23 маусым тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік қызметшілері кәсіби мерекелерін атап өтеді.
Мемлекеттік қызметшілердің әрқайсысының адал және тиімді жұмысы, қорытындылай келгенде, біздің мемлекетіміздің қалыптасуына және дамуына әсер етеді. Мемлекеттік қызметші өз еліндегі тікелей міндеттерін орындаудан басқа, отбасында, қоршаған ортаға, адамдармен ортақ тіл табысуға және жан-жақтыға үлгі болуға тиіс. Осындай талаптан көрініп жүрген аудан әкімі аппараты, құқықтық қамтамасыз ету, құқық қорғау органдарымен жұмыс және жұмылдыру дайындығы бөлімінің бас маманы Рахметова Гүлмира Маратқызын мақтанышпен айта аламыз. Ол мемлекеттік қызмет саласында 20 жылдан астам уақыт бойы абыройлы еңбек етіп келеді. 1978 жылдың 3 ақпанында Құрманғазы ауданы, Ганюшкин селосында дүниеге келген Гүлмира Маратқызы 2002 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін бітіріп, «Құқықтану» мамандығын игереді. Алғаш еңбек жолын 2001 жылы Құрманғазы аудандық прокуратурасында құқықтық статистика жөніндегі бас маман қызметінен бастайды. 2003-2004 жылдары аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық және әскери-жұмылдыру бөлімінде бөлім меңгерушісі, 2004-2005 жылдары аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру, кадрлармен жұмыс және мемлекеттік құқық бөлімінде бас маман, 2005-2010 жылдары аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру кадрлармен жұмыс және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінде бас маман, 2010-2013 жылдары аудан әкімі аппаратының құқықтық қамтамасыз ету бөлімінде бас маман қызметтерін атқарды. Одан әрі қызметтік жолы аудан әкімі аппаратының персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) бөлімінде жалғасын тауып, күні бүгінге дейін аудан әкімі аппаратының құқықтық қамтамасыз еті, құқық қорғау органдарымен жұмыс және жұмылдыру дайындығы бөлімінде бас маман қызметінде нәтижелі еңбек етуде.
- Мамандық таңдау – әрбір адамның өміріндегі маңызды шешімдердің бірі екені сөзсіз. Өйткені бұл таңдау өмір бойы қандай іспен айналысатыныңызды айқындап, болашағыңыз¬ға бағдар береді. Әрине, мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек.
Менің бала күнімдегі арманым – мемлекеттік қызметші болу. Мемлекеттік қызмет – бұл барлық мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудағы жетекші рөлді атқаратын мемлекет жүйесінің ең маңызды тетіктерінің бірі. Кез келген қоғам мемлекеттік басқарусыз, яғни мемлекеттік қыз¬метшілерсіз әрекет етуі мүмкін емес. Билікке деген сенім қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады. Мемлекеттік қызмет – ең әуелі үлкен жауапкершілік, біліктілік пен үнемі шыңдалуды талап етеді. Адам жеке тұлға ретінде өзін-өзі тұрақты жетілдіріп, алға ұмтылып отыруы қажет. Бұл ретте, қай салада еңбек етсек те, кейін соңымызда өзіміз ұялмайтындай, үлгі боларлық іс қалдырғанымыз жөн. Қазақта жиі айтылатын «наныңды адал тауып жеу» қағидасы осыған келеді. Жалпы, менің түснігімде мемлекеттік қызметші – ел айнасы болуы тиіс, - дейді кейіпкеріміз. Гүлмира Маратқызының еңбегі ескерусіз қалмай аудан, облыс әкімдерінің алғыс хаттарымен, мерекеге орай құттықтау хаттармен ұлығыланған. Отбасында да берекелі шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған отанасы. Жолдасы Жеткеншек Жағыпаров екеуі жанұяда үш бала тәрбиелеуде.
Иә, мемлекеттік қызметкершілердің жұмысына баға беретін халық.
Бүгінгі кейіпкеріміз Гүлмира Маратқызы ең әуелі халыққа қызмет ететінін естен шығармай, өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы, әділдігін қамтамасыз етудә, өзінің іс-әрекеттерімен қоғам тарапынан сынға ұшырамауды, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмеуді әрдайым назарда ұстайды.
Айнагүл Шакупова