Он жылдық соғыста от кешкендермен кездесті

Ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толды
(0 Votes)

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толды. 1979-1989 жылдары өткен соғыста Кеңес Одағынан 15 мыңға тарта жауынгер қаза тапса, оның 761-і қазақстандық.

Сол қанды қасапта ауданымыздың да өрімдей жастары Бауыржан Бегалиев, Василий Григорьев, Қадірбек Өмірбаев ерлікпен көз жұмса, Берік Құбаев хабар-ошарсыз кетті. Осыған орай, аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту және аудандық қорғаныс бөлімдерінің ұйымдастыруымен аудан орталығында орналасқан Боздақтар ескерткішіне ауған, тәжік-ауған соғысы, Чернобыль апаты зардаптарын жоюға қатысушы ардагерлер, аудандық білім бөлімінің бастапқы әскери даярлық жетекшілері, аудандық қорғаныс бөлімінің атынан гүл шоқтары қойылып, өмірден өткендердің рухына арнап Құран бағышталды. Аудандық ауған соғысы ардагерлері ұйымы төрағасының орынбасары Айжарық Сақташов сөз сөйлеп, енді соғыс болмасын деген ізгі тілегін жеткізді.

Шараның ресми бөлігі аудандық орталықтандырылған кітапханада жалғасын тапты. Ардагерлер мен жастар қатысқан «Ауған соғысы – ерлік пен естелік» атты салтанатты кешті жүргізген Бекзат Қазиханов пен Меңдісұлу Мұхамбетова қатысушыларды таныстырып, құттықтау және марапаттау үшін ортаға аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанованы шақырды.

Аудан әкімінің Алғыс хатымен ауған соғысының ардагерлері Рафхат Ахметов (Кудряшов ауылдық округі), Тұрғанбай Исаев, Сабыржан Бимырзаев (Теңіз) Аман, Абай Қаражанов (Ақкөл), Салауат Қазиев(Байда), Сәлім Махмутов, Сағынғали Молдағалиев, Серік Төлепбергенов, Темірболат Зинетуллин, Рашид Құрақбаев ұлығыланды. Аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымы төрағасының орынбасары Айжарық Сақташев «Батыр шапағаты» медалін өздеріне әрдайым қолдау көрсеткен жеке кәсіпкерлер Сәкен Хабибуллин, Бержан Кенжебаев, Бақыт Теміров, Ғалымжан Мұқашев, Нұрлан Хусайынов, медицина саласының ардагері Бекболат Қаражанов, аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық қорғаныс бөлімінің бөлімінің басшылары Зияда Садуақасова, Ернар Мұхамбеталиевке табыс етті. Кітапханашы Майра Құрманғалиева «Ауған соғысы – жүректегі жара» атты кітап көрмесімен таныстырды.

Әдемі кеште ауған соғысының бір топ ардагерлеріне, атап айтсақ аудандық ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Серік Мұфтахов, Темірболат Зинетуллин, Сағынғали Молдағалиев, Айжарық Сақташевқа төрден орын ұсынылып, оқырмандармен сыр-сұхбат құрды. Олардың қысқаша өмірбаяндары, ерлік жолдары бейнебаян арқылы көрсетілді. Аталған ардагерлер кешті жүргізуші аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Бекзат Қазиханов тарапынан қойылған сұрақтарға берген жауаптарында ауған даласында, от пен оқтың ортасында өткен жастық шақтарын, жорық жолдарын еске алып, әсерлі әңгімеледі. Шара барысында С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпазы Ермек Айсын «Ауғанстан» әнін орындады. М.Әуезов, Абай атындағы орта мектептердің 11 және 10 сынып оқушылары «АК-74» оқу-жаттығу қаруын толық бұзып, ашып-жабудан сынға түсті. Соңында кеш қонақтарына естелік сыйлықтар табысталды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT