Біз өскен өңір ықылым заманнан бері «Таубұйрат» деп аталыпты, ал, оның қашан және кім қойғанын ешкім білмейді. Үлкендердің топшылауынша табиғатпен біте қабысқан бабаларымыз «анау қара төбе, мынау ала төбе, анау жусанды бұйрат, мынау жоталы бұйрат» деп, атамай өңірдің табиғи жаратылысына қарай бәрін бір атауға сиғызып «Таубұйрат» деп атаса керек деседі.
Ал өңірдің жазба деректерде хатталуы ХІХ ғасырдан басталса керек, кешегі Бөкей тұсында (1801ж), әсіресе, Исатай-Махамбет көтерілісі кезінде алғаш рет патша құжаттарында, оның ішінде Геккенің Орынборға жазған рапорттарында Бекетай, Жаманқұм, Жиделі, Тастөбе, Таубұйрат, Мыңтөбе, Шалқар секілді жер аттары аталады.
Осылайша, Бөкей хандығы тұсында Жиделіде, Теректіде, Таубұйратта, Шалқарда, Үштағанда, Толыбайда, Тәжібайда жаңа қоныстар пайда болып, олардың атағы Нарын асып Каспийге жетіп, одан Астрахань мен Орынборға жетеді.
Айталық өңірдің байырғы байлары бұғанай Тәжібай мен алаша Алғазының аттары осы тұста үш округке (Қамыс-Самар, І-ІІ Теңіз округіне-З.Ш.) мәлім болып, олармен Каспий маңы көпестері байланыс орнатуға тырысады.
Осы арада Нарын және І Теңіз округіне старшындық қызмет атқарған Алғазиев Бектілеу мен Таубұйрат болыстығын 25 жыл басқарған Омаров Шапеннің өңір үшін атқарған қызметтері бүгінде тарих сахнасында айтылмай жүрген «ақтаңдақтарымыздың» бірі десе де болады.
Сондай-ақ, кешегі 1916 жылғы патша жарлығына орай қазақтарды соғыстың қара жұмысына алғаны туралы тарихтан білсек те, сол тұста таубұйраттықтардың осы жарлыққа орай майданға аттанғанын біле бермейміз. Ол туралы жергілікті ақын Сисекен Хамиденовтың:
«Алашаның байлары-ай,
Беккәлі мен Қажыбай.
Алғазының ұлдары
Қыстауын салған мен едім.
Сол қорлықпен жүргенде,
16-шы жылында,
Бұйрығымен патшаның,
Айдауға кеткен мен едім» деген, жыр жолдарын ел іші әлі күнге айтып келеді.
Осылайша, Бөкей тұсында Астрахан әскери-губернаторлығына қараған кезде хандық жеті қисымға бөлініп, Таубұйрат болыстығы ІІ-Теңіз округі құрамында басқарылады.
Ал, оның кешегі Кеңес өкіметі тұсында, яғни 1925 жылдың наурызында Орал-Бөкей губерниясы біріктіріліп, жаңа әкімшілік-территориялық бірліктер жасақталған кезде, Таубұйрат болыстығы Азғыр ауданы құрамында Таубұйрат ауылдық кеңесі болып құрылады.
Осыған орай келесі 1926 жылдың ақпанында жергілікті сайлау өткізіліп, Таубұйрат ауылдық кеңесі құрамына Ноғайбай учаскесі тұрғын саны – 711 адам, Манбол учаскесі тұрғын саны- 67 адам, Таубұйрат учаскесі тұрғын саны – 281 адам, Майаларта учаскесі тұрғын саны – 246 адам, Көкдомбай учаскесі тұрғын саны – 163 адам, Арықбай учаскесі тұрғын саны- 299 адам, Жаманбестау учаскесі тұрғын саны – 412 адам, яғни барлығы 2557 адам дауыс беріп (балаларды қоспағанда-З.Ш.) Таубұйрат ауылдық кеңесінің сайлауы өтіп, Таубұйрат ауылдық кеңесі құрылып, оның орталығы Үштаған ауылы болады.
Кейінгі, 1928 жылдары колхоздар құрыла бастағанда Таубұйрат ауылдық кеңесінде үш колхоз құрылып, олар «Сталин» колхозы Ескі Асанда, «Правда» колхозы Нұғыманда, «Интернациональ» колхозы Торғайда орналасады. Осы тұста Азғыр ауданы таратылған кезде Таубұйрат ауылдық кеңесі Жаңақала ауданы құрамында әкімшілік-территориялық бірлігін жалғастыра береді.
Алайда, 1952 жылғы Нарынды 49 жылға әскери зонаға жалға алу кезінде Таубұйрат ауылдық кеңесі таратылып, оның Үштаған қонысы Сүйіндік ауылдық кеңесіне берілсе, Ескі Асан қонысы Жаңа Асанға қоныстанып Азғыр ауылдық кеңесіне беріліп, Гурьев облысының Теңіз ауданы құрамында әкімшілік-территориялық бірлікте қайта құрылады.
Осылайша, кеңестік саясатта ұрпақтар санасында аты жоғалған Таубұйрат атауы елдіктен кетсе де архив деректерінде атауы қалған, бүгіндері ұрпақтары іздер, жабыла жазар бабалар тарихы десек қате айтпағанымыз.
Енді міне тәуелсіздік алған тұста өңір тұтастығы қайта қалыптасып, бабалар жері Асан округі атауында тарихта қайта қауышып жатқан тұста туған өлке тарихын бөлшектемей тұтас жазуда атқарылар алғашқы жұмыстың бірі – Таубұйрат атауын қайтару, деп білемін.
Ендеше, өңір тарихын түгендейміз бабалар атауын қайтарамыз десек, Асан округінің атын «Таубұйрат» деп өзгертсек, бізге кім қой деп отыр. Ешкімде? Ойланатын ойлы сұрақ?!
Зұлқожа Шарафутдинов,
тарихшы-қоғамтанушы,
Халықаралық Махамбет сыйлығының лауреаты
Коллажды дайындаған Қуаныш Зайыров