Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері – ел дамуының тірегі, мемлекеттің бет-бейнесі. Сондықтан оларға қойылатын талаптар да жоғары. Осы орайда мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқы мен қызметтік әдебін айқындайтын негізгі құжат – ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі ерекше маңызға ие.
Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшінің кәсіби әдебін ғана емес, сонымен қатар адамгершілік, құқықтық және мәдени құндылықтарын көрсететін ережелер жиынтығы. Құжаттың басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің қоғаммен қарым-қатынасын ашық, әділ, сенімді негізге құру.
Кодексте нақты мынадай қағидаттар қамтылған:
- заңдылық;
- адалдық пен әділдік;
- азаматтардың құқықтарын сақтау;
- этикалық нормаларды ұстану;
- қоғам мен мемлекет мүддесіне адал қызмет ету.
Бұл қағидалар – әрбір мемлекеттік қызметшінің ішкі тәртіп ережесіне айналуы тиіс. Әдеп нормаларының бұзылуы – тек бір қызметкердің беделіне емес, бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің имиджіне нұқсан келтіреді.
Кейбір азаматтар бұл құжатты жазалау тетігі ретінде қабылдауы мүмкін. Алайда шын мәнінде, Кодекс тәрбиелік және алдын алу сипатына ие. Мемлекеттік қызметшілерге Әдеп жөніндегі уәкілдер арқылы қолдау көрсету, дұрыс бағыт сілтеу – оның басты қызметі.
Жаңа форматтағы Әдеп жөніндегі уәкілдердің жұмысы – ашықтық пен әділдікке негізделген. Олар қызметкерлердің ішкі этикалық мәселелерін шешуде, ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуал орнатуда маңызды рөл атқарады.
Қазіргі уақытта халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімі мемлекеттік қызметшінің жеке мінез-құлқына тікелей байланысты. Әдеп кодексінің талаптарын мүлтіксіз орындау – қоғаммен тиімді кері байланыс орнатуға, ашық қызмет етуге, халыққа жақын болуға септігін тигізеді.
Бүгінде мемлекеттік қызмет имиджіне қойылатын талаптар уақыт өткен сайын күшейіп келеді. Бұл – заңдылық. Өйткені халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында еңбек ететін әр қызметкер биік жауапкершілік пен әдебінің үлгісі болуы тиіс.
ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі – жай ғана нормативтік құжат емес, ол – қоғам мен мемлекеттің өзара сенімін қалыптастыратын моральдық қағидаттар жүйесі. Әдеп нормаларын сақтау – әрбір қызметкердің ар-намысына, кәсіби абыройына, елге деген сүйіспеншілігіне тікелей байланысты. Сондықтан Кодекс талаптарын орындау – заңдық міндет қана емес, азаматтық борыш.
Темірболатова Айдана Хайрлықызы,
Бөкейхан ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы