Малы қоңды, өрісі төлді

(0 Votes)

Халқымыз бірі-бірімен сәлемдесіп, амандық-саулық сұрасқанда ең алдымен: «Мал-жаның аман ба?» деп сұрайды. Осының өзі-ақ, қазақтың өмірінде, күнделікті тұрмыс-салтында төрт түліктің аса маңызға ие екенін көрсетіп тұр емес пе?! Кең сахарада мал баққан шаруа үшін төрт түліктің амандығы, жаңа туған төлдің жағдайы әрдайым басты назарда болады. Дәл қазіргі уақыт Абай атамыздың өлеңінде айтылатындай, қой қоздап, түйе боздап, қорада шу боп жатқан қауырт кезең.

Шопан ата тұқымының көбеюіне сүбелі үлес қосып отырған іргелі шаруашылықтардың бірі – Мақаш өндірістік кооперативі. Шаруашылықтың «Құланбай» мал қыстауында бір отар қой, нақтырақ айтқанда, 400 бастан астам асыл тұқымды еділбай қойы бар. Дәл қазіргі уақытта Есмағзом Рашев, Тоты Мансұрова сынды малшылар қой төлдету науқанын жауапкершілікпен өткізу үстінде. Әрине, саусақ бірікпей, ине ілікпейтіні секілді, бұл жерде іс шаруашылықтың басшысынан қосшысына дейін атап айтсақ, мал шаруашылығы жөніндегі менеджер Ибатолла Қалиев, бас маман Ерболат Шайхымеденов, ферманың жауапты маманы Жасұлан Дүйсенбеев, т.б азаматтардың асқан ұйымшылдық қасиетінің арқасында тыңғылықты атқарылуда. - Қазір қыстауда қарбалас шақ. Олай дейтініміз, қойлар жаппай төлдеп жатыр. «Қой шелді болмай, төлді болмайды» деген аталарымыздың сөзі бар. Табиғаттың тосын мінездері салдарынан жерге көктің кеш шығуы байқалады. Алайда қыс бойы жақсы күтімнің әсерінен қойларымыз қоңды. Бұл да малдың төлдеуіне елеулі әсер етеді. Қазір отардың 70 %-ы төлдеп үлгерді, науқан мамыр айының басына дейін жалғаспақ.   Шопандардың жұмысын жоғары деңгейде атқаруы үшін мүмкіндігіміз жеткенше бар жағдайды жасаудамыз. Жер шалғай болса да, мал қыстағы электр энергиясымен қамтылған, қызметкерлерге жалақылары кешіктірілмей, керек-жарағы уақытылы жеткізіледі. Алынған төлдерді шығынсыз өсіруге жинақталған іс-тәжірбие аянбай жұмсалуда. Өйткені, әлем жұртының мазасын алып, елімізге жаппай қауіп төндіріп отырған жаман індеттің салқыны күнкөрісіміздің көзіне айналған малымызға тимесіне кепілдік жоқ екенін толық түсіндік,-дейді кооператив төрағасы Жеңіс Әбілқайыров.

malshylar1

Дәл қазір қойы қоздап жатқан малшы қауымның бір сәтке де демалуға мұршасы жоқ. Себебі мал төлдетудің өз машақаты бары рас. Оны малшылардан артық ешкім жіті біле бермейді. Олар әр 2-3 сағат сайын қорадағы малды аралап, жаңа туған төлдерді бөледі. Өрісте туған малды тасып әкелу де – жауапты жұмыс. Қозыларды ауыздандырып, тұратын жерінің де жылы болуын қадағалайды. Туған қойлар әлденіп, қозылар толықтай аяқтанған соң сақпанға қосып, шетінен өріске шығарады. Қойларды жеке-жеке қадағалап, қыстаудан ұзатпайды.

malshylar2

«Мал баққанға бітеді» деген қазақы даналық осындай еңбекқор шаруаларға қаратып айтылғаны шүбәсіз. Жалпы, еңбек етсем деген адамға қашанда жұмыс табылады. Тек ісіңнің қыр-сырын білуің керек. Аталған «Мақаш» өндірістік кооперативі істің көзін таба білген. Жұмыс қаншалықты ауыр болса, қайтарымының да соншалықты екендігін өмірдің өзі дәлелдеп отырғанын осындай жанкешті жандар арқылы білуге болады.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521