестеніп жүріп осы садақ жасауға көңілім ауды да тұрды. Батырлар жыры кітабындағы суреттерден, интернеттен іздестіріп жасап көруге бел шештім. Алдымен шығу тарихына көп көңл қойдым. Ізденістің нәтижесінде садақтың үнділік, моңғолдық, ағылшындық және түркілік түрлері болатынын білдім. Дүниеде садақты пайдаланбаған халық жоқ болып шықты. Ертеде аңшылық мақсатта қолданған қару уақыт өте келе соғыста қолданылды.

Бұл – қашықтықтан дәл көздейтін сол заманындағы суық қарудың түрі. Садақшылар жорықта алғы шепте тұрып, қарсыластың төбесінен оқ жаудыратын болған. Осыған байланысты садақтың жебесі нағыз ажал оғына теңелгені түрлі аңыздарда келтіріледі. Қарапайым садақты тобылғы, үйеңкі сияқты ағаштан доғаша иіп, екі ұшын қайыспен керіп жасайды. Осы екі аралықты қосып тұрған мықты таспаны қазақ «адырна» деп атаған. Мұндай жолмен жасалған садақтарды «жай садақ» дейді екен. Ал күрделі садақты жасағанда оның сыртына малдың, көбіне жылқының артқы аяғындағы сіңірін тартып, ішкі жағы мүйізбен қапталады. Кейде ортасы мен екі шетіне сүйек бастырма қағылады. Мұны «құрама садақ» деп атады. Садақтың осындай күрделі түрін сақтар, кейін ғұндар мен Орталық Азия халықтары көп қолданды. Садақтың тек сәндік үшін жасалған түрлері де болды. Бірақ оны жаугершілік заманында көп қолданған жоқ. Қазақтар садақты одан әрі жетілдіріп, ерекше деңгейге жеткізді. Осылайша көздеген жерге дөп тигізу үшін жебенің соңына қауырсын қадап, ұшын түрлі қатты металдан, сүйектен жасады. Ауыз әдебиетінде бұл қарудың «қайың садақ», «қарағай садақ», «үйеңкі садақ» деген атаулары кездеседі. Оның «бала садақ» деген де түрі бар. Мұндай садақ ер баланы жаугершілікке, аңшылыққа баулу үшін жасалды.

Моңғолдар әлі күнге баласына 5 жасқа толғанда садақ табыстап, үйрете бастайды екен. Міне, осындай мәліметтерді де оқып танысып шыққан соң иілгіштігі жақсы ағашты таңдап алғашқы садағымды, ұшын үшкірлеп жебелерін жасап шықтым. Содан кейін тәжірибеде сынап көріп барынша жетілдіріп отырдым. Ауданда өтетін Наурыз тойларына, ұлттық ойындар жарысына жиналған жұртшылыққа таныстырып, атып та көрулеріне жағдай жасадым. Мектеп оқушылары, колледж тәрбиеленушілері арасында болып, садақ ату өнерін насихаттауды қолға алдым. Тіпті, республика өзге өңірлерінде болатын жастардың басқосуларына алып барған кездерім болды. Өткен әзірде облыс орталығында болған «Ұлық ұлыс – Алтын орда» халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында ұйымдастырылған Сарайшықтағы этноауыл театрландырылған қойылымында садақшылардың өнерін көріп ерекше әсер алдым. Ат үстінде шауып келе жатып, адырналарын шірене тартып, жебелерін жамбыға дәл тигізген жігіттердің әбжіл қимылдары тәнті етті. Бабаларымыздан қалған осындай садақ ату салтымыз ұмытылмауы тиіс деген ойда қалдым. Мектеп бағдарламасындағы дене шынықтыру пәнін оқыту барысында садақ атуды тәжірибеге енгізсе, Наурыз сияқты ұлттық мерекелерде арнайы бәйге тігіп, мерегендік өнер насихаттала түссе құба-құп.

 

Талғат ЖҰМАЛИЕВ,

қолөнер шебері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521