Орамал тағу – салт-дәстүрдің бірі.
Кешегі ата-әжелеріміз ақ жаулықты құрметтеді. Әдебін сақтады. Ұлттық болмысын ұмытпады. Орамалды қыз-келіншек отбасылы адам екенін аңғартады. Ана екенін, адал ниетпен аттаған шаңырағы бар екенін білдіреді. Осыдан оның қадір-қасиетін ұғуға болады. Алайда орамал сәннен қалған емес. Ол – өміршең аксессуар. Кез келген киіммен үйлесімді. Сәндеп тағудың түр-түрі бар қазір. Шалма қыласыз ба, тюрбан ретінде көресіз бе, еркіңіз. Қазақ әйелі қашанда орамалсыз жүрмейді. Игі дәстүрді отбасына қалыптастырған жандар да бар.
Бұрынғыдай емес, бүгінде орамал тағу үрдісі дамып келетіні қуантады. Әлеуметтік желілерде сәнді тағуды үйрететін парақшалар мен видео¬лардың көбеюде. Ежелгі шығыс, араб стилімен ұштастырып, заманауи үлгіде тағылатын түрлері көп. Қалауыңа қарай үлгісін аласың. Біріншіден, жалаңбас жүргенше орамалмен жинақы көрінесіз. Екіншіден, орамал – әрбір келіншек пен әйелдің ары мен сәні..
Иә, орамал тағудың өзіндік ұстанымы бар. Ақ түсті орамал қуанышты, жақсылықты білдірсе, қара түс қасіретті байқатқан. Ең бастысы, орамал сыйлық, жол тарту ретінде маңызды рөл атқарады. «Орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды», «Орамал тон болмайды, жол болады» - деген орамды сөз содан қалыптасқан.
Орамал – ана екеніңді, біреудің Құдай қосқан жары екеніңді, ақ-адал ниетпен аттаған шаңырағың бар екенін білдіретін белгі. «Әйел орамал тақпаса арын ұмытады, күйеуінің барын ұмытады, шашы тамаққа түседі, үйіне келген қонақтың назары түседі», - деген сөз бар. Шындығында әйел адамның жалаңбас жүруі көзге қораш көрінеді. Медицина саласы да орамалдың әйел адамға пайдалы екенін айтады. Мамандардың мәлімдеуінше, нәзік жандылар жерден қуат алады. Содан болса керек, әйелдің шашы магнит тәрізді. Ауадағы шаң-тозаңды жинайды. Жалпы, қазақта орамалдың қадірін ұқтыратын әдет-ғұрып пен жөн-жоралғы көп.
Ырымдардың бірі ретінде араша үшін ортаға орамал тастау ишарасын айтуға болады. Бұл көбіне қыз, жесір дауы орын алып, екі рулы елдің арасы бүлінуге шақ қалған кездерде болған. Бұдан бөлек, басқа да келеңсіз жағдайлардың кесірінен туындаған ағайын арасындағы тартыс кезінде, тіпті, бүкіл ел өміріне зардабын тигізетін оқиғалар барысында беделі жоғары, сыйлы аналар қостарапты арашалап, бейбіт келісімге, мәмілеге келуге шақыру мақсатында орамалын ортаға лақтырған. Ал, ананы сыйлайтын, ақ жаулықтың қасиетін бағалайтын ер азаматтар оны аттап өтуді ар санап, оның киесінен қорқып, қара күшке емес, сөзге жүгініп, келісімге келген. Оған қоса, қыз баланы келісімсіз алып қашқан кезде де осы ғұрыпты көп аналарымыз пайдаланған.
Орамал тағу тек қазақ әйеліне тән үрдіс емес. Түркі тілдес халықтар да орамалды қастерлеп, пайдалана білген. Демек, жаулықтан үркуге, тосырқауға негіз жоқ. Ол – өміршең. Ол – қайталанбас дүние. Қай кезде де құндылығын жоғалтпайды. Қысқасы, ақ жаулық жамылған аналарымыз бен орамал таққан келіндеріміз азаймасын.
А.Шакупова