Қазақстанда 1998 жылдан бері жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілген. Жұмыс істеп жүрген әр азамат жалақысының 10 пайызын сол қорға аударып келеді.
Елді елең еткізген биылғы тың жаңалық – 2021 жылдың қаңтарынан бастап салымшыларға сол зейнетақы қорындағы жинақ ақшасының бір бөлігін шешіп алуына болады. 2 қаңтарда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалануға қатысты Заңға қол қойды. Мамандардың есептеуінше, елімізде 1 млн-ға жуық салымшы осы жаңашылдықтың игілігін көреді. Заңға сәйкес, қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, қымбат тұратын емінің ақысын төлеуге пайдалануына немесе жеке компаниялардың басқаруына беруге болады.
БЖЗҚ деректеріне сүйенсек, 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 761 мыңнан астам жұмыс істейтін салымшы жалпы көлемі 2,4 трлн. теңгеден астам қаражатты мерзімінен бұрын пайдалана алады. Сондай-ақ зейнетке шыққан адамдар да шекті сомадан асқан қаржыға қол жеткізеді. Мұндай азаматтар саны ел бойынша 170 мыңға жуықтайды. Ең бастысы, зейнетақы қорындағы есепшотта шекті сома қалуы шарт. Зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға мүмкіндік беретін шекті көлем бекітілген. Ол әр жастағы адамдар үшін әртүрлі. Кез келген азамат шекті мөлшерден асып тұрған қаражаттың барлығын пайдалануға құқылы. Азаматтарға банк жағалап, сабылудың қажеті жоқ. Барлық қызметті онлайн алуға да болады. Жақын арада зейнетақы қорындағы қаржыны мерзімінен бұрын алуға арналған онлайн-платформа іске қосылады. Бұған дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» аталып келген, ал қазір «Отбасы банкіне» айналған қаржы институты осы істі жүзеге асырады.
Зейнетақы төлемдерін ем-домға пайдалану қағидалары да бекітілген. Зейнетақы жинағындағы артық ақшаны диагностика жасатуға, тіс емдетуге, пластикалық ота жасатып, радиохирургиялық ем қабылдауға төлеуге болады. Сондай-ақ оңалту-сауықтыру орындары және тағы басқа ақылы қызмет түріне қолданылады. Бірақ мұнда да қаражат қолға тимейді. Сол зейнетақы қорынан тура сол емдеу мекемесінің есепшотына аударылады. Ол ақшаның есебінен емделу үшін алдымен өзіңіз тіркелген жердегі медициналық ұйымға баруыңыз керек. Онда дәрігерлік комиссия құрылып, сол комиссия рұқсат беруі тиіс. Сол жағдайда ғана жылдап жинаған зейнетақыңыздың бір бөлігін денсаулығыңызға жарата аласыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде пандемияға қарамастан, тұрғын үй салу көлемі де арта түскенін айтқан болатын. Зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға пайдалануды көрсеткен Президенттің қол қойған заңы індет салдарынан табысынан айырылып, тұрмысы төмендегендер үшін дер кезінде жасалған көмек болары сөзсіз.
Сонымен, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін азаматтар ең алдымен өз жинағын тексеріп, қордағы шекті сомадан асқан қаржы көлемін білуі керек. Зейнетақы жинағын баспанаға жұмсауға арналған онлайн-платформа іске қосылады. Кейін оған электрондық цифрлық қолтаңба арқылы тіркеледі. Сол жерде тиісті өтінішін қалдырады. Қазіргі уақытта қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жаңартылған «жеткіліктілік шегі» жарияланды. Сондықтан, әр азамат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтынан қолжетімді қаражаты жайлы ақпарат алғаны абзал. Егер жинақ шекті мөлшерден асса, «Отбасы банкінен» арнайы жаңа есепшот ашуға міндетті. Құжаттар 45 жұмыс күні ішінде сараланып, тиісті шешім қабылданады. Бір ескеретін жай, бұл қаржы азаматтың төленбеген несиесі мен алимент төлеу сияқты өзге де берешектерін өтеуге берілмейді.
Ақпарат көздерінен дайындаған А.Шакупова