Мәуліт мерекесі атап өтілді

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) туған күніне орай, Мәуліт мерекесіне арналған «Тәлімгер Пайғамбар тағылымы» атты салтанатты шара өтті.

Шараға Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Алтынбек қажы Ұтысханұлы, аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев, «Темірәлі» мешітінің бас имамы Мейрамбек Қожахметов, мешіт жамағаттары, округ әкімдері, бөлім, мекеме басшылары, ардагерлер, ауыл молдалары, жастар қатысты. LED экраннан Пайғамбарымыз (с.ғ.с) туралы бейнеролик көрсетілді. Ауданымызға танымал өнерпаз Қайрат Сайфуллин шараны жүргізу барысында Мәуліт мерекесін атап өту абзал амалдардың бірі екеніне, Алла елшісін жақсы көру иман негіздерінің бірі екеніне тоқталып, қысқаша өмірдерегінен хабардар етті. «Темірәлі» мешітінің найб имамы Еламан Бегалиев Құран оқыды.

img_8386

Аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев қатысушыларды Мәуліт және Тәуелсіздік мерекелерімен құттықтап өтіп: – Егемендік алғалы мемлекетімізде мұсылманшылыққа бет бұру жылдан-жылға күшейе түсуде. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің туған күнін атап өту елімізде дәстүрге айналды. Жүрегіне иман ұялаған, мейірім мен қайырым шуағына бөленген адамзат баласы өмір сүретін елдің болашағы зор, өміршең болатыны даусыз. Дін адамзатпен бірге жасап келе жатқан қастерлі де, қасиетті ұғым, әлемге ортақ құндылық. Қазақ елі де ондаған ғасыр бұрын исламды қабылдау арқылы осы өркениеттің ажырамас бөлігіне айналып, өзіндік үлесін қосып келеді. Бірақ, біз Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз қажет, - дей келе А. Ұтысханұлына аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті.«Алланың Елшісіне сағыныш хат» атты бейнеролик тамашаланды.

img_8384

Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының Атырау облысы бойынша бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Пайғамбарымыздың өмір жолы өнегеге толы екенін тоқталып өтіп: – Арабтар қыз бала дүниеге келсе ертеңгі күні басқа біреуге шығып кетіп, намысымызды қорлайды деген оймен тірідей көмген. Зинақорлық өте кең жайылған және оған ешкім тыйым салмайтын. Әйел заты адамға саналмады. Ішімдік деген суша ішілетін. Пайғамбарымыз өмірге келгеннен кейін қоғам түбегейлі өзгерді. Енді әйелдерді кемсітуге тоқтау салынды. Құранда «Әл-Ниса», яғни «Әйелдер» деген сүре бар. Хадистер: «Кім де кім үш қыз баланы жақсы етіп тәрбиелеп, дүниеге келген мақсатын ұқтырып, мәпелеп өсіріп, тиісті орнына қондырса – ол жұмаққа барады», «Жәннат ананың табанының астында» дейді. Осылайша ислам аналардың, жалпы әйел затының мәртебесін өсірді. Мұхаммед пайғамбар келген 23 жылдың ішінде-ақ зинақорлық, маскүнемдік, нашақорлық түбегейлі жоғалды. Адамдар бір-бірін, үлкенді де, кішіні де сыйлайтын болды. Басшыға бағыну, адал қызмет ету, дос-жаранмен, адамзатпен жақсы мәміледе болу керек екендігін халық ұғынды. Мұның бәрі бүгіндей темекіні, ішімдікті қойдыру үшін миллиардтаған қаражат бөлінбей-ақ, үгіт-насихат жүргізу, үлгі көрсету арқылы жүзеге асырылды. Бүгінгі қоғамда да сол кездегідей келеңсіз оқиғалар болып жатырғаны шындық. Некелеспей жақындасып жетім балалар өмірге келуде. Шыр етіп дүниеге келген сәбилерді дәретханаға, қоқыс жәшігіне тастап кету орын алуда. Оның Пайғамбарымыз келгенге дейін балаларды тірідей көмгеннен қай жері кем? Қоғамымызда өзін бағып-қағып тәрбиелеген ата-анасын қарттар үйіне апарып тастайтындар да табылады. Халықты басшыға, мешіттегі жамағатты имамға қарсы қойып, болмашы нәрсені дау қылатын жастарымыз да жоқ емес, - деп имандылығымыз арта берсін, еліміз бүліктен, жамандықтан аман болсын деген ізгі тілегін жеткізді. Облыстық «Иманғали» мешітінің алғыс хаттарымен қажылар Сәбит Қайыржанұлын, Ерболат Ғабитұлын, «Құрманғазы» қайырымдылық қорының басшысы Серік қажы Рахметоллаұлын, мешіт жамағаттары Жасұлан Бектеміровті, Бауыржан Нұрланұлын, Сағидолла Миллетұлын, Ерлан Тасқайырұлын марапаттады.

img_8405

Сондай-ақ салтанатты шарада әнші Толыбай Қажыгереев «Пайғамбарға арнау» термесін орындап, Доссор ауылдық мешітінің бас имамы Батырбек Ырысәлі Мәуліт шариф, Атырау медресесінің шәкірттері діни өлеңдер оқыды. Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадырбай Жармұхамбетов осындай шара ұйымдастырып жатқан аудан әкімдігіне, арнайы келіп қатысқаны үшін Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы А.Ұтысханұлына ризашылығын білдіріп, үлкендерімізді жастардың жат ағымдардың жетегінде кетуіне жол бермеу мақсатымен жүргізілетін түсіндіру жұмыстарына атсалысуға шақырды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521