С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері, әдебиетші-ғалым, публицист, аудармашы, педагог, туған өлкеміздің төл перзенті Нұғман Сәрсенұлы Манаевтың туғанына 130 жыл толуына орай «Иман-Ислам» кітабының таныстырылымы мен тұсаукесер шарасы ұйымдастырылды.
Оған арнайы келген қонақтар Н.Манаев кітабының жауапты редакторы, Әлихан Бөкейхан атындағы «Алаш» ғылыми зерттеу институтының бөлім басшысы Елдос Тоқтарбай, «Алаш» ғылыми зерттеу институтының директоры Ұшқын Сәйдірахманұлы, көрнекті ағартушының кітабын баспаға дайындап жинақтаған зерттеуші «Qyr balasy» қоғамдық қорының басқарма мүшесі Ертай Біләл, жазушы-эссеист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мақсат Тәж-Мұрат. Ата рухына тағзым еткен ұрпақтары педагог, Ташкент қаласының тұрғыны, Н.Манаевтың кенже қызы Факияның екінші қызы Роза Джангабаева, Н.Манаевтың кенже қызы Факияның ең үлкен қызы Раушан Джангабаева, айтулы тұлғаның шөбересі Мәдина Манаева есімдері қошеметпен аталды.
Алдымен зал толы көрерменге ұлт қайраткерінің өмір жолын баяндаған бейнеролик ұсынылды. Алғашқы сөз алған аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов шараға арнайы келген Нұғман Манаевтың ұрпақтарына сый-құрмет көрсетті.
Академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев Еділ-Жайық арасынан шыққан тарихи тұлғаларды тізбелеп, 44 жасында ату жазасына кесілген жерлесіміз туралы екі деректен хабардар етті. Қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов Халық ағарту комиссары болған туған жердің төл перзентінің тіл мәселесі жөнінде айтқан даналық ойларын мысалға келтіріп, тұсауы кесілгелі тұрған «Иман-ислам» кітабының маңыздылығына тоқталды. Әлихан Бөкейхан атындағы «Алаш» ғылыми зерттеу институтының бөлім басшысы Елдос Тоқтарбай тарихи тұлғаның танылуы, зерттелуі, насихатталуы соңғы уақытта кемшін болғанын, шығармалары ескі жазудан бүгінгі қаріпке аударылмай архивтің шаң басқан сөресінде жатқан ұзақ уақыт өзінің адақталуын күткен бүгінде туған жеріне кітап болып оралған ұлт қайраткерінің жанкешті еңбегін, оның жерді, елді сақтап қалудағы ерлік істерін дәріптеп, публицистік, аударма, оқу ағарту бағытындағы атқарған қызметтерін саралады. Көрнекті ағартушының кітабын баспаға дайындап жинақтаған зерттеуші «Qyr balasy» қоғамдық қорының басқарма мүшесі Ертай Біләл 1000 данамен басылып, оқырманға жол тартқалы отырған жаңа кітаптың мазмұнымен, біртуар тұлғаның жүріп өткен тынымсыз еңбек жолымен таныстырды.
Нұғман Манаевқа арнап алғаш музей ашқан ардагер ұстаз Сара Алпысова зерттеу жұмыстарының қай кезден басталғаны жөнінде естеліктерімен бөлісті. Жаңа туындының тұсаукесер рәсімін жасау үшін ортаға академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев және ардагер ұстаз Сара Алпысова шақырылды. Шара соңында Орлы ауылдық округінің әкімі Жандос Бектемиров Нұғман Сәрсенұлының ұрпақтарына естелік сыйлығын табыстаса, шара қонағы Раушан Джангабаева ұйымдастырушыларға зор ризашылығын жеткізді.
Айнагүл Шакупова