1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде ауданымызда 2008 жылғы Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері, Қазақстан Республикасы Таеквондо федерациясының вице-президенті Арман Шылманов, спорттың осы түрінен ересектер арасындағы аға жаттықтырушы Ерлан Алагөзов, мемлекеттік балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Аслан Арықов ауданымызда болып, жас таеквондашылармен кездесті.
Қазақстан Республикасы Таеквондо федерациясының вице-президенті Арман Шылмановты аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алмас Мұқашев қабылдады.
Қабылдауда Олимпиада жүлдегері бүкіл Қазақстан бойынша таеквондо бөлімшелерін аралап, мониторинг жүргізіп, жағдайларымен танысып жүргенін жеткізді. Өздерінен қандай көмек қажеттігін, не жетіспейтінін сұрады.
Елімізге танымал спорт тарланының балалардың арасында болып, құттықтауы көтеріңкі күй сыйлап, мерейлерін көтеріп тастады. Олимпиада жүлдегері бастаған топ жас спортшылардың жетістіктерімен танысып, олармен, жаттықтырушыларымен ашық-жарқын әңгімелесіп, алдағы күндерде де жеңісті жолдарың жалғаса берсін, еліміздің абыройын асқақтата түсіңіздер деген ізгі тілегін білдірді. Салауатты өмір салтын ұстап, өмірлерін таеквондамен байланыстырған жастар үшін бұл өте әсерлі, тағылымды кездесу болып, спортқа деген қызығушылықтарына жаңа серпіліс әкелді деген ойдамыз.
Айнагүл Шакупова