Роза Бағыланованы баянмен сүйемелдеді

(0 Votes)

БұрынғыТеңіз ауданы, кезіндегі Киров кеңшарына қарасты «Орта қыр» телімінде Есмұханов Магеллан деген ағамыз 1942 жылдың 23 ақпанында дүниеге келген.

Зормата ауылдық кеңесіне қарасты И.В.Сталин атындағы орта мектепті бітірген. Әкесі Әмин деген атамыз ауыл шаруашылығы саласында абыройлы еңбек еткенін ел біледі. 1962-64 жылдар аралығында Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын Калининград қаласында өтеген. Жастайынан өнерге жақын,бейнесі де өте көрікті азамат болып қалыптасты. Баян, мандолин аспаптарын кәсіби маман болмағанымен өте жоғары деңгейде меңгерген. Маман тапшылығы кезінде ауылдық клубта, ұзақ жылдар аудандық мәдениет үйінде ән айтатын өнерпаздарды баянмен қостап жүргенін ел-жұрт біледі.

1970 жылы Теңіз ауданына «Қазақ КССР Халық артисі» Роза Бағланова концерт қоюға келеді. Баянда ойнайтын музыканты белгілі бір себеппен қатыспай қалып, Роза Тәжібайқызының концертін Магеллан ағамыз баянмен қостап, ән айтуына жағдай жасағанын үлкендер жағы жыр етіп айтып отырушы еді. Құдай берген талантқа не дауа, әлемге танымал апамыз ағамыздың өнеріне риза болғанын ықыластана білдіріп кеткен. Сурет салатын өнері де басым болған. Киров халық театрының декорацияларын жасау, кеңшардағы суретке байланысты іс шаралардың бәрі сол кезде осы ағамыздың қолынан шыққанын маңайдың бәрі біледі. Оның үстіне тамаша фотосуретші еді.

1964 жылы Киров кеңшары құрылғанда шаруашылыққа алғашқы автоклуб келді. Сол автоклубтың жүргізушісі де, меңгерушісі де бесаспап өнерпаз Магеллан аға едіғой, шіркін!

«Бала күнімізде, қазіргі «Саку мәйіті» деп аталатын төбеде мерекелерде кеңшардың фермалары арасында атшабыс болушы еді. Әр ферма бөлек-бөлек киіз үйлер тігіп, қазан-ошақтары көтерілетін еді. Сауда жасайтын автолавкалар қаз-қатар тізіліп тұратын. Бізге қызығы, автоклубтың қалпақ радиосынан түрлі күйлер тартылып, тамашаәндер айтылатыны. Атшабыстың қашан болатыны, түйе жарыс, тоғыз құмалақ, қыз қуу ойындары, осы қалпақ радио арқылы Магеллан ағаның сөз шеберлігімен халыққа сан қайтара хабарланып жататын. Ағамыздың кәсіби білімі болмаса да, бес қатарлы клавиатурасы бар баянда құйқылжыта ойнайтын, талантты, білуге, үйренуге құштарлығы ересен, өте өнерлі азамат едіғой, несін айтасың.

Киров кеңшарының клубында ауылдың өнерлі жастарының домбыра оркестрін ұйымдастырды. Ол өнерпаздардың саны 35 – ке жетті. Оркестрдің бас дирежері Науқан Қалиев, көркемдік жетекшісі осы Есмұханов Магеллан аға болды. Оркестрдің құрамында баян аспабында Есмұханов Магеллан, Шайхислямов Бекей, Төлеуішов Сағындық, Сағындықов Каким, Қалиев Өтежан ойнады. Бас домбырада Қалиев Бердіхан, Суфалдияров Лұқпан, мандолин-примада Бурханов Саламат, Аққалиев Махамбет, Ғазимов Елтай, ал домбырада: Сәрсенғалиев Садих, Қалиев Ғатау, Рысқалиев Сайып, Сариев Отарбай, Сариев Асылбек, Сабырғалиев Социал, Жұбаниязов Саясат, Елеуов Ақонғали, Сәрсенғалиева Жұпар, Алпысова Фатиха, Шынғалиева Миллят, Нухова Қалима, Сағаденова Рауиля, Әбілхайырова Дариға, Ғайнешов Қадір, Мусағалиев Имантай, Құбашов Қиыс, Тілегенов Шаку, Шамшиденов Әтембек, Ихсанов Амангелді, Суфальдияров Лұқпан, Қалиев Ғаділхан, Құзайыров Ғалымжан, Құбаев Медет, Әлісмахов Александр, Ғайнешов Талапеден, Қалиев Өтежан, Құбашов Әділжан белсенділік көрсетіп, Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, Дәулеткерей Соқыр Есжан күйлерін шеберлікпен орындап, халыққа күй өнерін паш ете білді. Ол кездерде драмалық шығармаларға оқиға желісіне қарай күйлер таңдалып, сахнаның ашылып жабылуы күй желісімен өрнектеліп отырса, осы аталған өнерпаздардың еңбектері зор екенін мақтанышпен айта аламын. Бұл есімдері аталған қарапайым еңбеккерлер ауыл өнерінің дамуына, жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беруге зор үлесін қосқан адамдар. Қазірде көбісі дерлік бұл өмірде жоқ болсада, осы адамдардың өмірге, өнерге деген құлшыныстарының ерекше екендігін атап айту, солардың көзін көрген, өнерлерін жалғаған біз сияқты балаларының адамгершілік борышы деп есептеймін.

Қалиев Науқан аға мен Есмұханов Магеллан ағалар дайындаған өнерпаздардың ішінде кәсіби музыкант болғандар: Супалдияров Лұқпан, Құттымұратов Пахаман, Жолаев Мәлік, Құбаев Медет, Сағындықов Каким, Әлісмахов Александр, Шамшиденов Атамбек, Қуанышпаева Зауреш, Қалиев Өтежан, Құбашов Әділжан т.б деп бұл тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады.

Өнерімен көзге түскен Магеллан ағамыз өмірінің соңғы жылдарында аудандық Мәдениет үйінде атағы шыққан музыкант болып қызмет атқарды. Ауылымыздың, ауданымыздың мәдениеті өркендетуге бір кісідей үлесін қосты. Туған жердің дарынды түлегі көзтасада қалмаса екен. Аудан өнерпаздарының бір тобы Кеңестік жүйе кезінде Бүкілодақтық байқаудың лауреаты атанып, кеуделеріне алтын төсбелгі іліп қайтса, оның ішінде бесаспап өнер иесі, музыкант Магеллан Есмұханов та бар болатын. Жұбайы Рая, ұлы Ғабит, қызы Ғалия отбасыларымен Атырауда тұрып жатыр.

Өміржан Саясатұлы,

Таңатар Дәрелұлы

COVID 19

covid

Соңғы жаңалықтар

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян жаңалығы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21