Құрманғазыда лотостың гүлдену маусымы басталды

(0 Votes)

Құрманғазы ауданы, Қиғаш-Шора өзенінде лотостың гүлдену маусымы басталды.  Ол шілде айының ортасынан тамыздың соңғы аптасына дейін жалғасады.  Аумағы 5 мың гектарды қамтитын лотос алқабын көру үшін күніне  50-ге жуық турист келеді, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Екатерина Хабибуллина - жүздеген шақырымды артқа тастап, Мәскеуден арнайы келген туристердің бірі. Ол лотос алқабына алғаш рет табан тіреген.

- Көптен бері осындай сұлулықты көргім келіп жүрген. Тамаша, өте керемет әсер алдым. Бұл жерден тек лотосты ғана емес, аққу, аққұтан сынды құстарды да көре аласыз,-деді турист.

Құрманғазы ауданы елімізде лотос өсетін жалғыз аймақ. Бұл алқапқа келушілерге арнайы нұсқаулық көмек көрсететін кәсіпкерлік нысандар бар.

- Бүгінде түрлі туристік компаниялармен келіссөз жүргізудеміз. Оның негізінде бізге келген туристерді қайықпен лотос алқабына апарып-әкелеміз. Осында орналасып, жатар-жайы мен уақытылы тамағы беріледі.  Біздің басты мақсатымыз – техникалық қауіпсіздікті қатаң сақтау,-деді «West Motors service»  ЖШС-ның өкілі Жәнібек Актананов.

Құрманғазы аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің  басшысы Нұрлыбек Төлеповтың айтуынша, туристер қатары жыл сайын артуда. Сондықтан Қиғаш бойындағы лотос гүлінің алқабы – қорғау мен күтіп-баптау жұмыстарын қажет етеді.

- Лотос алқабы табиғат жағынан қорғалатын аймақ болғандықтан «Қызыл кітапқа» енген. Келген туристер табиғатты бағаламайды, олардың арасында гүлді сындырып, жұлу фактілері кездесті. Соған сәйкес, арнайы құзырлы орган тараптарынан бақылау болса екен дейміз,-деді Құрманғазы аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің  басшысы Нұрлыбек Төлепов.

Нұрлыбек Төлеповтың айтуынша, бүгінде Қиғаш бойында 4 жеке кәсіпкерлік нысан бар. Одан бөлек  2022 жылдың аяғына дейін екі туристік базасының құрылысы аяқталады.  Ал  ішкі туризмді дамыту мақсатында мемлекет тарапынан 7 кәсіпкерге жер телімі берілген. Олар өз нысандарын үш жыл ішінде пайдалануға тапсырулары тиіс. Содан кейін туристерге толыққанды қызмет көрсету аясы кеңейеді деп күтілуде.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521