Ұлтты ұйыстырған ұйым

(0 Votes)

Шыны керек, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақ елі үшін қазақстандық патриотизмді насихаттап ғана қоймай, көпұлтты халқымыздың азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық біртектілік пен бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру мақсатында этносаралық келісімді қамтамасыз ету қажеттігінің туындағаны белгілі.

Сөйтіп, этносаралық қатынас саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғамдық институттармен өзара тиімді іс-қимылды жүзеге асырып, қоғамда этносаралық келісім мен толеранттылықты одан әрі нығайтуды жүзеге асыратын қоғамдық әрі азаматтық ұйым ауадай қажет болды. Бұған қоса, әлемнің әр шалғайында белең ала бастаған экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет ету, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыру үшін мемлекеттік органдарға көмек көрсету қажеттігі туындады. Жұрттың бәрі байыбына бара алмаған, шексіз бостандықтар берілген тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекетаралық егестерге, ұлтшылдық сезімнің өріс алмауына, қоғамдағы бір топтың келесі топқа қысым жасауына жол бермеу күн тәртібіне шықты. Елбасымыз Н.Назарбаевтың басты мақсаты қоғамдағы барлық этностардың толықтай құқығы мен бостандығын сақтай отырып, жергілікті, байырғы ұлтқа негізделген жоғары әлеуетті қоғам құру еді.

Сол бір ауыртпалыққа толы тоқсаныншы жылдардың алғашқы жартысында елдегі жаппай орын алған әлеуметтік-экономикалық дағдарыс саяси дағдарысқа ұласты. Қазақстанның болашақ даму жолын, мемлекеттің саяси бағдарын таңдау жөнінде пікірлер сан-салаға жарылып, түрлі саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар сан алуан бағыттарды жүзеге асыруды талап етті. Партияаралық күрес белең алып, әр тарап аталған үдеріске тұрғындарды өз жағына тарту мақсатында іс-әрекет жасады. Қазіргі уақытқа дейін кейбір мәселелері шешілмей келе жатқан мемлекеттік тіл, мемлекеттік сәйкестілік, жерге деген жеке меншік құқық мәселелері туралы қоғамда тұтас пікір қалыптаспай, түрлі топ жан-жаққа тартты. Сондықтан тәуелсіздіктің ең алғашқы күндерінен бастап Қазақстан халқын ортақ мақсатқа жұмылдыру, барлық этностық топтардың тең құқықта тұрмыс кешуіне жағдай жасау мемлекеттік ұлттық саясаттың басты, басым бағытына айналды. Ал, кез келген мемлекеттің саяси, экономикалық тұрақты дамуының басты шарты тату этносаралық қарым-қатынасты қалыптастыру екендігі тарихи тұрғыдан өзін толық дәлелдеген. Міне, осы тұста Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясын құру туралы мәселені батыл көтеріп ғана қоймай, 1995 жылы елімізде ҚХА құру туралы Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, Қазақстан Халқы Ассамблеясы өмірге келді.

Қазіргі таңда Қазақстан Халқы Ассамблеясы этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналып, елімізде тұрмыс кешіп отырған барлық этностардың өзара тең құқығын қамтамасыз етуші алаң рөлін атқаруда. Одан бөлек еліміздегі мемлекеттік бағдарламалар мен Елбасы Жолдауларын, Үндеулерін насихаттауда жетекші рөлге ие. Биыл Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толды. Осы уақыттар ішінде ұлтты ұйыстырған ұйым қоғамдағы тұрақтылықты сақтаушы, бірден бір органга айналғанын уақыттың өзі дәлелдеді. Негізгі бағыты барлық этностық топтарды ортақ мақсатқа жұмылдыру болып табылады. Ассамблеяның өміршеңдігінің ең басты ерекшелігі – ол этностық топтардың қызметін бақылаумен айналысатын қарапайым ұйымға ғана айналып қоймай, сонымен қатар еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың мүдделерін бір арнаға тоғыстырушы, барлық азаматтардың этностық, діни ерекшеліктеріне қарамастан құқығы мен бостандығын сақтаушы толыққанды саяси институтқа айналуында. Оның институт ретінде маңызды рөл атқарып отырғанының айғағы бүгінде оның жанынан құрылған Медиация кабинеттері, Журналистер клубы, Қоғамдық келісім, аналар кеңесі, әкелер кеңестері секілді сантүрлі қызметі бар органдарды бір шаңырақ астында ұйытып отыруы. Мұндай сан салалы қызметі бар институт сирек. Сондықтан Ассамблеяның болашағы зор болып қала бермек.                                                                                                          

    Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521