Ұлттың айшықты таңбасы (+ВИДЕО)

(0 Votes)

Ұлттық рәміздеріміз – ұлттың бірегейлігі мен ұлылығын көрсетеді.

Тарихтың қай кезеңінде болмасын қазақтың жұрт екенін айғақтайтын арнайы белгілері болған. Ежелгі бабаларымыздың тасқа ойып жазған таңбаларынан тудың белгілерін байқай аламыз. Егемендік – қаншама заманнан бері ата-бабаларымыздың аңсаған арманы, талай батырларымыз білектің күші, найзаның ұшымен қорғаған, жан алысып, жан берісіп жеткен асыл мұраты. Міне, сол тәуелсіз ел екенімізді анықтайтын мағынасы зор белгі – мемлекеттік рәміздеріміз. Олар егемендіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді. Міне, биыл Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне де 28 жыл толып отыр. Яғни, осыншама уақыт әлемнің әр түкпірінде көк байрағымыз желбіреп, көз алдымызға қазақтың кең даласын әкелетін Әнұранымыз шырқалды. Елтаңбамыз ұлтымыздың өшпес айшықты таңбасына айналды. Біз үшін жүрекке жақын, ең қымбат белгілер.

Рәміздеріне қарап елдің тарихын, мәдениетін, дінін, тілін, дәстүрін, барлық құндылықтарын білеміз. Бір ғана көгілдір түсті Туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан Елтаңбамыз, Әнұранымыз қарыштап алға басқан Қазақстанды жер шарының төрт бұрышына танытты. Олимпиадалар мен әлем чемпионаттарында спортшыларымыз бірінші орын алғанда көк Туымыз желбіреп, Әнұранымыз шырқалады. Аренада қатысып отырған шетелдіктер біздің байрағымызды желбіретеді. Осының бәрін көргенде бойыңа қуаныш, сенім, мақтаныш ұялайды.

Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздіктің, ешкімге бой ұсынбас бостандықтың, азаттықтың, елге деген махаббаттың символы. Сондықтан, жыл сайын Рәміздер күнін атап өту атаулы шараға айналды. Кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінде Рәміздер күні көшелерде көк Туымыз желбіреп, түрлі жиындар сән-салтанатқа айналатын. Бірақ, биыл, өкінішке орай, әлемдік пандемияның салдарынан мәдени шараларды өткізуге шектеу қойылды. Оған қарамастан, біздің рәміздерге деген ерекше құрметіміз артып, жадымызда жаңғыруы тиіс. Әрбір мемлекеттік орган да рәміздерге қатысты заңдылықты бұзуға жол бермеуі және оларды пайдалану мен насихаттау жұмыстарын күн тәртібінен түсірмеуі қажет.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521