Қазіргі қоғамда мемлекеттік қызметшінің рөлі ерекше. Ол-мемлекеттің бет-бейнесі, халық мен билік арасындағы сенімді байланысты қамтамасыз ететін тұлға. Сондықтан мемлекеттік қызметшінің кәсіби қабілетімен қатар, оның этикалық нормаларды сақтауы аса маңызды.
Этика-қызметшінің мінез-құлқын, іс-әрекетін және азаматтармен қарым-қатынасын реттейтін негізгі қағидалар жиынтығы. Мемлекеттік қызметшінің этикасының басты негізі адалдық пен әділдік. Қызметші өз міндетін орындау барысында заң талаптарын сақтап, жеке мүддесін емес, қоғамдық мүддені бірінші орынға қоюы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланбау-этикалық жауапкершіліктің маңызды көрінісі. Адал мемлекеттік қызметші ғана халықтың сеніміне ие бола алады.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметші әдептілік пен мәдениеттілікті ұстануы қажет. Азаматтармен қарым-қатынаста сыпайы сөйлеу, сабыр сақтау, олардың мәселесіне түсіністікпен қарау- кәсіби этиканың ажырамас бөлігі. Әрбір адамға тең қарап, ұлтына, тіліне, әлеуметтік жағдайына қарамастан құрмет көрсету – демократиялық қоғамның басты талабы.
Жауапкершілік те мемлекеттік қызметшінің этикасында маңызды орын алады. Қабылданған шешімдер көптеген адамдардың тағдырына әсер етуі мүмкін. Сондықтан әрбір шешім жан-жақты ойластырылып, заңға және адамгершілік қағидаларына сай қабылдануы тиіс. Өз ісінің нәтижесіне жауап бере білу-мемлекеттік қызметшінің кәсіби кемелдігін көрсетеді.
Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшінің этикасы- қоғамның тұрақтылығы мен дамуының маңызды кепілі. Этика нормаларын сақтайтын, адал, әділ және жауапты мемлекеттік қызметші ғана халыққа сапалы қызмет көрсетіп, мемлекеттің беделін арттыра алады. Сондықтан мемлекеттік қызметшінің этикасы әрдайым басты назарда болуы тиіс.
Г.Н.Бекенова,
Құрманғазы аудандық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы


