«Садағаңыз болуға бар туған жер»

(0 Votes)

Биғали Әбдірахманов – Гүлшара Есетова қазақ өнерінің көгінде қатар жанған қос жұлдыз, айдынында қатар жүзген қос аққу.

Сонау өткен ғасырдың 70-ші жылдарында өнердің ордасы Алматыға аттанып, тамаша таланттарымен елге танылды. Бірі «Қазақконцерт» бірлестігінің белді әншісі болса, енді бірі көркемсөз шебері, кәсіби конферансье, ұзақ жыл қазақтың ақмаңдай әншісі Роза Бағланованың концерт жүргізушісі болды. Екеуі де Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері. 2007 жылы аудандық мәдениет үйінде туған жердің талантты түлектерінің үлкен шығармашылық шарасы өтіп, құрмет көрсетілгені есімізде. Алайда, қаумалаған өнерсүйер жерлестерін думанға бөлеген кеш Биғали ағаның аққу әнінің ақырғы шырқалуы, туған жерімен қоштасуы екен. Тура сегіз ай өткенде Алматыдан қаралы хабары жеткен болатын. Содан бері сыңарынан айырылған Гүлшара Есетқызы ауылына арнайылап келмей кеткен-ді, енді, міне он екі жыл өткенде белгілі өнер иесі туған жерде елдестерімен емен-жарқын кездесті.

img_7183

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, білім беру ісінің үздігі, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың және Алтынсарин медалінің иегері, өнер тарланы, ұстаз Гүлшара Есетованың құрметіне «Әркез талмай еңбек еткен халқы үшін, Гүлшара апа – даламыздың даңқысың» атты тағылымды мәдени шара өткізілді. Жиналған жұртшылық алдымен сахнадағы үлкен экраннан Биғали ағаның мәңгі ұмытылмайтын әуезді әндерін тыңдап, сағыныштың сезіміне бөленді. «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілген көркемсөздің кәсіби маманының «Дара жолы» тамашаланды.

img_7195

Елге қош келдіңіз айтып, алғы сөзін ақ тілектермен өрген аудан әкімі Қайрат Нұртаев аудандық мәслихаттың шешімімен Гүлшара Есетоваға «Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілгендігін жариялап, марапат иесіне алтын әріпті лентасы мен өңірлік төсбелгісін табыстады. Қазақы қонақжайлылықпен оқалы камзол мен ақ орамалын сыйға тартты.

img_7203

Туған үйіне төркіндеп келген қыздай еркінси сөйлеген Гүлшара апамыз біраз естеліктердің, әңгімелердің басын қайырды.

img_7215

img_7138

– Бірді-екілі әнімен ғана танылғандардың немесе сахнаның сыртынан сығалап жүргендердің оңай қол жеткізген атақ-марапаттары маған 43 жылдан соң бұйырды. Талай тер төгілді, өнерді, әнді ерекше қадірлеп, құдіреттей көретін Роза апамыздың талғамынан шығу қаншама ізденісіті, қаншама еңбекті қажет етеді. Сол жолда абырой биігінен көрінгенімді өзіме үлкен мәртебе санаймын. Зейнеткерлікке шықсам да шәкірттерімді сөз өнеріне баулып келемін. Еліміздің еңбегі сіңген қайраткері атандым. Сіздер берген мына құрметті атақтың да мен үшін орыны бөлек, бұл сіздердің және де менің Биғалиыма көрсетілген құрмет деп білемін. Мені осындай биіктерге жетелеген сол асыл арысым ғой. Елдің үлкен-кішісіне басымды иіп, шынайы жүрегіммен мың сан рахмет айтамын, - деген ол бүгінгі шараны өте жақсы өткізген ауданға, облысқа танымал конферансье Болат Бидоллаевқа, мәнерлеп сөйлеу шеберлігін енді ғана бастап жүрген Гүлбақыт Ермұратоваға «өнердегі жолдарыңа гүл бітсін» деген ақ батасын берді.

i

i

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT