Құм басқан ауылдың мұңы

(3 Votes)

Жаз шықса болды, үштағандықтар құм көшкінінен үйінді астына көміледі.

Күні бүгінге дейін оның алдын алу үшін түрлі шаралар қолданып жатса да, ешқандай әсері болмай тұр.Сондықтан тұрғындар өз бетімен әрекет етуге дәрменсіз.  Өйткені, өңірге жаңбыр аз түскендіктен шаңды дауылдан көз ашылмайды. Табиғаттың осы бір тосын мінезінен жапа шеккендердің бірі – Ақтолқын Ережепова, екі баланың анасы. Ауылдың құм басуға бейім шығыс бөлігінде тұрады.

 -Соңғы жылдары шағыл үйімнің кіре берісін құм толықтай басып, дәлізімді қиратып түсірді. Жел тұрған сәтте терезеден, есіктен үйге құм құйылады. Округте бар жоғы бір техника бар. Ол да босай бермейді. Ауылдастар сол трактормен аршып, күрекпен күреп көмектесіп жүр. Дейтұрғанмен, қолдан келер шарамыз жоқ. Көптің күші болмаса, өзіміздің әліміз жетпейді. Осылайша үйінді астында тіршілік етудеміз,-деп ашынған ананың жергілікті биліктен үміті зор екенін, бұл мәселенің алдағы уақытта шешілетініне сенетінін жеткізді. Облыстан арнайы комиссия келіп, оның тұрғылықты жерін қауіпті аймаққа жатқызыпты.

Сонымен қатар, мұндай өңірге төңіректің 10 гектар жері, яғни, ауданнан ауылға келер жол мен елді-мекеннің оңтүстік-батыс бөлігі де кіріпті. Құм төбелер ауылдың шығыс бөлігінен 4,5 гектарға, ал оңтүстіктен батысқа қарай бөлігінде 5,5 гектарға дейін созылып жатыр.

Бүгінде бұл шағын ауылда 150-ге жуық үй, 700-ден астам тұрғын бар. Көшпелі құм келгелі бері шамалары келгендер баспанасын бұзып, ауылдың басқа аймағынан үй алса, қалғандары осы табиғат құбылысымен күресіп келеді. Қазірде құм көшкіні жергілікті медициналық пунктті басуға шақ қалып тұр. Сусымалы құм самал желдің өзінен жер ауып, қозғалып отырады екен.

Әр жылда кезігіп отыратын бұл мәселенің қалай шешіліп жатқандығын білу үшін жергілікті әкімдікке хабарластық. Асан ауылдық округінің әкімі Гүлім Хабдрашитова әзірге жұмыла көтеріліп, өз бетімен амалдайтынын тілге тиек етті. Жоғарыда айтып өткендей, жалғыз техниканың босаған уақытын тосып отыратын көрінеді. Босай салысымен, құмды аршып, саз төгіп, тегістеуді бастағалы отыр. Мұндай үйіндімен күресу үшін өткен жылдың желтоқсан айында облыстық әкімдікке ұсыныс тасталып, наурыз айында құжаттар жасақталыпты.

–Біздің ауыл үшін қазіргі таңда басты ахуал – құм көшкіні, үйінділердің тұрғындар пәтерін басып қалу қаупі болып тұр. Осының алдын алмақ ниетте тастаған ұсынымыздың қарастырылып, сараптама нәтижесінің оң болуын күтіп жүрген жайымыз бар. Облыстан арнайы сарапшылар келіп, күрделілігі бойынша 10 гектардан 3-ке бөліп, алғашқы бөлігіне құрылыс жұмыстарының жақын арада басталатындығын айтты,-дейді Гүлім Жамалиденқызы.

Міне,Асан ауылдық округі әкімінің бізге берген мәліметі осындай. Сараптама қорытындысы алдағы 30 күн ішінде белгілі болмақ. «Басқа түссе баспақшыл» демекші, құрылыс жұмыстары басталғанға дейін әзірге тұрғындардың өз бетінше қызыл құммен алысуына тура келеді.

 

Жайдарлым Қайреден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521