Мектепке дайындық қалай, оқушы?

(0 Votes)

Әне-міне дегенше санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталмақ. Уақыт таяған сайын ата-аналар балаларын мектепке дайындаудың қамына кірісе бастайды.

Балаларын жетектеген ата-ана жаңа оқу жылына керекті киімдер мен құрал-жабдықтарын сатып алу үшін базар жағалайды. Әрине әрбір ата-ана перзентін қатардан қалдырмай, керек-жарағынан тарықтырғысы келмейді. Қарапайым отбасыларға баланы мектепке дайындау оңай шаруа емес. Мектеп формасына, аяқ киіміне, оқуына қажетті құрал-жабдықтарға кететін қаржы әсіресе қазіргідей нарық қыспағында есепсіз жұмсалады. Жаңа оқу жылының қарсаңы - мектеп жасындағы баласы бар әр шаңырақ үшін қарбалас пен әбігерге толы кезең.

Негізінен халықтың баратын жері – базар. Сол базардағы бағаларға біз де арнайы шолу жасап көргенбіз. Жалпы бір баланы мектепке дайындау қанша тұрады? Осы сұрақтың жауабын іздеп көрелік… Өзіміздің ауданда сауда нүктелерінің қатары бұрынғыға қарағанда едәуір артқан. Іздесең қалағаныңды қиналмай-ақ таңдап алуға болады. Базардағы сауда сөрелерінен мектеп формасының сан түрін кездестіреміз. Талғамыңыз бен қалтаңыздың жайына қарай сатып ала бересіз. Мәселен қыз балаға арналған ақ жиденің орташа бағасы 7000 теңгені құрайды. Шамаңызға қарай одан арзаны да, қымбаты да табылады. Белдемше 5000-8000 теңге болса, ақ бантиктің екі данасы 800 теңгеден сатылуда. Ер балаларға арналған костюм-шалбар да өткен жылға қарағанда қымбаттаған. Сапасына қарай 10 мыңнан бастап, 30 мың теңгеге дейін кездестіресіз. Ал спорттық киімдердің бағасы 10000 мың теңгеден басталып, ары қарай құны арта береді. Сөмкенің орташа бағасы 6000 теңгеден саудалануда. Аяқ киімнің құны да шарықтап тұр. 5-6 мыңнан бастап, 12-15 мыңға дейін алуға болады. Жалпы базардағы киімдер Қытай, Бішкек, Түркия, Ресейден тасымалданған деп бөлінеді. Соған қарай бағасы мен сапасы да әрқилы. Кітап, қалам, қарындаш… Базар сөрелерінде көздің жауын алатын кітап, қаламдар толып тұр. Қытайдікі керек пе, Қырғыздікі керек пе, Ресейдікі керек пе, шамаңа қарап ала бересің. Әрине, жұрттың көпшілігі сапасына мән беретіні анық. Сапалы заттың бағасы да қымбат келетіні белгілі. Оқу құралдарын базардан басқа да арнайы канцелярлық дүкендерден сатып алуға болады. Бағалары да шығарылған фирмаларына байланысты сан түрлі. Тек қалтаңда қомақты ақшаң болсын. Ата-аналар да оқу-құралдарын шамаларына қарап таңдап алып жатыр. Осындай қарбаласта жүрген екі-үш ата-анамен пікірлесіп те үлгерген едік. – 1 қыркүйек жақындап қалды. Науқан кезінде бағалар көтеріліп кете ме деп биыл ертерек қамдандым. Елдің бәрі баласын жетектеп, мектепке дайындықты бастап кеткен. Екі баланы киіндіру 100 мың теңгенің үстіне шығады. Оқу құралдарын бөлек сатып аламын ғой. Қазіргі балалар біз секілді бірінікін-бірі кимейді. Барлығын жаңадан алу керек. Өзім де балаларыма қатарынан қалмасын деп қалағанын әпергім келіп тұрады, — дейді Қалбибі Нұрышева.

— Мен оқу-құралдарын базардан гөрі арнайы кітап-қалам сататын дүкендерден алғанды жөн санаймын. Өйткені, дүкендегі тауарлардың сапасы жақсы әрі онда таңдау мүмкіндігі жоғары. Үш немерем мектепке барады. Қажетті құрал-жабдықтарының бәрін сатып алып жатырмын. Үшеуінің тек дәптер-қаламдарына ғана 45 мың теңге кетті. Сабақ басталған соң тағы да кем-кетік кітаптары мен қосымша дәптерлерін сатып әперу керек. Оған да аз ақша кетпейді, — дейді Әлия есімді аудан тұрғыны. Ал, Базаргүл атты көп балалы ана:

- Мектеп формасының материалы құртылмас үшін көп жумаймын. Қанша ұзақ шыдасын деп талпынғанмен бәрібір жылда жаңасын алуға тура келеді: сапасы нашарлайды немесе сыймай қалады. Үлкенінен қалған киімді кішісі киетін отбасыларға қызығамын. Ол отбасылық бюджетті үнемдеуге көмектеседі. Ал менің ұлдарым екі түрлі: үлкенім бойы ұзын, арық болса, кішім томпақ, бойы кішкентай. Сол себепті екеуіне екі бөлек алып беруге тура келеді. Оның үстіне ұлдарым жоғарғы сыныпқа көшкен сайын мектепке қажет керек-жарақ та көбейе береді,-деген еді бізбен әңгімесінде.

Бұл – ай сайынғы тұрақты табысы бар, балаларын мектепке дайындауға шамасы жететін отбасылардың жай-күйі. Ал елімізде жағдайы төмен отбасылар да жетерлік. Әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасылардан шыққан және қиын тұрмыстық жағдайдағы балаларға қолдау көрсету мақсатында жыл сайын «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы өткізіледі Бір ғана акция аясында былтырғы жылы мектеп және спорт формасы, оқу құралдары мен рюкзактар түрінде көптеген балаға көмек көрсетілді. Бұл үрдіс биыл да барлық округте жалғасын тауып жатыр. Бағаның қымбаттауына байланысты саудагерлермен де сөйлесіп көрген едік. Базар сыртындағы оқу құралдары мен балалар аяқкиімін қаз-қатар тізіп қойған сатушы көзімізге оттай басылды.

- Бізге келетін тауарлардың бәрі долларға байланысты. Қытайдан, Түркиядан келеді. Доллар көтерілген сайын саудагерлерге қиын. Баға былтырғыдан екі есе өсті. Біз тауардың үстіне 25-30 пайыз қосып сатамыз. Одан 6 ай сайын төлейтін салық, жалға алу құнын шығаруымыз керек. Оған қоса, көбіміздің басымызда несиеміз бар,-деді орта жастағы сатушы ер адам ағынан жарылып.

Көпшілік ата-ана майда-шүйдеге ақша көп жұмсалатындықтан кеңсе тауарларынан үнемдейді екен. Олар мұндай қажетті заттарды алу үшін арнайы жәрмеңке ұйымдастырылса деген тілектері барын да жасырмады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: қарапайым отбасындағы бір баланы мектепке дайындауға кемі 50-60 мыңдай қаржы жұмсалады. Бұл мектеп жасындағы бірнеше баласы бар ата-ананың қалтасына айтарлықтай салмақ түсірері анық. Қыркүйек келіп, күз түскенде оқушылар асқақ арманмен алтын ұясына беттейді. Әлемдік білім бәсекесіндегі қабілеттілік бүгінгі бүлдіршіндерден бастау алары айқын. Балғындар жақсы көңіл-күйде лайықты білім алып, бағытын айқындаса, бағындырар биік те жақын болмақ. Иә, ұрпағының алаңсыз білім алуына жағдай жасап, бақытты балалық шақ сыйлаған әр әке мен ана үміті ақталар күнге жетсін.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT