Пандус талапқа сай ма?

(0 Votes)

«Amanat» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Есболат Құбашев, комиссия мүшесі, филиал кеңесшісі Балағазы Иманғалиев, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Әділбек Нажетов, аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы Еркін Махмутов «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында пандус бойынша аудан көлеміндегі нысандарға мониторинг жүргізді.

Айта кетейік, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолайлы жағдай  туғызу үшін пандус барлық мекеме мен сауда орындарында талапқа сай болуға міндетті.

Партиялық бақылау комиссиясы мүшелері мониторингті Еңбекші ауылдық округінің  Жұмекен ауылындағы  Жұмекен спорт кешенінен бастады. Аталған кешенде барлық талапқа сай жасақталған керемет пандус бар екен. Мердігердің өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтыны көрініп тұр. Округ әкімі Жасқайрат Хамзин кешен ішін аралып көруді ұсынды. Кешеннің сырты қандай сәулетті болса, ішіде дәл солай. Қажетті құралдармен  жақсы жабдықталған. Жоба құны 1 млрд 350 мың теңге. Төменде футбол, баскетбол, волейбол залы, қызметкерлер отыратын, спортшылар киім ауыстыратын бөлмелер, душтар, медбике кабинеті, мүгедектерге арналған әжетхана, жоғарғы қабатында бокс залы, күрес залы, бірнеше бөлмелер орналасқан. Бәрінде де қымбат құрал-жабдықтар бар. Облыс әкіміне ұсыныс жасалған соң мердігер демеушілікпен мұнда тирде салған. Округ әкімі Жасқайрат Идаятұлы жұмысты сапалы атқарып, жобада қарастырылмаған құрал-жабдықтарға, кешен алдындағы жазғы футбол алаңының газонына, оның қасындағы спорттық жаттығу құралдары қойылған алаңға өз қаражатымен демеушілік жасаған «Батыс строй сервис» ЖШС-не дән риза. 

Келесі кезекте комиссия мүшелері «087 маркет», «Бекназар» дәріханасында болып пандустарын қарады. Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Есболат Құбашев тарапынан дүкенге алға қарай пандусты кеңейту қажеттігі айтылса, дәріханада оған комиссия мүшелерінің көңілі толды. 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT