Қазір коронавирус жұқпалы індеті әлем елдеріне түгелге жуық таралып, мемлекеттер онымен күрес шараларына белсене кірісіп кетті.
Барлығының да жалғыз мақсаты өз азаматтарының өмірі мен денсаулығын сақтау. Бұл індеттің басқаларынан ерекшелігі тез таралатынында. Бүгінде ғаламшарымыз бойынша оған шалдыққандар саны бірнеше миллионнан асып жығылса, емделіп шыққандар жүздеген, қаза тапқандар ондаған мыңмен өлшенуде. Қазақстан Республикасы дер кезінде сақтық шараларын қолданғанының нәтижесінде қауіпті дерттің белең алуының жолы кесілді. Елімізде 16 наурызда төтенше жағдай жарияланып, кейін ол 11 мамырға дейін ұзартылды.
Індеттен сақтанудың жалғыз жолы ол адамдардың топталып жүруін болдырмау. Сол себепті барлық мемлекеттердегідей бізде де халықтың жүріс-тұрысына шектеу қойылып, карантин режімі енгізілді. Аудан көлемінде адамдар көп жиналатын жерлер, ірі базарлар, мейрамханалар, тойханалар, ойын-сауық орындары жабылды, халыққа қызмет көрсету мекемелері жұмыстың онлайн түріне көшті. Жұмыс жасап тұрған азық-түлік дүкендерінде сақтық шаралары алынды. Мектептер де қашықтықтан оқытуды бастады. Мұның бәрі жергілікті билік, сот, прокуратура, құқық қорғау органдары тарапынан үнемі бақылауда ұсталды. Себебі, Құрманғазы ауданы Ресеймен шекаралас жатқан, облыстағы 19 ауылдық округі, 49 елді мекені бар үлкен өңір. Шекара арқылы күніне ондаған автокөлік өтеді. Төтенше жағдай тоқтатылғаннан кейін мейрамханалар мен тойханалардан, ойын-сауық орындарынан басқасы сақтық шараларын қолданып, бұрынғыша жұмыс жасауда. Бізде де кейбір қызметкерлеріміз төтенше жағдай кезінде қашықтықтан жұмыс жасауға көшті. Қазір бәрі өз орындарында. Алайда, сот отырыстары талапқа сай онлайн түрде өтуде.
Айта кетер жайт, аудан көлемінде төтенше жағдай талаптарын орындамау фактілері орын алды. Кейбір тұрғындар індет таралуы мүмкіндігін біле тұра қауіпсіздік шараларын сақтамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Аудандық сотқа төтенше жағдайлар кезінде қолданылатын Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476 бабының 6 тармағы бойынша 92 әкімшілік іс түсіп, 92 іс қаралды. Оның 13-і әйел, 79-ы ер азаматтарға қатысты. Қаралған істердің 10-ы қысқартылып,30-ында ескерту беріліп, 25-інде айыппұл салынып, 27 адам қамауға алынды.
Қазіргідей уақытта сотты онлайн өткізу өзінің тиімділігін дәлелдеді. Біріншіден бұл аудан тұрғындарын әрлі-берлі жүргізбейді. Ғаламтор желісі арқылы ұялы телефонымен, ірі қалалар видеоконференциялар арқылы байланысқа шығуда. Десек те, халықтың арасында: «Неге сотты ашпайды? Сотқа неге келмейміз?», деген сұрақтар туындауда. Фейсбук әлеуметтік желісінде де кейбір адамдар: «Соттар ашылсын және сот процестері жүзбе-жүз, бетпе-бет өткізілсін!» деген талап қоюда. Оған қазір індет өршіп тұрғанда мүмкіндік жоқ. Екіншіден карантин талабы соттарға да қатысты. Себебі, келушілер санитарлық-эпидемиологиялық норма талаптарын қатаң сақтағанда да ол індеттің таралмауына кепілдік бермейді. Мысалы, сот процестерін тараптардың тікелей қатысуымен өткізген жағдайда оған ауру ошақтарында болғандар да келеді. Олар өзінің індет жұқтырғанын білмеуі де мүмкін. Мұндай жағдайда дерт қатысушыларға да, судьяларға да жұғады. Ал, бұл өз кезегінде соттың жабылуына әкеп соғады. Бір соттың ісін басқа соттың қарауына беру немесе басқаша айтқанда, соттылықты өзгерту – заңды бұзумен тең. Бұл жағдай ел Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 3 тармақшасында көзделген. Дүкен жабылып қалса, қажетті азық-түлікті супермаркеттен немесе басқа сауда орынынан аласыз. Ал, сот жабылып қалса істі басқасына беру заңға қарама-қайшы келеді. Әрі бұл қаралатын істердің созылып кетуіне соқтырады. Біз үшін де, халық үшін де тиімсіз. Сол себепті біз Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің талаптарын орындап отырмыз. Азаматтарымыздан оған түсіністікпен қарауды сұраймыз.
Қазақ «Мың өліп, мың тірілген», қандай ауыр сынақтарды басынан өткізсе де бірлігінің арқасында жойылып кетпей аман қалған ұлт. Түннен кейін таң ататыны сияқты бұл қиындықтардан да аман шығамыз. Өмір қалыпты жағдайға түседі. Ең бастысы «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», оны бірге еңсерейік. Ол күнге тезірек жету заманымыз бізге қойып отырған талаптарды сақтай білуімізге байланысты.
Ерболат Аманғалиев,
Құрманғазы аудандық сотының төрағасы