ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ДӘРІПТЕП, ҚОЛӨНЕР ДӘСТҮРІН ЖАҢҒЫРТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЕРЕКШЕ ШАРА ӨТТІ. АУДАНДЫҚ АНАЛАР КЕҢЕСІ МЕН ОРТАЛЫҚ КІТАПХАНА БІРЛЕСІП ҰЙЫМДАСТЫРҒАН «ҚОЛӨНЕР – СЫРЛЫ ӨНЕР» АТТЫ АНАЛАРДЫҢ ҚОЛӨНЕР ФЕСТИВАЛІ ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ БАЙ МҰРАСЫН НАСИХАТТАП, ШЕБЕР ІСМЕРЛЕРДІҢ ӨНЕРІН КӨПШІЛІККЕ ТАНЫСТЫРДЫ.
Қазақ халқы үшін қолөнер жай тұрмыстық бұйым ғана емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухани мұра, ананың мейірімі сіңген нәзік өнер. Кестелі көрпелер, зерлі басқұрлар, ою-өрнекті кимешектер – ата-бабаның өмір салты мен дүниетанымын айшықтайтын құнды жәдігерлер.



Фестивальдің алғашқы бөлімінде Құрманғазы, Теңіз, Еңбекші, Мақаш, Орлы, Нұржау, Жаңаталап және Ақкөл ауылдық округтерінен келген шебер аналар өз қолымен жасаған туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Әр өңірдің қатысушылары ұлттық өрнектің мәнін, бұйымның жасалу жолын, оның қолданылу ерекшелігін таныстырып өтті.
Шараның келесі бөлігі кітапхана қабырғасында жалғасты. Мұнда қатысушылар өзін таныстыру, дайын туындысын қорғау, үйден әкелген бітпеген жұмысын осы жерде аяқтау сияқты кезеңдерде өз шеберлігін көрсетті. «Атадан қалған асыл сөз» атты интеллектуалдық сайыста қатысушылар мақал-мәтелді жалғастыру, салт-дәстүрдің мағынасын ашу, қазақы ырым- тыйымдарды түсіндіру, белгілі оюды қағазға түсіріп қиып көрсету сияқты сындардан өтті.
Фестивальге әділ бағасын беру үшін аудандық әжелер кеңесінің төрайымы, кітапхана әдіскері және аналар кеңесінің мүшелері сарапшы ретінде шақырылды. Олар әрбір туындының көркемдік деңгейіне, шебердің кәсіби тәсіліне, ұлттық нақыштың сақталуына ерекше мән берді.

Шара соңында ұйымдастырушылар аналардың еңбегіне ризашылық білдіріп, ұлттық өнерге деген құрметті арттыру бүгінгі ұрпақтың маңызды міндеті екенін атап өтті. Қолөнер – халқымыздың жаны, өткен мен бүгіннің алтын көпірі. Бұл фестиваль ұлттық мұраның заманауи қоғамда да өз құндылығын жоғалтпағанын тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Қатысушыларға алғыс айтылып, халық өнерін ұлықтауға бағытталған шара әрі қарай да жалғасын табатыны айтылды.

Ақбота ЖАЛҒАУОВА


