Құрманғазыда 4 миллионнан астам балық шабағы құтқарылды

(0 Votes)

«Балық – шабақтан өседі» десек, майда өскіндердің өсіп-жетілуіне қолайлы жағдай туғызу, сол арқылы қоршаған ортаны қорғау, табиғи тепе-теңдікті сақтау - әрбір саналы адамның парызы болуы тиіс.

Бұл орайда ауданымызда сонау кеңестік заманнан шабақ құтқару шаралары жүйелі жүргізіліп келеді.  Өңірдегі табиғат қорын пайдаланушылар жаз айларында арнайы бригада құрып, осы бағыттағы жұмыстармен айналысады. Бұл ретте, Атырау облысы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған балықтың қырылу қаупін алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары негізінде аудан әкімдігі балық инспекциясы бөлімімен бірлесіп жергілікті жерлердегі қауіпті аймақтарды анықтап, округ әкімдіктеріне, табиғат пайдаланушыларға бөлініп берілді. Аудан бойынша осындай аса қауіпті деген 125 өзекшелер, көлшіктер, жыра-сайлар тізімге алынды.

Көктемгі өр суы тасыған кезде біздің жерді мекендейтін балық түрлері уылдырық шашу үшін жайылмаларға шығады. Ондай табиғи уылдырық шашуға ыңғайлы келетін жерлер Қиғаш өзеніне жақын маңдар мен сай-саласы, өзен-көлшігі көп шоғырланған Еңбекші, Нұржау, Мақаш, Киров, Дыңғызыл, Теңіз округтерінде бар. Су қайтқанда осы аймақта қалып қойған шабақтар мен майда балықтарды құтқару жұмыстарына «Каспий-Балық», «Каспий таңы» өндірістік кооперативтері, «Амангелді», «LTD ШәмішСүлейменов», «Тілекші» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Сәрсенбаев» шаруа қожалығыарнайы бригада шығарып, қажетті автокөлік, жүзу, сүзу құралдарымен жабдықтап, өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарады. Бұл туралы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Сақтапберген Ертілеуов айтып өтті.

- Балықтың көктем-жаз айларында жаппай қырылуын болдырмау мақсатында Жайық–Каспий облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының Құрманғазы балық инспекциясыауданның үстімен өтіп жатқан халықаралық тас жолының көпір құрылыстары кезінде уақытша төгілген құм-саз бөгеттерді алдырту бойынша жатпай-тұрмай жұмыстанды. Соның арқасында бұрындары балықтардың кептелісі орын алып, экологиялық аса қауіпті жағдай туындайтын жайттар бұл жолы байқалмады. Сондай-ақ, балық инспекциясының мамандары маусым-шілде айларында балықшы еңбек ұжымдары атқарған шабақ құтқару бригадаларының жұмысына бағыт-бағдар беріп отырды. Бригадалардың күшімен кесіліп қалған көлшіктерді арнаға қосу үшіншілде-маусым айларында 955 текше метр сай-жыры қазылып, 3274 шаршы метр өзектердің шөбі шабылды. Ұсақ балықтар тар көзді торлармен сүзіліп, су толтырылған бөшкелерге салынып қауіпсіз арнаға жіберілді. Осындай жансебіл жұмыстардың нәтижесінде 4635065 дана балық шабағы құтқарылып, балық-байлығымыздың қорын толықтырды. Шабақ құтқару бригадаларымен аталған жұмыстар әлі де қарқынды жүргізілуде. Бұл жігіттердің тірлігін оңай деуге келмейді. Шілденің шіліңгір ыстығында маса-сонаға таланып, шіріген шалшық суды тізеден кешіп ұзақты күн жүреді, - дейді сала маманы ертеңдері ақ сазан, сары жайын болып ау қоржынына ілігетін бүгінгі майда шабақтарды құтқарып жүргендердің ісіне разы болып.

Аудандағы балық аулайтын шаруашылықтардың балық, шабақ құтқару бригадалары жылдың қай мезгілінде де өз қызметтеріне дайын тұрады. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде мына бір оқиғаны келтіруге болады. Тамыз айының басында Сурхан өзегіндегі судың тұйықталуы салдарынан көгеріп, иістенуі салдарынан балыққа оттегі жетіспей қырылу қаупі туындағаны жөнінде дабыл түсті. Шұғыл арада аудан әкімдігі Жайық–Каспий облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы, Атырау облысы бойынша балық шаруашылығы қауымдастығы мамандарымен, «Балық шаруашылығы ғылыми орталығы», прокуратура, экология департаменті, санитарлық-эпидемиологиялық станса қызметкерлерімен бірлесіп апатты жағдайдың алдын алудың шараларын іздестірді. Қазіргі уақытта төрт табиғат пайдаланушы - «Каспий таңы», «Каспий Балық» ӨК, «LTD Шәміш Сүлейменов» ЖШС және «Сәрсенбаев» шаруа қожалығы өзектегі тірі балықтарды аулап, таза айдындарға шығарумен, өлілерін жою жұмыстарымен айналысу үстінде. Осылай бірлескен іс-қимылдардың арқасында эколгиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары алынды.

Айбек МЕЙІРМАН

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT