НЕГЕ МАЛ ҰРЛЫҒЫ АЗАЙМАЙ ТҰР?

(0 Votes)

Мал ұрлау - бөтеннің малын жасырын жымқыру.

2019 жылғы 27 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне «мал ұрлау» деп аталатын жаңа 188-1 бап енгізілді. Мал ұрлығы ауыр қылмыстар санатына жатқызылды.  Төрт түлік малы бар қаладан шалғай жатқан ауылдық жердің халқы үшін  мал  жануары - күнкөріс, табыс көзі, азық көзі. Ауыл аймақтарда қаншама халық малмен күн көруде. Олардың көбі ауылда жұмыс көзі болмағандықтан малын өсіріп, оны аудан орталығына, қалаға апарып сатып, тапқан табысына бала-шағасын асырап отыр. Сондықтан төрт түлікке қол сұғу дегеніміз-ауыл адамдарын күнкөріс көзінен айыру деген сөз.                            

Аталған бапта ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған барымташылардың жазасы 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына дейін көтеріліп,  күшейтілген. Бұл  мал ұрлығының санын азайтуға бағытталған мемлекеттік шара.                                                                                   

Енді мал ұрлығы бойынша екі та­раптың татуласуына байланысты істі тоқтатуға жол берілмейді. Сондықтан, «Ұрлық түбі – қорлық» екенін естен шығармай, барымтаға бармай тұрып, жеңіл жазамен құтыла алмайтындығын қылмыскерлер ойлаған жөн.                                                                            

Бұл санаттағы істердің азаймауына не себеп, кім кінәлі? Бір мезгіл соған үңіліп көрсек.                                                                                       

Алдымен, сот тәжірибесінен көрініп тұрғандай, мал ұрлығын жасайтын қылмыскерлердің көбі – ауылдық жерде жұмыссыз жүрген, жеңіл жолмен табыс тауып өмір сүргісі келетін тұлғалар. Солардың көбі - еңбекке үйретілмеген, «ешкімнің ала жібін аттама» деген ата-ана тәрбиесін көрмеген немесе оған көнбеген жастар. Сондықтан тәрбие бесіктен басталады деген қазақтың жақсы сөздері әр кезде өзекті болып табылады. Жастардың тәрбиесіне көп көңіл бөліп, ата – ана оларға өздері үлгі болып, адал еңбекпен напахасын тауып отырған отбасында мұндай қылмыскер өспейтіні анық.                  

Мемлекет тарапынан ауыл тұрғындарына мал сатып алуға, оларды өсіріп-өндіріп кәсібін ашуға қаржылай көп көмектер көрсетіліп жатырғаны бәрімізге де мәлім. Еріншектіктен арылып, бас көтеріп, адал өмір сүруге тырысу – өзінің нәтижесін беретіндігі сөзсіз.                                              

Осы қылмыстардың азаймай тұрғандығы мал иелеріне де байланысты болып тұр. Алдымен, мал өріске кеткенде оған бақылау болу керек. Мал иесі өзінің малының түгел болуына алдымен өзі жұмыстануға тиісті.  Малды қорадан шығарып жібергеннен бастап оны өріске айдап апару, оны бағу, қайтып мал қорғаға әкелу – бұл жұмыстарды ойластырып, ұйымдастырған мал иесі ешқашан қапыда қалмайды, өйткені, малын барымташылар айдап кетпейді немесе өрістен сойып алмайды, жолдан өткенде көліктер қағып кетпейді, кез келген жерде қоқыстарды жеп жүрмейді.                                         

Мал қораның күзетілмейтіні, есіктері жіппен байланып құлыптанбайтыны, мал қоралардың тұрғын үйлерден біршама қашықтықта орналасуы да  мал ұрлығына әкелетін бірден бір себеп болатынын сотта қаралып жатқан істерден көріп отырамыз. Сақтансаң – сақтаймын деген сөздер бүгінгі таңда маңызды болып тұр.                                                               Малдарын аман есен түгел сақтап қалудың, оларды өрісте бағудың жолдарын тауып отырған азаматтар да бар. Бақташы ұстау, жаңа технологияларды, соның ішінде дрон атты ұшқышсыз ұшатын аппаратты, чиптарды  пайдаланып, автокөлік, мотокөлікпен бағу сияқты тәсілдерді қолдану - мал ұстайтын адамның малын ешкім жымқырып кетпейтініне сөзсіз кепіл бола алады.                                                                                           

Өз қорасында шамалы малын ұстайтын ауыл тұрғындарына бірігіп,  бір бақташыны ұстауға жұмыстану қажет. Оған жергілікті әкімдердің тарапынан қолдау көрсетіліп,  бұл жұмыстарды ұйымдастыруда көмек көрсеткен жөн. Бұл туралы соттың тарапынан мал ұрлығын, малдардың тас жолдарда қағылуының алдын алу мақсатында жергілікті әкімдердің аттарына жекеше қаулыларда шығарылған болатын.                                                                                   

Мал ұрлығына қатысы болмаса да тағы да айтып кететін бір жәйт –егерде мал «мал айдауы» жол белгісі таралатын аумақта тас жолда қағылатын болса – көлік жүргізушісі жауапкершілікте болады. Ал егерде сол белгіден тыс жерде мұндай оқиға болса – мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын мал иелері біліп жүрген жөн.                                                         

Сондықтан, малдың түгел, аман  болып жүруіне, қолды болмауына алдымен мал иелері мүдделі болу керек. Мал -адамның үйі, көлігі, басқа да дүниесі сияқты мүліктер қатарына жатады. Дер кезінде оған көңіл болмегендіктен мал әбден ұрының қолына түскенде полицияға шағымданғанда ұры да ізін суытып үлгереді. 

 Құрманғазы аудандық сотының судьясы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521