Мектебінің мерейін үстеген мәрт азамат

(0 Votes)

Әбу Сәрсенбаев атындағы жалпы орта мектебінде «Түлегіміздің тағылымды кездесуі» тақырыбында мектеп түлегі, меценат, кәсіпкер Нұрасыл Уәлиұлымен кездесу кеші өтті.

Шара тізгінін ұстаған Гүлдана Рахметоллақызы кейіпкердің өмірдерегімен таныстырды: - Нұрасыл Уәлиұлы 1988 жылы Карл Маркс атындағы орта мектебінің бірінші сыныбына қабылданып, өзінің зерек те алғыр қасиетімен 1990-1991 оқу жылында бірден екінші сыныптан төртінші сыныпқа қабылданады. Мектепті үздік бітіріп, Атырау қаласындағы Х.Досмұхамедов атындағы университеттің «Физика-математика» факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын да үздік аяқтап, еңбекке білек сыбана араласып келеді.

Шара барысында алғашқы ұстазы Мәнсия Сүндетқызының оқушысы туралы жылы пікірін, арнау өлеңін айтқан бейнежазбасы лэд экран арқылы көрермен назарына ұсынылды. Кеш қонағы мектеп бітіруіне 25 жыл толуына орай білім ордасының материалдық-техникалық базасына жалпы құны 5 млн теңгені құраған 2 интерактивті панель, дыбыстық аппаратура, спорттық доптарды сыйлыққа табыстады. Сондай-ақ, оқушылардың қойған сұрақтарына тұщымды жауап беріп, ой бөлісті. Барша ұстаздарына, физика-математика пәніне алғаш сүйіспеншілігін оятқан мұғалімдеріне ерекше алғысын білдірді. Мектеп директоры Жастілек Қишуұлы мен ардагер ұстаз Берік Ихсанұлы шәкірттерінің өте зерек болғанын, көптеген белестеріне адал еңбек, мол білім, үздіксіз ізденістің арқасында қол жеткізгенін мақтанышпен айтты. Шарадан соң Нұрасыл Уәлиұлы өзі оқыған пән кабинеттерін аралап, мектептегі қызықты сәттерін, өмірден өткен ұстаздарын еске алды.

Тағылымды жүздесуден ерекше әсер алған ұстаздар мен оқушылар туған жер, мектебінің абыройын асқақтатып, мерейін үстеген мәрт азаматқа ақ ниет-тілегін жаудырды.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521