Әлем елдерінің Абайға құрметі

(1 Vote)

Ұлттық руханият пен әдебиетіміздің алтын тұғыры іспетті асқан ойшыл, ғұлама Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай, оның мәңгілік мұрасын елімізде кеңінен таныту барысында түрлі шаралар, қоғамдық жұмыстар атқарылып келеді.

«Жақсы ай мен күндей, әлемге бірдей» демекші, алты Алашқа аты мәшһүр даналық иесін шет елдер де дәріптеуден кенде емес екенін байқауға болады. Ұлы ағартушының өзі шетелдік қаламгерлердің туындыларын ана тілімізде сөйлетіп, аударма саласындағы ерен еңбегімен жерлестерін әлем әдебиетімен сусындатқан еді. Даңқты, данышпан ақынның адамзатқа ортақ құндылықтардың тұтқасына айналғанына ешкімнің дауы жоқ.

Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбеде Абай есімімен аталатын көше бар екен. Бұл көше 1963 жылы қазақ әдебиетінің он күндігі аясында таныстырылған. Үндістанның бас қаласында да философтың есімімен аталған көшені кездестіре аламыз. Оның толық атауы – Абай Мардж. «Мардж» деген сөз «жол» деген мағынада айтылады. Оның ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы қатысқан.

1988 жылдан бері Киевте де Абай Құнанбаев көшесі бар. Сондай-ақ Өзбекстанның Ташкент, Бішкек, Украинаның Краматорск, Днепропетровск қалалары, Түрікменстанның Акдаш ауылындағы көшелерге ақын есімі берілген. 1995 жылы 15 ақпанда әлемнің орталығы саналатын Лондон қаласында Роллан Сейсембаевтың бастамасымен Абай үйі бой көтерген. Каирде Абай атындағы көше 1998 жылы пайда болса, Берлинде 2000 жылы 18 ақпан күні Абай-штрассе ашылған. Себебі жергілікті тұрғындар ғұлама Абай өлеңдерін сүйіп оқитын көрінеді.

Мажарлардың да Абай Құнанбайұлына деген құрметі ерекше. 2014 жылы Венгрияда қазақтың біртуар ұлына арналып ескерткіш орнатылған. Оны Будапешт қаласындағы Астана көшесінен де аңғару қиын емес. Көрші Өзбекстанның астанасындағы ескерткіштің шымылдығы 2013 жылы екі елдің тұңғыш президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримовтің қатысуымен түрілген. Ислам Каримов өз сөзінде: «Өзбекстанда Абайды бүкіл өмірін ізгілік пен әділдіктің салтанат құруы үшін күресіп, өз халқының мұң-мұқтажы мен биік мұраттарға ұмтылысын жырлауға арнаған нағыз халықтық ақын, ағартушы және гуманист ретінде жақсы біледі әрі жоғары бағалайды. Өзінің өшпес туындыларында қазақ халқының рухани жан қуатын, оның ең ізгі қасиеттерін жарқын және толық көрсетіп берген Абайдың орасан зор еңбегін бағаламау мүмкін емес»,-деп түйіндеген.

Мәскеудегі ескерткіш – еліміздің Ресейге тарту-сыйы. 2006 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуі кезінде ұлы ақынға ескерткіш салу туралы келісім жүргізілген. Одан өзге Ресейдің Алтай Республикасындағы Көш-Ағаш ауылында Абай көшесі бар. Беларусь елінде Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойына байланысты «Абай жалпақ әлемде салтанат құруда» деп аталатын сайт шыққан. Сонымен қатар Витебск қаласында да ақын құрметіне ескерткіш қойылған.

Бұл үрдістен француздар да шет қалмай, Ренн қаласынан ескерткішке орын берген. Тағы да бір ескерткіш 2014 жылы наурызда Қытай астанасы Бейжіңнің орталығындағы «Чаоян» саябағында тұрғызылған. Салтанатты іс-шараға еліміздің сол кездегі сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қатысқан. 2007 жылы қазан айында Иран Ислам Республикасы Тегеран қаласында Абай мүсіні ашылды. Ондай мүсін Иран ұлттық кітапханасында, Каирдың орталық саябағында да тұр. Каир қаласының басшысының орынбасары Мысыр шаһарында Абайға ескерткіш қою – мегаполистің маңызды оқиғасы екенін және екі елдің рухани және мәдени жақындығын көрсететінін атап өткен. 2011 жылдың мамырында Баку мемлекеттік университетінде тарихи тұлғаға арналған орталықтың тұсауы кесіліп, сол жерге де мүсін ойысқан. Мұнда қазақ тілінде сөйлесіп, мәдениетіміз жайлы пікірталас өрбітіп, ақын шығармаларымен танысуға мүмкіндік бар. Орталық мамандары ақын жырларын қазақ тілінен тікелей әзербайжан тіліне аударумен айналысады.

«Адамзаттың Абайы» атанған кемеңгер тұлғаның қандасы болғанымыздың өзі – үлкен мақтаныш. Абай мен қазақ – бір-бірінен ажырамас мәңгі егіз ұғымдар. Әлі де насихаттау ісі қарқынын күшейтсе, алты құрлықтың Абай арқылы қазақ халқын мойындамауға амалы қалмасы анық.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521