«Өнегелі ана, ибалы келін, тәрбиелі қыз»

(0 Votes)

Абай атындағы жалпы орта мектепте аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Өнегелі ана, ибалы келін, тәрбиелі қыз» тақырыбында отбасылық байқау өтті.

Оған бір әулеттің анасы, келіні, қызынан құралған тоғыз топ қатысты. ШараныНұрзада Зинетоллақызы ашып жүргізіп, оның мәні мен мақсатына тоқталды. Маратова Раушан «Көктем вальсі» әнін орындады.

«Біздің отбасымыздың ерекшелігі» атты бірінші бөлімде үміткерлер көрерменмен сәлемдесіп, түрлі дәм үлестіріп, бейнеролик, өлең, көрініс арқылы өздерін таныстырды. «Білгенге маржан» кезеңінде салт-дәстүрге, ұлттық тағам, мейрамдарға қатысты сұрақтар қойылып, сайыскерлердің білім-танымы сараланды. «Қиын түйін» айналымында экранда көрсетілген ситуациялық жағдайларға байланысты қатысушылар өмірлік тәжірибелеріне сүйеніп, өз пікір-тұжырымдарын ортаға салды. Соңғы «Отбасы таланттары» сын сәтінде ән-күй, би, көркем сөз оқу, қолөнер жасау қабілеттерімен танылған топтар талайдың таңдайын қақтырды.

Балғаным Хасенқызы бастаған аналар кеңесінің мүшелері байқауды сан қырынан әділ бағалап, нәтижесінде Ахметқалиевтер (Құрманғазы а.о, Бегалиев атындағы орта мектебі) «Инабатты отбасы», Шигаевтар (Құрманғазы а.о, Абай жалпы орта мектебі) «Парасатты отбасы», Қисметовтер (Еңбекші а.о) «Өнерлі отбасы», Дүйсеновтер (Мақаш а.о) «Өнегелі отбасы», Қабдоловтар (Ақкөл а.о) «Ұлағатты отбасы», Мұхтаровтар (Орлы а.о) «Ынтымақты отбасы», Қабиевтер (Нұржау а.о, «Гаухар» бөбекжай балабақшасы») «Мерейлі отбасы», Үміталиевтер (Теңіз а.о) «Ізетті отбасы», Оңашевтер (Жаңаталап а.о) «Мейірімді отбасы» аталымдарымен марапатталды. Отбасы құндылығын насихаттап, тамаша татулықтың үлгісі болған қатысушыларға жанкүйерлер сый-сияпатын ұсынып, жылы лебіздерін айтты.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT