"Мұз үстінде көлік шұбырып жүр"

(0 Votes)

Құрманғазы ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысын оның төрағасы, аудан әкімі Қайрат Нұртаев жүргізді.

Қайрат Талапұлы комиссияның бұл отырысы аудандағы браконерлікке қатысты ахуалды талқылау мақсатында ұйымдастырылғанын қаперге берді. Осыған орай құзырлы органдардың бұл бағыттағы атқарған жұмыстары тыңдалды.

anat-aa-zhinalys1 

«Құрманғазы» шекара бөлімінің басшысы, майор Юрий Гафаровтың айтуынша өткен жылы желтоқсан айында 18 заң бұзушылық анықталған. Браконьерлікпен айналысатындар мұз үстінде жеңіл көлікпен, мотоциклдермен, мотороллерлермен қозғалған. Шекарашылардың оларды тоқтатуға мүмкіндіктері шектеулі, мұз үстімен қатынайтын құралдары жоқ. Тек бір рет мотоциклдің коляскісіне 3 қап сазан салып алған үш азамат құрықталған. 2021 жылдың қаңтарында Орман және жануарлар әлемін қорғау инспекциясымен бірлескен жұмыс нәтижесінде мұз үстімен қозғалған 37 азамат ұсталып, 5 жағдайда олардан қара балық табылған. Ақпанда 19 адам ұсталып, браконьерліктің 3 фактісінің жолы кесілген. Заңды тұлғалар тарапынан құқық бұзушылықтың мұндай түрі орын алмаған. Балық тасушыларды аулайтын жерлерінен емес, жағалаудан құрықтағандықтан олар белгісіз адам сатып кетті немесе мұз арасынан тауып алдым деп ақталады екен. Мұндай жағдайда оларды браконерлер ретінде қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкін болмай отыр. Хабарламашыға комиссия төрағасы Қайрат Нұртаев, мүшелері Жандос Бектеміров, Магилан Рахимов, Маркс Мұстахишев тарапынан балық аулауға рұқсат беру, тәркіленген балықтар бойынша соттан өткен істер, рейдтерді жоспарлау жөнінде сұрақтар берілді.

Шекарамызды теңізден күзететін Маңғыстау облыстық шекара департаментінің үшінші дивизионы бойынша кіші катерлер тобының бастығы Бағдәулет Жаутиков өзіне қойылған сұрақтарға мардымды жауап қайтармады. Дивизонда үш катер, бір қайық бар. Алайда, олар қыста демалысқа жіберіліп, наурызда ғана теңізге шығады екен. Себебі, кемелер мұз үстінде жүре алмайды. Бұл қызмет ешқандай заң бұзушылықты анықтамаған. Аудан әкімі Қайрат Талапұлы жазда балық әкеле жатқан кемелерді неге тоқтататынын сұрағанда, ішінде шет ел азаматтары немесе заңсыз қару бар-жоғына көз жеткізу мақсатында жасалатынан айтты. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Тұрғали Жұмашев заңсыз балық аулаушылар туралы мәліметтердің өздеріне не себепті берілмейтінін сұрады.

Комиссия мүшесі, аудан прокуроры Магилан Рахимов: «Кемемен, қайықпен келе жатқандарды сіздің қызмет көрмей ме? Неге басқа шекарашылармен бірігіп жұмыс жасамайсыздар? Өз бастамаңызбен жоспар жасамасаңыз  жұмыс жүре ме? Жоспар болмаған соң жұмыс тоқырайды. Бүгін оған көзіміз жетіп отыр. Біз браконерлікпен күресті астында теңізге шығатын бір қайығы жоқ, қара жермен жүретін  полициядан сұрап жатамыз. Бұл жұмысты комиссия отырысында қайта қарап, дұрыстап ұйымдастыру қажет», деді. Аудан әкімі Қайрат Нұртаев: «Ауданымыздың емес, Атыраудың шекарашылары біздің браконьерлерді қызыл балықпен, қара балықпен ұстайды. Соны неге өзіміздің құқық қорғау органдары жасамайды? Облыс тарапынан бізді ешқандай рейд жүргізіп отырған жоқсыздар деп кінәлайды. Аймақтағы өзен-көлдері де, суда жүретін көлігі де көбі біздің аудан. Бірлесіп осы жұмыстарды жүйелендіруіміз қажет», деп комиссия хатшысы Маркс Мұстахишевке хаттамаға енгізуді тапсырды.

zhinalys-3

Аудандық полиция бөлімінің басшысы Тұрғали Жұмашев өз хабарламасында 2021 жылдың басынан бері 13 қылмыстық іс тіркеліп, 5 тонна 142 келі балық, 4 мотоцикл, 2 «Газель», 5 жеңіл автокөлік және 2 дана ау құралдары тәркіленгенін қаперге берді. Бұдан басқа қаңтар айында Азғыр ауылдық округіне қарасты Әділғали учаскесінде орналасқан жеке шаруашылықтан 106 дана киік мүйізі, тіркелмеген 2 дана аңшы мылтығы, оқ-дәрілер, «Yagi» маркалы мотокөлік пен қол ара табылған. Соңында тәркіленген 11 автокөліктерді қою орны бөлімнің ғимаратында қаралмағандықтан автотұрақ мәселесін шешуді сұрады.

Аудан әкімі Қайрат Нұртаев: «Мұз үстінде мотоцикл шұбырып жүр. Оларды ауданға қалай жеткізіп жатыр? Біз кейде құртақандай нәрсені көріп ұстаймыз да, одан көп үлкен мотоциклді кім әкелгенін байқамаймыз. Қазір балық аулау науқаны емес, заңсыз балықтарды қабылдауға кооперативтердің қандай құқықтары бар? «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады», дегендей біз жағада балық тасып жүргендермен қатар, оны аулап жатқандарды құрал-жабдықтарымен қолға түсіруіміз керек. Өз күшіміз жетпесе облыстан көмек сұрап ұйымдастырайық. Сонымен қатар жылдың төрт мезгілінде браконерлікпен қалай күресеміз? Бірлесіп жасалатын нақты іс-шараларға қырдағы киік, өзендердегі балық пен құс, демалыс орындары кіруі тиіс. Демалыс орындарына келгендер 5 келіден артық балық ауласа оның иелеріне де айыппұл салу керек», деді.

Қ.Ғұмаров

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521