«Қазпошта» АҚ аудандық филиалының 14 қараша күнгі берген мәліметі бойынша «Серпер» 1900 данаға жетіп отыр.
«Ұйымдастыра білген ұтады», деген сөздің текке айтылмағанын ісімен дәлелдеген Байда ауылдық округінің әкімі Жүсіп Төреғалиев 250 дана болжамды орындап, баспасөзге жазылу науқанының мәресіне бірінші болып келді. Аудан айнасының 90 жылдығында да демеушілік жасағанын ұмытқан жоқпыз. Екі сөйлеуді білмейтін, айтса орындайтын азаматқа ризашылығымыз шексіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», дегендей болжамнан шығуда өз әкімдеріне қолдау көрсетіп, жұдырықтай жұмыла білген ауылдағы оқырмандарымыздың, округтегі ұжым, мекемелердің, кәсіпкерлердің де үлесі зор.
Алғашқы ондықта одан кейінгі орында 241 данаға жазылған Құрманғазы ауылдық округі келеді. Әлі 939 данасы қалып тұрған, 15 мыңға жуық халқы бар үлкен округ үшін бұл көрсеткіш көңіл көншітерліктей емес. «Темірді қызған кезде соқ», дегендей баспасөзге жазылуды тиісті дәрежеде ұйымдастыратын кез осы қараша айы ғой. Жүз данадан асып түскен округтерге тоқталсақ, Бірлік (Г.Әбенова), Нұржау (М.Мұғалім) ауылдық округтері тиісінше 136 және 132 данамен екінші, үшінші орында келеді. Бұл округтер жылда да болжамнан шығып жүр. Сол сияқты Мақаш (Б.Мұфтахов) пен Шортанбай (М.Ғұмаров) ауылдық округтері де 126 және 121 данамен қарар келе жатыр. Көптоғай ауылдық округіне Қайрат Бөлеков әкім болып барғанына көп уақыт өтпесе де бұл жұмыста қарқын бар, 110 данаға жетіп үлгеріпті. Жаңаталап (О.Тәжібаев) -97, Сафон (Р.Хамзаева) -96, Еңбекші (Р.Әмірханов) -92 данамен алғашқы ондықты тәмамдайды. Реті келгенде айта кетейік, аталған басшылардың да бұған дейін болжамнан шықпай қалған күні жоқ. Жалпы қандай додада да мәреге тезірек жету үшін соңғы екі айналымда атқа қамшы басады ғой. Әйтпесе, шаң қауып қалады. Сондықтан мерзімді баспасөзге жазылуда сергектік танытқан жөн сияқты. Енді екі аптада өзге де округтер озып кеткендермен ат құйрығын тістеседі деген ойдамыз. Лайым солай болғай! «Серпер» өз оқырмандарымен мақтанады және әрдайым олардың қолдауына иек артады.
Редакция