Мақаш округінің қасиетті жерлері

(0 Votes)

Аттарының өзі ән салып тұр

Санамыз қазақтың өткеніне байыздап, өзіміз өткелінен су ішкен бүгінгі уақытта ел мен жердің атаулары сырына үңіліп, қасиетін ұлықтағанымыз бек жарасымды. Қазақтың қай жері де қасиетсіз емес. Десек те, ерекше тоқтап, арғы-бергі тарихына үңіле түссең ерлік пен елдіктің не бір жүрек иітер сәттері көз алдыңа мықты суретшінің полотноға керілген картинасындай керілері хақ. Тек ойша тілдесіп қара, аз-кем деректерімен тұшынып көр! Зәмзам суын ішкендей жаныңыз рахат табарына мен кепіл. Иегіміздің астындағы Мақаш ауылдық округінің мына кие дарыған мекендеріне осы жасқа келгенше табан тигізбегеніме ішкі дүниемді ақтарып ах ұрғанда қайтейін. «Алтай ішкен», «Нар өлген», «Бекмембет сарайы», «Ақ пышақ», «Құс қонбас», «Сәт баба», «Баянас әзі», «Құланбай өңір», «Жота-қарауыл төбе», «Қалмақ қорған», «Соқыр Есжан бейіті», «Шығай қонысы», «Сасықтау», «Қызыл тау», «Иман қызыл», «Сүтемген би шағылы» тағысын тағылар. Айтарымның өзі бағзының дабылын қағып, сырын шертіп ән салып тұрған жоқ па? Аз-кем тарихын зерделеп берген ауылдың азаматтарына бас иер тағзым! «Рухани жаңғыру» аясында жас ұрпақты саяхаттатып, жадыларына отаншылдық тәрбие дәнін ексе ғой, шіркін! Мүмкін, әлі де болса кеш емес, ойланармыз! Қолымыздан келгенінше ықшамдап тоқыған кесте-тарихынаи ойыңызды сіз де малып көріңіз, қадірлі оқырман!

Автордан

Алтай ішкен

Бұдырлы жердегі биік ақ шағылды дөң. Мақаш округіне қарайды. Аудан орталығының терістігінде жүз шақырымдай жерде орналасқан. Уақ көздерден бұрқақтанып өнетін суы тұщы мол, құдығы тайыздан шығады. Ертеде ел тұрағы болған. Аңызға сүйенсек, бұл жерде Сарай-Бату (250-300 шақырым), Сарай Берке (350-380 шақырым) мен Алтын Орданың Жайық бойындағы сауда орталығы Сарайшық қаласы (150–180 шақырым) арасындағы керуен жолының бойында орналасқан. Жүргіншілердің дем алатын бекеті болған делінеді.

Бөкей ордасы тұсында тұрақты ел қоныстанған. Кеңес үкіметі кезінде малшы қауымның жаздық жайлауына пайдаланылған, кейде қыстақ орын да болған. Негізгі өсетін өсімдіктері: жусан, шағыр, қияқ, бидайық, жыңғыл. Көктемде мортық, шытыр, қоңырбас, ебелек сынды эфимер шөптер қаулап шығады. Басқа да желкек, құмаршық, сағыз сабақ, бос түп сынды өсімдіктер де кездеседі. Ықтасыны мол, мал ұстауға қолайлы. Тағы аңдардан: қоянның жымы мол, түлкі, қарсақ, қасқыр, қабандар ұшырасады. Құмның тышқаны, қосаяқ, батпалары баршылық. Жолаушылардың бағытын анықтауға алыстан көрінетін белгідей әсері бар.

Нар өлген

Нар өлген – Сасықтаудан әрі қарай арқа бағытында 5 шақырым аралықта орналасқан жер. Ол жерде күнінде атақты, дәулетті адамның көзге түсерліктей нары өлгендіктен, Нар өлген деп аталған. Әлгі бай қанша малы болсада осы нарына қатты өкініпті–мыс. Құдығы – тұщы, жері – жайлы, құнарлы келеді. Мақаш округінің малшылары қоныстанып келді. Қыр өңірі өсімдіктерінің неше алуан түрін осы Нар өлгеннен кезіктіруге болады. Әлі де мал мен жанның өсіп-өнуіне қолайлы құт мекен, құнарлы дала.

Бекмембет сарайы

Бекмембет – Мақаштың арғы атасы, Бөкей ханның биі болған. Қайтыс болғаннан кейін, Сасықтаудың батыс етегінде жерленген. Ол кісінің бейітін негізінде сол жердегі саздан, биенің сүтінен, жылқының қылы мен қойдың жабағысын араластырып салған. Төбесі жабық болған. Сол себепті Сарай деп аталған. Тіпті сол маңайдан күндіз-түні өткен жолаушыларға жылдар бойы пана болған. Бұл жерді көптен Мақаш округінің малшылары жайлаған. Төрт түлікті төлінен өркендетіп, ел дәулетін еселеуге молынан үлес қосып келген киелі өңір.

Ақ пышақ – ел тұрағы, хан орны.

Ақ пышақ – биік, қатқыл көк төбе. Хан жайлауы болған жер. Заманында жаз айында ақ киізге отырғызып Жәңгірді хан етіп көтерген осы орын. Сасықтаудың етегіндегі үлкен биік төбелерден тұратын маңғаз өлке. Ақ пышақ деп аталуында бір үлкен сыр жатыр. Бірақ ол дерек бізге жетпеді. Мақаш округінің малшылары жайлау ретінде пайдаланып келді. Жәңгірдей сұңғыла ханға қатысты болғандықтан ел-жұрт киелі санайды. Талайды бастан өткерген Ұлы даланың қасиетті бір пұшпағы ретінде дәріптеледі.

Қазақ шоқы

Қалмақ төбемен қанаттас орналасқан, ара қашықтығы шамамен 2-3 шақырым. Қазақ пен Қалмақтың соғысында қазақтың мықты бекінісі болған жер. Десе, дегендей айнала маң алақандағыдай көзге көрінеді. Яғни жаудың қай бағыттан келе жатқанын білуге аса қолайлы. Көктемде талай қырғыннан қалған қан дағындай қызғалдақтары құлпырып, сары-ала гүлдері жайқалып өседі. Біраз жылдардан Мақаштық малшыларға шырайлы қоныс.

Құс қонбас

Исатай мен Махамбет соғысы кезіндегі, Исатай татыры жанындағы тыныш тегістік алқап Құс қонбас деп аталған. Айтса айтқандай, құс қонатындай пана не қалқа жоқ. Бедірейген меңіреу дала. Бұрынғы өткен бабалар қонысқа қолайлы емес, мына андыздаған далаға адам түгілі құс қонбас деп айтты деген аңыз бар. Ал, өштескен екі жақтың бетпе-бет келіп ұрыс салуына өте қолайлы екені көрініп-ақ тұр. Бұл тегістікті де Мақаштық малшылар иеленген.

Сәт баба

Сәт баба-қорым. Сәт деген кезінде асқан аруақты, сынықшы болған адам. Руы – Жайық, оның Құттығай бөлімі. Сол марқұмның жерленген орыны. Мақаш ауылдық округінің мал жайлауы. Алыс-жақынға танымал мекен. Сонау бір жылдары Сәттің аруағына сыйынғандар көп келеді екен. Қорым басынан жеті түнде маздай жанған шырақты Сәт атаның аруағына балайды осы төңіректің ырымшыл жұрты. Бұл маңды бетке ұстағандар "Сәт баба басына жақын қалдық" деп іштей тынышталып, саулықтарына сауға, істеріне береке тілей бастаған. Қалың қазаққа шапағаты әлі де тиюде, тие бергей!

Манан қорымы (Манат)

Сасықтаудың батыс өлкесінде өмір сүрген М.Өтемісұлының қайын атасы. (Қызы – Ұлтуған) Руы Шеркештің Қылыш-Қестен бөлімі. Мәйіті Сасықтаудың құбыласы «Қайралап» деген жерге жерленген. Содан Манан (Манат) қорымы аталған. Мақаш ауылдық округінің малшылары жайлауда отырды. Өңір халқы Манан қорымы деп кие тұтқан, құран-дұға бағыштауды ұмытпаған. Малшылар ырыстарына береке тілеп, мал шалып келген. Белгілі бір қасиеті не батырлығы болса керек, әйтпесе халық кегін қайтаруға жаралған ұлы күрескерге ата болу оңай ма?.

Баянас әзі – киелі орын

Баянас негізінен батыстан шығысқа созылып жатқан сарылық. Ол жерден кезінде қасиетті су шыққан, ол судың емдік шипасы болған. Тұрғындар сырқаттарға ішкізіп, т.б. ем-дом жасап келген. Түрлі жараларды тез жазған. Есімі Баянас ғасырлардан жалғасып ұмытылмай келе жатқанында, әзі атануында үлкен сыр жатыр. Ол сырдың сырт ашылар құлпы бұрынғы өткендердің қолында кеткен. Мақаштық малбегілердің ен жайлауы.

Құланбай өңір

Құланбай – батыр болған кісі, бұл ара сол батыр жайлаған жер. Онда Мақаш округінің малшылары отырған. Бұл баба батыстан келер жаудың жолына тосқауыл қойған, әсіресе қалмақтармен қылыш қидаластырып, найза сүңгілесіп, жауын жайпаған батыр, шамасы. Аз қалған аңыз солай дейді. Тұтастай өңірді иеленіп жатқанына қарағанда тегіне адам емес, сірә. Тектіміздің бірі.

Жота – қарауыл төбе

Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісте өте биік төбе болғандықтан қарауыл қойған жері. Көнекөздер, жергілікті тұрғындар солай деп келді. Бүгінде Мақаш ауылдық округінің малшылары жайлайды. Қос батырдың табаны тиген қасиетті биікті халық әлі де киесі бар деп санайды. Топырағын түйіп алып тұмар таққандар қанша ма? Ерлікті қастерлеу деген осы. Қолыңнан келсе сен де бір төбе болып қал дегенге сияды.

Қалмақ қорған

Ол қалмақ пен қазақ соғысында бекініс болған жер. Мақаш округінің малшылары жайлаған. «Керей ашығынан» 6-7 шақырым шығыста орналасқан. Дана қазақ атауды жер мен елге тегіннен-тегін бермеген. Қарап тұрсаң маңғаз шоқылар мен піл сауырлы биіктер, қиялай шөккен жал-жал құмдар бекініске лайық екенін айғақтайды.

Соқыр Есжан бейіті

Көнекөз қариялардың және өткен тарихымыздың айтуынша өте талантты күйші болған адам. Ел-жұрттың бүгінгі дерегі. Соқыр Есжанның жерленген жері (мәйіті) сегізінші және тоғызыншы разъезд аралығында болған. Кезінде қазіргі темір жол салынуына байланысты бұл маңдағы қауымдар бұзылып, бірақ жергілікті халық осы араны әлі де Соқыр Есжан бейіті дейді. Мақаш ауылдық округінің малшылары жайлауда отырады. Не десекте аталған екі разъезд аралығы Соқыр Есжан бейіті аталып кеткен, ол жойылмақ емес.

Шығай қонысы

Кетенің Ақ төбесінің құбыла бағытында, Көнеу елді-мекенінің арқа тұсында Шығай қонысы болған. Бөкей ханның туысы саналады, Жәңгір ел билегенше Шығай сұлтан ел басқарған. Содан Шығай қонысы атанып кеткен. Бұл да жылдардан-жылдарға, көнеден-бүгінге көшкен жойылмас дерек. Өңір тұрғындары әйгілі ханға қоныс болған осы бір бұдырлы бел-белестерге ойлана зер салумен келсе, ел мен жерді қастерлегені деп ұғынайық.

Иман қызыл – киелі орын.

Мал жайлаған қызыл биік төбе. Оны Мақаш округінің малшылары ұзақ жылдардан қоныс етіп келді. Орналасқан жері Сүтемгеннің тіке құбыласы, Сазды елді – мекенінің шығыс жағы. Иман қызыл атануы бағзы жылдарда Иман есімді бір мейіріміді, атына заты сай иманды жан осы араны жайлапты. Етегі қырдың құлпырған шөбіне толы қызыл жал шағылдар әлі күнге алыстан мен мұндалайды. Өткен-кеткен көшпелі жұрт Иманның қызылы атапты деген әңгімені естіп өстік. Қазіргі келбеті де осы әңгімеге куә болғандай.

Сасықтау

Сасықтау 10-12 шықырым шамасы шығыстан батысқа қарай созылып кетеді. Ені 4-5 шақырым арқадан құбылаға қарай орналасқан. Ортасындағы үлкен сор 3-4 шақырым бөлікті алады. Сор асты (сероводород күкірт) күкіртке толы екендігі анықталған. Ол және жер бетіне жақын орналасқан деген болжам бар. Сасықтау теңіз деңгейінен 14 метр биіктікте көтеріңкі жатыр. Мақаш ауылдық округінің малшылары орналасқан өте шұрайлы, киелі мекен. Сасықтау бойынан да қазақтың зиялы, біртуар ұлдары түлеп ұшқан, баурайында не бір аруақ иелері жатыр. Олар жайында жазылған шығармалар, құнды деректер бар.

Қызылтау

Арқадан құбылаға қарай 3-4 шақырымға созылған өңір. Ені 500 метр шамасында. Жер беті құм, қиыршық тас аралас болғандықтан жергілікті адамдар Қызылтау атаған. Мақаш округінің малшылары жайлаған жер. Қызылтау да құпия сырын ішке бүгіп жатыр. Жер асты қойнауын барлап көрсе пайдалы қазбалар болуы мүмкін деген болжамдар айтылады. Ол келешек уақыттың еншісінде.

Сүтемген би шағылы (моласы)

Сүтемген би – Алаша – Қоңырбөрік, оның Жайықбай бөлімінен. Бөкей хан тұсында таңдаулы билерінің бірі болған. Бөкей өлген соң Шығай сұлтан ел басқарған шамада орда маңайынан (Барша құм, Көмбеліден) қоныс аударып, Теңіз жағалауы округіне Жайықбай Қаратөбесі белгілеп берген жерге келіп қоныстанған. Бұл жер Жайықбай Қаратөбесінен жайлауға, солтүстікке қарай 50-55 шақырымда орналасқан биік шағыл. Сүтемген би шағылы немесе Сүтемген би моласы деп те атайды.

Айтулы, көреген биден бес бала тараса, олары Таймырза, Көтей, Тасболат, Жекеміс, Көң. Олардан өрбіген ұрпақтар Атырауда, Ақтауда, Алматыда, Семейде, Самарада және осы Құрманғазы ауданында тұрады.

Мақаштық белсенділер: Әдиятов Ізтұрған, Абілхайыров Жеңіс, Тайыров Кендебай,

Құсайынов Қыдырсиықтың дерегін жүйелеген журналист Таңатар Дәрелұлы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521