Халық аса құрметпен Мақаш әкім деп атап кеткен Мұхамбетжан Шолтырұлы Бекмұхамбетов – белгілі қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым. Ол ХІХ ғасырдың екінші жартысында Бөкей ордасының Теңіз жағалауы қисымдарының басқарушысы, хан ордасындағы уақытша кеңестің кеңесшісі болған белгілі тұлға.
Аудан орталығында оның өмірінен мағлұмат беретін тарихи жәдігерлер азда болса әлі кездеседі. Соның бірі - ұлағатты ұстаз Зоя Жәнібекованың есімі берілген көше бойындағы ағаш үй. Аптаның басында көненің көзіндей болған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнату рәсімі өтті. Тағылымды істің жүзеге асуына Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті ұйытқы болды.

Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмақай Ғұмаров Мақаш әкімнің өмір жолынан, атқарған елдік істерінен хабардар етті.




Аталған университтің ғылыми жұмыстары жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамиға Таңатарова да мемлекет және қоғам қайраткерінің ағартушылық жолына тоқталып, оның өз қолымен жазылған құндылығы жоғары еңбектерін Санкт-Петербург музейінен алдырту жөнінде келіссөздер жүргізу, мемлекеттілігімізді айқындауда айрықша еңбек сіңірген Мұхамбетжан Бекмұхамбетов пен Уалитхан Танашевті «Қазақстанның тарихи тұлғалар тізіміне» енгізу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтты. Атырау облысы мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Раиса Тастемірова да ұлы тұлғаны ұлығылау туралы ойымен бөлісті. Мемориалды тақтаны ашу құрметіне Мақаш әкімнің туысы Гүлмира Ташанова мен ардагер журналист Жұмақай Ғұмаров ие болды.

Айбек МЕЙІРМАН


