Сәуірде Құрманғазыда 134 адам коронавирус жұқтырды

(0 Votes)

Әзірге вирусты ауыздықтаудың жалғыз жолы – оған қарсы екпе салдыру.

Өкінішке қарай, халық арасында вакцина зиян деген тұрғыда алып-қашпа әңгімелер, жалған ақпараттар әлі де тыйылар емес. Осыған орай, екпеге қатысты  қоғамда сұрақ көп. Аудандық емхананың дәрігері Галина Чаплыгина вакциналау туралы, оның пайдасы мен егу алгоритмі жайында айтады.

-Коронавирустық инфекция өте жұқпалы. Соңғы кезде бір отбасы мүшелерінің түгел ауыру жағдайы көптеп тіркелуде.  Сол себепті, бұл дертке қарсы міндетті түрде вакцина салдыру керек. Екпе салдыру қауіпсіз. Кез келген лицензияланған екпе сынақтың бірнеше сатысынан лицензиялаудан өткізіліп барып пайдалануға жарамды деп танылады. Вакцина 2 кезеңде егіледі. Себебі, бұл иммунитетті қалыптастырудың міндетті шарты болып табылады. Екінші екпе біріншісінен кейін 21 күннен соң салынады.

Екпе салар алдында медицина қызметкерлері егілетін адамдарды міндетті түрде тексереді. Яғни, жалпы жағдайы қаралады, артериалдық қысым, дене қызуы және сатурация өлшенеді. Қарсы көрсетілімдерді анықтау үшін екпе алатын адамдармен сауалнама жүргізіледі. Егу алдында әрбір егілушіге коронавирусқа қарсы екпе туралы, оның ішінде мүмкін болатын реакциялар егуден бас тарту салдары туралы ақпарат беріледі. Медициналық қарсы көрсетілімдер болған жағдайда екпе сауыққаннан кейін ғана салынады. Екпеден кейін де жалпы санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды ескеру керек. Вакцина алғаннан кейін 3 күн ішінде инъекцияның орнын суламау қажет. Физикалық жағынан өзіңізге шамадан тыс күш түсіруге, ауыр жұмыс істеуге болмайды. Вирусқа қарсы толық иммунитет екпе алғаннан кейін 56 күнде қалыптасады. Коронавирустық инфекцияның кез келген түрімен ауырып жазылған адамдарға екпені сауыққаннан кейін 6 айдан кейін егу ұсынылады. Вакциналаудан кейін қабылданған иммунитет кем дегенде 1 жылға, ал КВИ-ден қалпына келгеннен кейін антиденелер орта есеппен 6 айға созылады. Осылайша, вакциналаудан кейін денені КВИ-ден қорғайтын антиденелер ұзаққа сақталады. Сондықтан, екпе адам алған науқастанған жағдайда ауруды жеңіл өткізетіні анық - дейді

Күні бүгінге дейін 1000-ға жуық адам екпе алса, тағы да 700 вакцина дайын тұр.

Айта кетейік, былтыр ауданда 298 адамнан коронавирус індеті анықталса, биылғы төрт айда бұл көрсеткіш 321-ге жетіп отыр. Талдап қарағанда, қаңтарда ол 114 болса, ақпан мен наурызда 29-44-ке тұрақтаған, ал сәуірде 134-ке жетіп отыр. Мұның өзі аудандағы эпидахуалдың күрделіленіп бара жатқанын көрсетеді. Сондықтан, вакцинациялауды тезірек өткеріп, ұжымдық иммунитет қалыптастыра білсек, онда қалыпты өмірге ораламыз деген үміт басым.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521