Орлы ауылынан шыққан жас ғалымдар

(1 Vote)

Өңіріміздің барлық аймақтары сияқты Құрманғазы топырағы да әр сала бойынша ғылым көкжиегіне қанат қаққан ғалымдарды аз шығармаған. Олардың есімдерін көпшілікке таныту, ұлығылау мақсатында құрманғазылық өлкетанушылар энциклопедияның үшінші томында ғылым жолында ойтозды, миқнатты болып жүргендерді түгендеуді мақсат етті.

«Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» атты ортақ атау иеленген бұл энциклопедиямызда тарих, медицина, химия, филология, математика, ауыл шаруашылығы, заң, өндірістік, т.б. салаларға үлес қосып келген ғалымдар мен ғылым кандидаттары орын алмақ. Тәуелсіздігіміздің қаз басып, аяғынан тік тұрып кетуіне аз үлес қоспаған ғалымдардан бастап олардың бүгінде лайықты ізін жалғастырып келетін жас буын өкілдерінің де тізімі келтірілген. Бейнесін көріп, азды-көпті өмірдеректерімен таныса келе ары қарай олардың қазақ ғылымының өркендеуіне қосқан үлесін білем деушілерге ізденісті жол ашыларына күмән мен күдігіміз жоқ. Біз шағын мақаламызда осы бағытта біраз еңбектеніп, ғылым мен білім саласында қанатқақты жобаларын ұсынып жүрген ауданымыздан шыққан жас ғалымдарды оқырманмен таныстырғанды жөн көрдік.

Ерлан Сырымұлы Қабиев – жас ғалым, доктор PhD, қауымдастырылған профессор, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Жаратылыстану факультетінің деканы. Ол 1988 жылы 2 қарашада Атырау облысы, Құрманғазы ауданы,Орлы ауылында дүниеге келген. 1995-2006 жылдары Н.С.Манаев атындағы жалпы орта мектебінде 11 жыл үздік оқыды. 2006 жылы Атырау қаласы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне география пәні мұғалімі мамандығына мемлекеттік грант негізінде оқуға түсіп, 2010 жылы үздік дипломмен бітірді. 2010 жылы осы университетте магистратурада оқуын жалғастырып, 2012 жылы үздік бітіріп, магистр академиялық дәрежесіне ие болды. 2016-2019 жылдар аралығында Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторантурасында білім алып, география ғылымы бойынша доктор PhD ғылыми дәрежесін алды.

Алғаш еңбек жолын 2010-2012 жылдары Атырау қаласы №13 Д.Байбосынов атындағы ұлттық мектеп-гимназиясында география пәні мұғалімі болып бастады. 2012 жылдан бері Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде оқытушы, аға оқытушы, факультет деканы қызметін атқарып келеді. Атырау өңіріне географ мамандар даярлауда еңбегі айқын. Шәкірттері республикалық, халықаралық олимпиадаларда, ғылыми конкурстарда жүлделі орындарға ие болған. Ол табиғат компоненттерін сақтау мен қалпына келтірудің қазіргі заманғы өзекті мәселелерімен айналысады: физикалық география, гидрология, геоэкология, ГАЖ- технологиясы саласындағы ғылыми- зерттеу жұмыстарында айтарлықтай тәжірибе жинақтаған. Мемлекеттік гранттағы ауқымды ғылыми жобалар бойынша зерттеулер бар. Атырау өңірінде мал азықтық шем-шөп өсіру технологиясын жасауда, таза ауыз су мәселесін шешуде, экожүйені сақтауда ғылыми негізде зерттеулер жасаған. Әлемдегі үздік беделді ғылыми басылымдарда 20-дан астам ғылыми мақалалары жарияланған, түрлі ғылыми конференцияларда симпозиумдарда баяндама жасап, тезистері, авторлық туындылары жинаққа енген.

Ерлан Сырымұлы география ғылымы бойынша Атырау облысында алғашқы және жалғыз PhD доктор. Ғылымға айрықша мән беретін жігіт өмірлік жарын өзі сияқты ғалыммен табыстырып отыр. Жұбайы Айгүл математика ғылымы бойынша доктор PhD. Отбасында ұл-қыз тәрбиелеуде.

Ғылыми ортаға есімі жақсы таныс келесі кейіпкеріміз де Құрманғазы ауданы, Орлы ауылының тумасы Сұңғат Марксұлы. Ол – техника ғылымдарының магистрі, электроника, телекоммуникациялар және ғарыштық технологиялар кафедрасына қарасты автоматика және ақпараттық технологиялар институтының аға оқытушысы. Бірнеше ғылыми еңбектің авторы. 2020 жылы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің магистратурасын «Радиотехника, электроника және телекоммуникация» мамандығы бойынша сәтті аяқтап, техника ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алды. 18 ғылыми жарияланымы бар. «Микроэлектроника», «Қуатты электроника негіздері», «Цифрлық байланыс технологиясы», «Дескретті хабарламаларды тарату», «Электр байланысының теориясы», «Антенна-фидер құрылғылары және радиотолқындарды тарату», «Антенна-фидер құрылғылары» пәндері бойынша сабақтар жүргізеді.

Нұржан Болатұлы 2013 жылы Н.Манаев атындағы орта мектебін үздік аттестатпен бітірді. Сол жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Журналистика және саясаттану факультетіне «Саясаттану» мамандығы бойынша мемлекеттік грантпен оқуға түсіп, 2017 жылы әлеуметтік ғылымдар бакалавры дәрежесінде үздік дипломмен тәмамдады. 2017 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Журналистика және саясаттану факультетіне «Саясаттану» мамандығы бойынша мемлекеттік грантпен магистратураға оқуға түсті. Бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ саясаттану кафедрасының аға оқытушысы. Бірнеше ғылыми еңбектердің авторы. Элитология, демография, саяси технология салаларында 20-ға жуық ғылыми мақалалары академиялық басылымдарда және педагогика саласында үш оқу құралы жарық көрді. 2014 жылдан бастап Журналистика және саясаттану факультетінің «Саясаттанушылар клубы» ұйымының төрағасы ретінде оның жеке бастамасы бойынша ЮНЕСКО аясында Қазақстанда алғаш рет саясаттанудан мектеп оқушыларының І Республикалық «Әлихан Бөкейхан» олимпиадасы өткізілді. 2015 жылдан бастап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттерінің ғылыми кеңесінің мүшесі және атқарушы хатшысы, 2016 жылдан бастап төрағасы. 2016-2017 оқу жылында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ғылыми кеңесінің және ғылыми- техникалық кеңесінің мүшесі болды. 2017-2018 оқу жылында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің ғылыми кеңесінің мүшесі болып сайланды.

Айнагүл КҮНҰЗАҚҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT