Қоғамның қозғаушы күші жастардың орны қай мемлекетте де ерекше. Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістерді жүзеге асырушы жасампаз күш. Соның ішінде туған еліне, Отанына қызмет етуді басты мақсат етіп қойғаннан артық не бар?
Бүгінде ел имиджін айқындайтын мемлекеттік қызметте адал еңбек етіп, жалынды жігерін халқына қызмет етуге жұмсап жүрген жастар жеткілікті. Олардың кейбірі өз біліктіліктері мен білімін арттыра түсу үшін арнайы жоғары оқу орындарында оқып та жатыр. Ертең осындай білім алғандар арасынан Отанын өрге сүйрейтін білікті басқарушы мамандар шығатыны анық. Бүгінде біз де Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында оқып жатқан жерлестерімізбен мақтана аламыз. Солардың бірі, мемлекеттік қызметші Мерей Әжігереевпен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
– Мерей Есенгелдіұлы, сіз мемлекеттік қызметте жүрген дарынды, болашағынан үлкен үміт күттірер жастардың бірісіз. Бұл қызметке қашан келдіңіз және алғашқы еңбек жолыңызды қайда бастадыңыз?
– Сұхбатыңызға рахмет! Мен мемлекеттік қызметтегі еңбек жолымды 2014 жылы аудандық ішкі саясат бөлімінде бас маман болып бастадым. Аталған мекемеде екі жыл жасап, 2017 жылдың 4 қаңтарынан бастап бұрынғы Ганюшкин, қазіргі Құрманғазы ауылдық округ әкімі аппаратына бас маман қызметіне ауысу тәртібімен жұмысқа орналастым. 2018 жылы Құрманғазы ауылдық округі әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалып, күні бүгін осы жерде қызмет атқарудамын.
– Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсуіңізге не себеп болды? Мұнда қандай дәрістер алудасыз? Оқу қай жылы басталды және қашан аяқталады?
– 2022 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсуге құжаттар қабылдау басталды деген хабарламаны көріп, бағымды сынау үшін іріктеуге қатыстым. Бұрыннан осындай оқу орны бар екенін біліп, біліктілігімді арттыру, алған білімімді ауданымыздың өсіп-өркендеуіне пайдаға асыру мақсатында магистратураға түсуге ниеттеніп жүрдім. Себебі, біз сияқты жастарға «болдым, толдым» деуге ерте. Әйтпесе, Абай атамыз: «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп айтқандай, уақыт күтпейді. Туған елін дамытуға үлес қосқанды қалайтын адамға білім ешқашан артықтық етпейді. Іріктеу екі кезеңнен тұрды. Біріншісі, белгілі бір тақырыпқа кейс шешу, екінші кезең – онлайн немесе оффлайн сұхбаттасу болды. Өзім онлай түрін таңдап, сұхабаттасудан өттім. Екеуінің нәтижесін қосқанда керек балды жинап оқуға қабылдандым. Менен бөлек әріптесім, аудан әкімінің орынбасары Сисатов Болатбек Серікұлыда түсті. Мұнда 2021 жылдан бастап әріптесім Жанханов Жігер Махмудұлы да оқиды. Өстіп, ауданнан үш мемлекеттік қызметкер осындамыз.
Мемлекеттік басқару академиясында әртүрлі бағытта дәрістер оқылады. Интенсивті түрде таңертеңгі сағат 9:00 мен кешкі 18:00 арасында академияда білім аламыз. Оқу процессі өте қызықты. Елімізге есімдері белгілі, мемлекеттік қызметте көргендері көп тұлғалар дәрістерін оқиды, тәжірибелерімен бөліседі. Магистранттарды даярлауда тәжірибелі профессорлар да сабақ өткізеді. Сонымен қатар, академияның қоғамдық өмірі де бар. Ол спорттық сайыстар, мәдени шаралар, оған да белсенді түрде қатысамыз. Оқу 2022 жылдың 1 қыркүйегінде басталды, 2023 жылдың маусым айында аяқталады. Қазір қысқы демалыстамын. Бірақ, қарап отырмай, бос уақытымды тиімді пайдаланып, магистрлік диссертациямды жазып, түрлі зерттеулер жасап жатырмын.
– Жалпы мемлекеттік қызметші қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– Мемлекеттік қызметші аты айтып тұрғандай еліне, халқына адал қызмет етуі тиіс деп санаймын. Себебі, оған Отанымыз сенім артып отыр. Ол – мемлекеттің бет-бейнесі! Жалпы, мемлекеттік биліктің тармақтары адам денесін қажетті оттегімен қамтитын қан тамырлары сияқты. Бейнелеп айтсақ, Президентті – жүрек деп алсақ, Үкімет – басты қан тамырлары, ал, мемлекеттік қызметшілер – тарам-тарам кішкене ғана тамыршалар. Ағзамыздың әр бөлігіне тіршілік нәрін апарып, оның өмір сүруін қамтамасыз ететін осы тамыршалар емес пе?! Сол сияқты Мемлекет басшысының, Үкіметтің тапсырмаларын халыққа жеткізіп, оның жергілікті жерде жүзеге асуына себепкер болатын мемлекеттік қызметшілер. Олар өзінің қызметке кірерде берген антына адал болуы тиіс, халық пен билік арасындағы қарым-қатынаста өзін кәсіби маман ретінде ұстай білуі керек деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметтің этикасын, Әдеп Кодексінің нормаларын сақтау, ел дамуының жолын кесетін жемқорлықпен күресу – басты міндетіміз. Қазір бізге өзгермелі әлемде басқару тәсілдерін үйретіп жатыр. Ол алдағы жұмысымызда кәдеге асады. Басқа да әріптестеріме жоғары оқу орны – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсіп, білімдерін жетілдіруге болатынын айтқым келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Айнагүл Шакупова