Құрманғазыда тығылып той жасайтындар тыйылмай тұр

(0 Votes)

Еліміздің мамыражай тірлігіне іріткі салған тәж вирусы адамдарды күнделікті қалыпты тіршілігінен алыстатты.

Көптеген карантиндік шектеулер қабылданды. Соның ішінде той-жиындарды тоқтата тұру мәселесі де бар. Алайда, адамдар қажет кезінде айла-амалынтауып, карантиндік талапқа бағынғылары келмей, тәртіпті белшесінен басуда. Осыған орай, бүгінде жер-жерде тығылып той жасап жатқандардың қарасы тыйылар емес.

Бүгінгі таңда аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы күшейтілген режимде қызмет жасауларын жалғастыруда. Яғни күндізгі және түнгі рейдтік жұмыстарды жүргізіп, адам көп жиналатын бас қосулар, той-жиындар, іс-шараларды өткізуге тыйым салып, қауіпсіздік шараларын қадағалауда. Десек те, отбасылық іс-шаралар өткізуге тыйым салынғанына қарамастан кейбір аудан тұрғындары өз аулаларында киіз үй тігіп, елді жинап ұлының үйлену немесе қызының ұзату тойларын жасап, қуаныштарын бөлісуде.

Демалыс күндері құзырлы органдармен бірлесіп жүргізілген рейд кезінде 30-50 шақты адамды жинап қыз ұзату, туған күн жасау және отбасылық жиын өткізгендерге әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салғандардың куәсі де болдық.

Алайда, қазіргі жағдайдағы қатаң тәртіпке бағынбай, той жасаған адамдарға сексен мың теңге көлеміндегі айыппұл соншалықты ауыр болмауы да мүмкін. Бірақ, туыстар мен дос-жарандар жиналған басқосуда қол алыспай, құшақ жайылмай тұрмайтынын ескерсек, бір адамға абайсызда жармасқан ауру өзгелердің денсаулығына да қауіп төндіруі әбден мүмкін.

Бүгінде карантин талабын елемей, ауада таралған вирусты жұқтырып, өкпесі қабынып, талай адам бақилық болып жатқан заманда қуаныштың соңын қайғыға ұластырудың не қажеті бар?! Елдің басына түскен қиын сәтте газет беттері мен әлеуметтік желілер қаралы хабарға толып кеткені баршамызға белгілі.

Қарап отырсақ, қиындық пен қайғының көбеюіне өзіміз себепкер екендігімізді толық түсінетін кез жетті. Егер әр адамсанитарлық талапқа бағынып, сақтық шараларын қатаң сақтаса, аталмыш індеттің беті қайтып, қауіп сейілер еді.

Тәртіп бұзғандар айыппұлмен құтылып кететіні анық. Алайда, өмірден өткен адамдарды қайтару мүмкін емес. Сондықтан, жақынымызға. айналамызға жанашырлық танытайық!

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521