Әлеуметтік желіде этика сақтайық, ағайын!

(0 Votes)

Қазіргі таңда көп жағдайда әлеуметтік желілерде этика сақтала бермейді.

Кейбір адамдар неше түрлі былапыт сөздерді де жазады. Мұнда балалар да кіретінін ескермейді. Біреу жасырын атпен бір пост жазып желіге салады да ол басқаларға ұнамайды. Салып отырған адам солай болатынын білмейді емес. Кейде біреулермен ұрсысу үшін әдейі салатын сияқты көрінеді. Ол желіге түскен соң ызыланып, әлгінің ар-намысына тиетін жауап жазатындар бар. Басқалар оны қостайды. Жүктеген адам олармен ұрсысады. Араларында не айтылмайды дейсің?! Осыны көріп отырған жастар қандай үлгі алмақ? Әрине, ондай постыны салған адамның бір көздегені болуы мүмкін. Халықты бір-біріне айдап салып, ауызбірліктерінен айыру немесе қаралымы арқылы рейтинг жинау. Біз соны елемей тастасақ, ондай жазбаларды салушылар азаяр еді. Олай етпейміз, жауап жазамыз.

Кейбір постыларда билікке де тіл тигізіп жатады. Сын орнымен айтылғаны дұрыс. Билік Тәуелсіздік алғаннан бері ешбір жұмыс жасалмады деу қисынсыз. Оған бала да сенбейді. Олай болса сонау тоқсан екінші жылдардағыдай дүкендеріміз бос тұрып, жалақы мен зейнетақы айлап берілмей, халық сабылып дорба арқалап жүрмей ме? Жаңа мектептер, жолдар, ауруханалар, тойханалар, халыққа қызмет көрсету орындары салынбас еді ғой. Өмірімізге ғылым мен техниканың жаңалықтары дендеп еніп, қолымыздағы ұялы телефонмен көп жұмысты тындыра аламыз ба? Анау Ауғанстан немесе Солтүстік Корея сияқты деңгейде жүрер едік.

Өздерін билікке қарсы оппозиция санайтындар да әлеуметтік желіде қарсы пікір білдіргендерді жерден алып, жерге салып, ар-намысына тиіп, жағымсыз сөздер жазып, «Ертең билік ауысқанда...», деп бастарына қара бұлт үйіреді. Оқып отырып «осылардың көздегені не?», деген ойға қаласың. Керісінше билік өкілдері қызметтік этиканы сақтап ондай адамдармен дауласпайды. Ар-намысына тимейді. Десек те, олар да қазір сөз баққан заман екенін ескермейді. Сәл қателессе аузын бағып отырғандар бұрмалап әлеуметтік желіге жүктейді де халықты оған қарсы қояды.

Сырттағы жауларымыз қалғып-мүлгіп отырған жоқ. Әр қадамымызды бағуда. Әлеуметтік желідегі өзара дауымызды көріп қазақ елінің болып-толғанын көре алмайтындар, ішімізге іріткі салғысы келетіндер қолдарын ысқылап қуанып жатқан шығар. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», деген тәмсілді бабаларымыз ойдан шығарып емес, бастарынан өткен соң айтты ғой. Біз басымыз бірікпегендіктен жоңғарды жерімізге кіргізіп, «ақтабан шұбырындыға» ұшырадық. Бірлігіміз болмағанынан Ресейдің боданына айналдық. Кез-келген мемлекетте сол елді құрушы ұлт биік тұрады. Өзге ұлт өкілдері оларға қарайды. Этикадан жұрдай болып, әлеуметтік желіде беделімізді түсірмейік дегіміз келеді.

Қанат ҒҰМАРОВ

COVID 19

covid

Соңғы жаңалықтар

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян жаңалығы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21