Орлының жайы осындай...

(0 Votes)

Үш елді мекенді қамтитын Орлы ауылдық округінің 2673 тұрғыны бар.

Тарихына қысқаша көз жүгіртсек, 1962 жылы қазан айында «Жаңа жол», «Еңбекші» мал ұжымшары мен «Красный Каспий», «Октябрь» балық ұжымшары біріктіріліп, «Калинин» кеңшары, аумақтық басқару Калинин селолық кеңесі болып құрылып, орталығы Орлы селосы болды. 1994 жылдан бастап әкімшілік басқару жүйесі өзгеріп, бұрынғы селолық кеңес таратылып, оның орнына селолық округ болып аталды. Ауылға арнайы ат басын тіреп, округ әкімі Асқар Мұфтаховпен жолыққанымызда, бұл жердің жағымды жаңалықтары мен әлі шешімін таппай келе жатқан түйткілді мәселелері бар екеніне көз жеткіздік.

Орлы дәрігерлік амбулаториясы 2018 жылы жаңадан бой көтерген. Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен жаңадан ғимарат салынған кезде қажетті құрал-жабдықтар сатып алу ЖСҚ-ға енгізілмеген. Яғни қаржы қаралмағандықтан жаңа құрал-жабдықтар алынбай, материалдық-техникалық базасы жаңармаған. Бұл келеңсіздік жыл сайын көтеріліп, облысқа сұраныс жіберілсе де, әлі күнге оң нәтиже байқалмады. Сондай-ақ, округтен 13, аудан орталығынан 8 шақырым жерде орналасқан 493 тұрғыны бар Алтыншы, Каспий елді мекеніне медициналық пункт салу керектігі де - көптен қозғалып келе жатқан тақырып.

1970 жылы салынып, 2016 жылы жөндеу жұмысы жүргізілген «Балдырған» бөбекжай балабақшасында 33 бүлдіршін тәрбиеленуде, кезекте 85 балдырған тұр. Ғимарат орынжай бойынша нормативке мүлдем сәйкес келмегендіктен сұранысты толықтай өтей алмауда. Округтегі бөбектер санының көбеюіне байланысты алдағы уақытта заман талабына сәйкес жаңа 120 орындық балабақша салуды қажет етеді.

orly3

1978 жылы іргетасы қаланған Н.Манаев жалпы орта мектебінде 348 оқушы білім алады. Мектептің күрделі жөндеу жұмыстары 2018 жылы басталып, күні-бүгінге дейін әлі де толық аяқталмаған. Ал, 1985 жылы тұрғызылып, 2013 жылы жөндеуден өткен Өнерпаз ауылдық мәдениет үйінде 13 қызметкер еңбек етеді. Аталған өнер ұжымының жұмысын одан әрі дамытып, кең көлемдегі сахналық көріністер қою үшін мәдениет үйінде қосымша 7 штат пен мәдениет үйі жанындағы Орлы халық театрына 5 штат бірліктерін беруді облыстық тиісті басқарма арқылы шешу мәселесі күн тәртібінен түскен емес.

orly1

Орлы ауылдық округ әкімі аппаратының ғимараты 1983 жылы типтік жобада салынған. 2004 жылы жай жөндеу шатырына ғана жүргізілген орынның сиқы шынында да сұрықсыз. Жасақталған ақаулы тізімдеме мен сметалық есепке сәйкес, 4,2 млн тг ЖСҚ жасау үшін қажет. Салынғанына 40 жылға жуық уақыт өтсе де, әлі бір де бір жөндеу жұмысын көрмеген Дәулеткерей атындағы балалар музыка мектебінде 25 оқушы өнерге баулынуда. Әбден тозығы жеткен нысанға толық күрделі жөндеу жүргізу және қосымша музыкалық аспаптар мен шаруашылық мүккәмалар алу сұранысқа енгізілген.

Округтегі ауыз су жүйесін тазалайтын мембранды технологиялық кешен 2012 жылы мүлдем істен шыққан, жағадағы қалқыма су станциясы толықтай тозған. Сондай-ақ, Алтыншы су тазарту имараты сенімгерлікпен басқаруға алған мекеме үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Себебі, барлық абонент саны 68, табысы шығындарын жаппайтындықтан, сенімгерлікпен басқарушы алдағы уақытта нысанды кері тапсырғалы отыр. Оған қоса, ауыз су тазалайтын фильтр жүйесі істен шыққан. Соның әсерінен жаз мезгілінде үнемі су жетіспеушілігі орын алады.

Жалпы ұзындығы 10 шақырымды құрайтын ауылішілік жол салуға 2018 жылы ЖСҚ жасалып, мемлекеттік сараптамадан өтіп, қорытындысы алынды. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында  жұмыс басталады деп жоспарланған. Енді бір ай көлемінде көптен күткен жол құрылысы қолға алынбаса ЖСҚ мерзімі өтіп кетеді.

Ауылдың шығыс бетіндегі бас жоспар бойынша бекітілген перспективалық аймаққа инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу де – Орлылықтардың басты талабы. Округте тұрғын үй салуға жер теліміне күні бүгін 145 адам кезекте тұр. Сонымен қатар, халық сұранысында 2013 жылы ауыл тұрғындары үшін Қанжыға учаскесінен арнайы округ әкімі аппаратының атына қорымға алынған 1 га жер учаскесін қоршау жұмыстарына қаржы бөлу мәселесі бар. Ауылдағы қорым 2015 жылы жергілікті қоғамдастық жиынының шешімімен жабылды, күні бүгін жерлейтін орын қалған жоқ. Ауыл тұрғындары мен жастардың спортпен тұрақты шұғылданып, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында ашық стадион құрылысын немесе ангар типті спорт кешенін салуға ЖСҚ жасақтауға қажетті қаржы бөлінбеуде.

Осы уақытқа дейін қалың көпшіліктің «ең тиімді көмекшісіне» айналған пошта байланыс бөлімшесі ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап өз жұмысын тоқтатты. Халықтың қажеттілігі мен сұранысына орай 5 күндік 8 сағаттық жұмыс уақытымен қайта ашқызу бағытында Елордаға тиісті хат жолданса да, жағымды жаңалық әзірге жетпеді.

Ауылдағы 12 көшенің сегізі түнгі жарықпен қамтамасыз етілген. Қалған көшелерді жарықтандыруға ұсыныс берілді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы негізінде қоршауымен балалар ойын алаңы, оның қасына дене шынықтыру құралдарымен спорт алаңы салынды. Өткен жылы құрылысы аяқталған футбол алаңын салық түсіміне қазіргі заманға сай жасақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ауылды көтеру ісі ­– әр қазақ­ты қа­дірлеу деген ұлттық ұстанымды көрсетеді. 
Әр отбасысы ошағының отымен бірге келешекке деген үміт алауын өшірмеген Орлы ауылының олқы тұстары оңалып, бұдан да озық деңгейге көтерілуін тілейміз...

 

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521