Қоңыр күздің алғашқы айы шаруагерлер үшін қарбалас тіршілікке толы. Себебі енді біраздан кейін жүзін қара бұлтпен жауып, қабағын түйген жауынды күндер, одан кейін аязын ат қылып мініп, боранын ойнатқан қыс жетеді. Қыс өзін лайықты қарсыламағандарды аяй қоймай, қаһарын төгері анық. Сондықтан, мал азығын күздің шуақты күндерінде дайындап үлгеру төрт түлігін өргізген шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындары үшін басты мақсат. Бұл жұмыс қалай жүруде? Көзбен көріп, жағдайға қанықпақ ниетпен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Асқар Мұфтах Нұржау ауылдық округіндегі «Алғаяз» шаруа қожалығында болды.

Аталған қожалықтың басшысы Оразғали-Серік Алғаязовтың айтуынша шаруашылықтың шабындық жері 132 гектарды құрайды. Біз барғанда біраз жері шабылып болыпты. Басында бірнеше техника мен жұмысшылар жүр. Жазық далада орамдалып байланған шөптер (рулон) әр жерде теңкиіп жатыр. Бір шетінен бастап тасымалдаушы көлікке тиелуде. Шабындықтан шалғынның жұпар иісі мүңкиді. Күзгі күн жаздағыдай жер апшысын қуырып тұрған жоқ. Ақша бұлттар арасынан сығалап, жұмсақ сәулесімен жер-ананы еркелете аймалайды. Нағыз жұмыс жасайтын шақ.

– Біздің жігіттер өткендегі қатты ыстықта да уақытпен санаспай еңбек етті. Шабушы әрі бригадир Нәжиден Қуанышқалиев, шабушы Жеңісбек Есқалиев, тайлаушылар Азат, Орынбек, үюші Жігер Алғаязов, тырмалаушы Райымбек Қуанышқалиев, тасымалдаушы Бекжан, Ерғанат Қуанышқалиев, аспаз Ақсаяға ризашылығым шексіз. Осы қарқынмен қысқы мал азығын дайындауды қыркүйектің 20-сына қарай аяқтаймыз. Қазір мұнда 9 техника жұмыс жұмылдырылды. 1 тіркемелі «Камаз» автокөлігі, байлаушы, тайлаушы,шабушы, түюші, тасымалдаушы 7 трактор және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуші 1 бульдозер жұмыс жасауда. Биыл өр суы дұрыс келген жоқ. Өткен жылы осы шабындықтан 11 мың орамшөп дайындасақ, қазір 7 мыңдай болып тұр. Шаруашылығымызда 5 адам жұмыс жасаса, оның 3-і зейнеткер. Қазір тракторге отыратын жастар табу қиын. Механизатор болуға ынталы емес. Өз тарапымнан аудандық агроколледжбен меморандумға отырып 3 адамды тауып, оқытып жатырмын. Біреуі әскерге кетті, келген соң шаруашылығымызға жұмысқа орналасады. Зейнеткерлік жасқа жақындап жүргендердің үшеуін аудандық мансап орталығы арқылы «Күміс жас» бағдарламасы бойынша жұмысқа алып отырмын. Олар зейнеткерлікке шыққаннан кейін де 1 жыл жұмыс жасауына болады. Маусым кезінде 11 адамды жұмысқа тартамыз. Осы шаруашылықты құрғаныма 30 жыл толды, – дейді «Алғаяз» ШҚ басшысы Оразғали Алғаязов.
Бұл шаруашылық ауыл тұрғындарына және басқа да округтерге 3500 орамшөппен көмектескен. Зейнеткерлерге тегін жеткізеді. Сатып алушылар өз техникаларымен келсе, 1 орамшөпке 5 мың, қожалық жеткізіп берсе 7 мың теңге төлейді. Округ әкімдерімен бұл жөнінде меморандум жасалған. Сегізінші бекет, Жыланды, Көптоғай ауылдарынан да келіп шөп алады. «Алғаяз» шаруа қожалығы үш жерде 15-25 сиыр, 7 түйе сауып аудан тұрғындарына сүт, құрт, сары май, шұбат өнімдерін, жылқы, түйе етін ұсынып жүр. Өнімдеріне сұраныс бар. Жәрмеңкелерге үзбей қатысады. Асыл тұқымды бұқа алып, мал басын түрлендірумен, асылдандыру жұмыстарымен айналысуда. Техникаларын жаңалап, «Қазагрофинанс» АҚ облыстық филиалы арқылы лезингке 1 трактор, ауыл шаруашылығы агрегаттарын алып, 1 тракторге ақша төлеп қойған. Әрине, күрделі мәселелер де жоқ емес.
– Барлық шаруа қожалықтарына қажетті нәрсе мал азығын облыстан дайындауға субсидия беру. Өр суы көп келген жылы оны тыйып тастады. Онсыз жұмыс жасау қиын. Солярка, техникалардың қосалқы бөлшектері, орамшөп байлайтын шпагат жіпке дейін қымбат. Бәрі айналып келгенде өнімнің өзіндік құнын арттырады. Жыл басында субсидия төлесе орамшөп бағасы арзандар еді, – дейді Оразғали ағамыз шаруа қожалықтарының мұңын шертіп, ортақ түйін тарқатылса екен деген ұсынысын жеткізіп.
Шабындықта аралап, жұмыс барысына, дайындалып жатқан шөптің сапасына көңілі толған аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Асқар Зинетоллаұлын сөзге тартқанымызда: – Ауданның барлық меншік нысандары бойынша 2025-2026 жылдардағы қыстаққа жоспарлы 86500 бас мүйізді ірі қара, 175450 қой-ешкі, 42100 жылқы және 5200 түйе малдары қалдырылады деп жобаланып, оған зоотехникалық норматив бойынша 131051 тонна пішен қажет деп есептелді. Жалпы аудан 13413 гектар шабындық болса, оның 2803 гектары босалқы жерлер.
Округтерден түскен мәліметтерге сүйенсек мал азығын дайындау науқанына 25 автокөлік, 126 әртүрлі маркадағы тракторлар, 225 тіркемелер және 205 ауыл шаруашылыға агрегаттары және 110 адам қатысуда. Шөп дайындаушы бригадалар саны – 21. Күні бүгінге дейін 108 000 тонна мал азығы дайындалып, жоспар 83 пайызға орындалды. Науқандық жұмыс әлі жалғасуда, – деді.
Қанат ҒҰМАРОВ