Сағыныш екен сол бір кез

(0 Votes)

Тоқсан жылдық тарихы бар аудандық газетке өздерінің балаң жырларын, мақала-хабарларын жолдап, шығармашылық жолдарының тұсауын кестіргендер көп-ақ.

Бүкіл саналы ғұмырын ақпарат саласына арнап журналистикадан жазушы, өлкетанушы деңгейіне көтерілген Өтепберген Әлімгереев ағамыз да жастық шағында хабар-тебер жазумен қатар, өлеңмен әуестенгендердің бірі. Оның «Ленин жолында» жарияланған «Көрші ауыл» деген өлеңінің сұлбасы санамда сақталыпты. Студент күндерінде жазғандарын жібермей оқитынмын.

Азғыр жақтан, Сүйіндіктен Болат Үмбетов, Фатихолла Маштахов, Заря Жұманова, Нұрым Ерғалиевтер қалам құрғатпай жазатын еді Болат ағамыз өлең өрнектеген, өнер иектегеннің бірі еді. Оның да балауса жырлары осында басылды. Ауылының жаңалықтарын жарыса жазып, еңбек адамдары жайлы қалам тербеген шағын суреттемелері, сырлы өлеңдері газет архивін ақтарса оп-оңай тауып алуға болар. Ағамыздың бала кезіндегі арман ұшқыны үлкен журналистикаға алып келді. Біраз жыл киелі Маңғыстау жеріндегі мерзімдік басылымдарда еңбек етті.

ҚазМҰУ-де оқып жүргенінде Фатихолла аудандық газетке өндірістік тәжірибеден өтуге келіп, редакцияның бір мүшесіндей болып, біраз тұшымды дүниелерімен айшықты қолтаңбасын қалдырды. Ұзақ жыл Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы қызметін атқарды.

«Ленин жолы» газеті жас талапкер Заря Жұмановаға да сәт сапар тілеп, бір топ өлеңдерін фотосымен басқаны есімде. Жетпісінші жылдардың аяғында студент Заряның «Неге, неге келмей кеттің аяулым, түсті ме әлде көңіліңе қаяу-мұң?» деп басталатын шағын өлеңі жарияланды. Астында өзге есім-текпен «Сазды әуен тербеп біртіндеп, биледік үнсіз ақырын, Жүрегің тұрды үлпілдеп, жетпеді білем батылың?..» деген сезімге құралған өлең тұрды. Газеттің кезекті нөмірлерінің бірінде «Көп болды «жиендіктен» айырылғалы» атты шағын сын мақала жарияланды. Оқысақ, жоғарыда айтылған өлеңдердің екеуі де Зарянікі болып шықты. Алматыда бір пәтер жалдап жататын жерлес қыз «жиендік жасап» оның өлеңін аудандық газетке жолдап жіберген ғой, ал редакциядағылар жақсы дүниені қуана қош көріп баспа бетіне берген. Осындай қызық та болған кезінде.

Нұрымның шығармашылығымен таныстығым редакцияның хат қоржынына түскен өлеңдерге шолуды оқығанда басталды.

«Мен жазбаймын өлеңді,

Шықсын деп даңқым, жақсы атым.

Жанымдай сүйген өнерді,

Халқыма сыйлау мақсатым» - деген талпынысын газеттегілер де, оқырмандар да жақсы қабылдап, оның өлеңдерін ерекше ықыласпен күтіп отыратын. Бүгінде бірнеше жыр жинақтардың авторы атанып, ойлы жырларын әлі де халқына сыйлап келеді.

1980 жылдардың басында Құрманғазы кеңшарының көмекші шопаны Жұмабай Молдағалиевтің сатиралық өлеңдері жиі шығатын. «Қойдың назы – қойшыға», «Менің бір көршім бар, аты оның Қалан-ды, Аптасына сан рет, аралап шығады қалаңды...» деп келетін шымшыма өлеңдері шынымен де ой саларлықтай еді. Көрінбей кетті, аға буын жазғыштар болып жинала қалсақ Жұмабайды жоқтап қоямыз кейде. Нұржаулық Ғаллам Дәнкеновтің сын-сықақтары да жиі жарияланатын-ды. Газеттің қазіргі ұстанымына сай келмей ме, «Серперден» анда-санда жылт етеді, денсаулығы болмай жүрсе де қаламын тастамағаны ғой шамасы.

Әзіл-оспақтың, сын-сықақтың нағыз сардары Елубай Наурызәлиев еді ғой, шіркін. Өлеңмен де, қара сөзбен де сабалап, соятын сатираларын шын сағынады екенсің. Көрінбей кеткен бір бейне осы Елубай, кездесе қалсаң қалың шыны көзәйнегін сүрткілеп жіберіп, сықақ өлеңдерін бірінен соң бірін судырата жөнелетін-ді сабазың, қайда жүр екен?!

Есмұхан ЖАНИЗИН,

Қошалақ ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521