Өркениет игілігі қыр бойына да жетті

(0 Votes)

Елдің рухын серпілтіп, еңсесін көтерген, елдігіміздің ерен үлгісін әлемге паш еткен – Қазақстан Тәулесіздігіне 30 жыл. Осы жылдар ішінде ауданымыздың Азғыр даласындағы ауылдар жұртшылығы да даму мен өркениетке қол созып келеді.

Тәуелсіздік жылдары қайта түлеген ауылдың бүгінгі әлеуметтік жағдайын әңгімелемекпіз. «Аман елдің аты шығады» деген дана халқымыз. Бүгінгі күні Тәуелсіздігіміздің топшысы беки түскен кезде тоталитарлық режим қыспағынан аман шыққанымызға шүкіршілік етеміз. Оған дейін қырық жылға жуық Азғыр өңірінің шұрайлы аймағы ядролық сынақтардың алаңына айналды. Оның зардабы да аз болған жоқ. Тек Тәуелсіздіктің іргетасы қаланған тұста ауданның шалғай аумағындағы ел-жұрттың өз қолы өз ауыздарына жете бастаған еді. Тәуелсіздік қарапайым ауыл адамдарына еркін ойлауға ерік шаруасын ықтияттауға ырық берді. Бүгінгі бедерлі белестен көз тастаған кезде қыр даласында елдік пен мемлекеттілікке қол жеткізу жолында атқарылған ілкімді істер аз емес. Көлбеген көлі, өрілген өзені жоқ, шыңыраудан су ішкен ауылдардың кейпіне шолу жасап көрейік. Асан ауылдық әкімдігі құрылғанға дейін бір анықтама қағаз үшін асандықтар Балқұдыққа, үштағандықтар Сүйіндікке қатынайтын еді. Асан мен Үштағанда жаңа типтегі қос қатарлы мектеп бар.

Асандағы мектеп батыр Б.Момышұлының атымен аталса, Үштағандағы мектеп күй атасы Құрманғазы есімін иеленген. Соңғы жылдарда Асанда полиция бөлімшесі, инспекторға баспана салынды. Медициналық мекеменің құрылысы жүруде. Су тазарту қондырғысы мен ауылішілік су құбыры желілерінің құрылысы аяқталуға таяу. Сүйіндік ауылдық округіндегі Қоянды топтық су құбырында 6 ұңғыма бар. Жер асты суының тапшылығына байланысты 2 ұңғыма 2018 жылы істен шыққан. Алыс ауылға сапарында аудан әкімі М.Мурзиев мырза мынаны айтқан еді. «Күнделікті керек нәрсе – ауыз су. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бүкіл еліміздегі ауыз сумен 100 пайыз қамтудан тапсырды. Сүйіндікте ауылішілік су жүйелері тартылғанымен іске қосылмаған. 2017 жылы біткен нысандардың әлі күнге дейін құжаттары дайындалмаған. Соны бітіріп, «Қазсушар» немесе «Атырау су арнасы» мекемесіне береміз. Қояндыдан тағы 6 ұңғыманы іске қосуға республикалық Су ресурстары басқармасына өтінім жібердік. Келесі жылы оған қаражат бөлінеді. Алға қарай Сүйіндікте типтік үлгідегі спорт кешенін салу жоспарымызда бар». Тәуелсіздік тарту еткен жалпы ұзындығы 362 шақырымды құрайтын көгілдір отын жүйесіне Асан, Азғыр, Сүйіндік ауылдық округтеріне қарасты 9 елді мекен тұрғындары қамтылып, 2019 жылы пайдалануға берілді. Құмды тіліп тартылған газ құбырына жолдағы Қошалақ ауылы да қосылған. Азғыр ауылында 100 орындық мәдениет үйін салу жоспарланып қолға алынды. Өткен жылы Сүйіндікте мектеп жанындағы жатақхана күрделі жөндеуден өтті. Алдыңғы жылдары «Жалғызапанда» жаңадан бастауыш мектеп салынған болатын. Шекара Тәуелсіздігіміздің белгісі десек, Балқұдық шекара заставасы Ресей мен аралықты күзетеді.

Жалғызапан-Басқұншақ шекаралық пункті бар. Қыр өңірінің негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Тәуелсіздік алғалы мал өсіруге шектеу жоқ. Жыл өткен сайын шаруа қожалықтары саны көбеюде. Өткен жылы Үштағаннан 30 шақырымдағы «Қараша» шаруа қожалығындағы жаңашылдықты көзбен көріп, репортаж бергеніміз бар. Өркениет көшіне ілесудің ауылдағы адам үшін қажеттігі баламалы энергия көзі. Күн сәулесі арқылы электр қуатын беретін батарейкаларды әр малшы отырған нүктеден кездестіруге болады. Ұялы байланыс Сүйіндік, Балқұдық, Азғырда бұрыннан бар болатын. Асан мен Үштағанға өткен жылы интернет келді. Шалғай өңірдің тұрғындары үйлеріне «Wi fi» аталатын тетікті орнатып, интернетті еш қиындықсыз пайдаланып отыр. Азғырға жол салу көптен қозғалып келе жатқан өткір мәселенің бірі еді. 2018 жылы қоғам қайраткері, экс Сенат депутаты С.Еңсегенов мәселеге сергек қарап, республикалық комиссия құрғызып, сапарлап келгені бар. Тағы да аудан әкімі М.Мурзиевтің сөзіне жүгінсек: «Жол қатынасы да қиындық тудыруда. Менің алдымда әкім болған Бибоз Шаяхметов пен Қайрат Нұртаевтың қозғағанының нәтижесінде оны салуға қаржы бөлінуде. Асфальт болмағанымен қатқыл жол Қошалаққа дейін салынады. Ресеймен шекара жабылып, халыққа қиындық туып отырғандықтан Азғыр бойына маршурт шығару да көп айтылуда. Бұл – кәсіпкерлер тарапынан жүзеге асатын нәрсе. Кәсіпкерлер жол жақсармайынша оған тәуекел ете алмай отыр», деген болатын. «7 разъезд-Асан-Балқұдық-Сүйіндік» автомобиль жолы 36-98 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары негізге алынса, оның биылғы қаралған 36 шақырымының жұмысы басталып кетті. Осы жол түгел салынған жағдайда Азғыр өңірі үшін ғана емес, Батыс Қазақстан облысына да тиімділігі зор. Сүйіндік арқылы мұнайлы Астана төріне мал өнімдерінің жеткізілуі жақсара түсер еді. Сайып келгенде, жол, жылу да, жарық та шалғайдағы өңір жұртының игілігі үшін екені сөзсіз.

 

Есмұхан Жанизин,

штаттан тыс тілші

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521