Он алты өкпені жасанды желдету аппараты жеткізілді (+ВИДЕО)

(1 Vote)

Аудан әкімі Қайрат Талапұлы кездесулердің бірінде қызылтаяң уақытта өздерімен бірлесе жұмыс жасап, халықтан көмек-қолдауын аямайтын қайырымдылық қоры мен белсенді азаматтардың еңбегі ескерусіз қалмауы жайында ескерткен еді.

Осыған орай, біз сауапты іске білек сыбана кірісіп жүрген жандар туралы жазбаққа бел будық.

«Құрманғазы» қайырымдылық қоры 2018 жылы наурыз айында құрылған болатын. Айналдырған екі жылдың ішінде еріктілер тобы талай жанның жыртығын жамауға, тіпті баспаналы болуына үлкен септігін тигізіп келеді. Қазіргі күнде қатарлары едәуір көбейген аталмыш қордың жетекшісі Ерлан Тариховпен әңгіме барысында, шынында да қауіпті кесел кезінде қол қусырып қарап отырмағандары білінді. Ең алдымен Алланың разылығын алуды көздейтін кеңпейілділер «оң қолың бергенді сол қолың білмесін» деген қанатты сөзді ұстанады. Дегенмен «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, өзгелерге үлгі етерліктей таудай сауапты істерінің азын-шоғын болсын жариялау жөн шығар.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл қашан да. Қадірлі іске қалтасындағы барын бөліп беруге де бар жомарт жандар ортақ қаржы жинап, 50 науқастың еміне қажет дәрі-дәрмекті Астрахань қаласынан арнайы алдыртты. Ол аудандық мүгедектер қоғамының бірлестік төрайымы Гүлсара Қайырленованың ықпалымен сол ұйымның 8 мүшесіне, аудандық орталық ауруханаға түскен 42 адамға тегін үлестірілді. Дер кезінде созылған көмек қолы көп науқастың ауруынан айығуына әсер етті.

Бүгінгі күнде індет жұқтырғандардың саны күрт өсуіне байланысты, өкпені жасанды желдету аппаратының да жетіспеушілігі ең өзекті мәселелердің бірі екені даусыз. Бұл олқылықтың орнын толтырғысы кеп, тағат тауып отыра алмаған қор белсенділері аудан тұрғындарына шұғыл түрде қаржы жинау ісі бойынша хабар таратады. Жүрегінде иманы бар әрбір жан көрсетілген есепшотқа жағдайы алғанша тапқан-таянғандарын аударды. Бұл ретте аудандық кәсіпкерлердің де бір жағадан бас көтеріп, тіпті 1-2 аппаратпен қамтамасыз етуді жеке мойындарына алғандарын әрине атап өткен абзал. Осы қарқынмен бір тәулікке толмайтын уақыт ішінде 15 оттегі құрылғысына қаражат жиналды. Жақсылықтың жаршысына айнала білген азамат Жастілек Оңашев аппараттарды белгіленген жерден алып, жеткізіп беруге жәрдемдесетін «Шұғыла» қайырымдылық қорының жетекшісі Қайрат Жолдыбайұлымен байланыс орнатты. Ойға алынған іс орайын тауып, 15 аппаратқа деп жоспарланған қаржы 20 аппаратты сатып алуға жетіпті. Оның төртеуі Орал қаласындағы ауыр халдегі ағайынға сыйға тартылды. Одан өзге 16 данасы аудандық орталық емхананың басшысы Гүлсара Мүтиеваға табысталды. Өздігінен дем алуға зәру болып, өмірлері қыл үстінде тұрған жерлестеріміздің жағдайы оңалып кетуі жолында осалдық танытпаған қайырымды жандардың бұл қарекеті шынымен де көңіл толқытарлық жайт.

Сонымен қатар әр аптаның қасиетті жұма күні жағдайы төмен отбасыларды азық-түлікпен де қамтамасыз етеді. Әркез қолдауын аямай, істің дұрыс жүргізілуіне мұрындық бола білген аудан әкімдігіне де еріктілер дән риза. Халық игілігі үшін күш-қайратын аямауға бекінген адал ниеттілердің алға қойған мақсаттары әлі де көп. Игі істерді ілгерілетуге асық адамдармен қашан да қатарларын толықтыруға құлықты.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521