Лагерлерді ұйымдастыру жұмыстары талқыланды

(0 Votes)

Құрманғазы  аудандық  Оқушылар  үйінде  «Жазғы  демалысты  ұйымдастыру – балалардың  денсаулығын  нығайтудың  негізі»  атты  аудандық  семинар  өтті.

Спикерлерді  таныстырған аудандық  Оқушылар  үйінің  директоры  Мейрамгүл Шекетасова оқу  жылының  аяқталуымен  құттықтап, аталған  тақырыпта  шағын хабарлама жасап, лагерлердің  түрлері, балалардың  онымен  қамтылуы  жайлы  айтып шықты.

Спикерлерден  аудандық  санитариялық-эпидемиологиялық  бақылау басқармасының  санитариялық-гигиеналық  қадағалау  бөлімінің  жетекші  маманы Қажымұрат Тусалиев мектеп  жанындағы  лагерлерде  тамақтан  улану  болмауы  үшін жыл  сайын  өндірістік  бақылаудан  өтетініне  тоқталды. Асхана  тамағын  әлеуметтік қызметкер қарап  отыруы  тиіс.  Одан   әрі  қатысушылар  тарапынан  қойылған сұрақтарға жауап қайтарды. Аудандық  полиция  бөлімінің  ЖПБ-нің   ювеналды  полиция  тобының аға  инспекторы  Эльмира  Жонысова  кәмелетке  толмағандар  арасында  құқық бұзушылықтың  алдын  алу  бойынша  қабылданып  жатырған шаралар  туралы шағын мағұлмат берді.

Аудандық  жас  туристер  бекетінің  спорт-туризм  бойынша  меңгерушісі  Әділбек Атаев: –  Шатырлық  лагерлерге  әр  мектептен  25-30  оқушы  қатысады, Қайролла теректері  жағында  ұйымдастырылады. Әр  мектептен  оқушылар  екі жетекші, бір медбикемен жүреді. Себебі, 30  баланы 1  жетекші  қарап  үлгермейді. Балалардың гигиеналық  заттарын, ыдыс-аяқтарын, тамақтарын  өздеріңіз   әкелесіздер. Бәрі  де бірдей  формада  киінеді. Аталған  лагерь  таңертеңгі  сағат  тоғызда  басталып, түстен кейін  төртте  бітеді,– дей  келе  ұйымдастырылатын  спорттық  ойындар  түрін  тілге  тиек етті.

Қиғаш  бойынан  қатысып  отырған  ұстаздар  25-30  баланы  аудан  орталығына әкелу  қиынға  түсетінін  айтып, шатырлық  лагерь жергілікті жерде ұйымдастырылса деген ұсыныстарын   ортаға  салды. Аудандық  Оқушылар  үйінің  директоры  Мейрамгүл Шекетасова  шатырлық  лагерлердің  кейбірін  тамызға  жоспарлау  қажеттігін  алға тартты. Осы  мекеменің  әдістемелік  бөлім  меңгерушісі  Ардақ  Қаржауова  лагерлердің жүру  барысын  зерделейтін комиссия  құрылғанын, бала  саны  барлық  мектепке келтіріп  бөлінгенін, бейіндік  лагерлердің  бәрі  бес  күндік  болатынын   айтып  өтті. Аудандық білім  бөлімінің  тәрбие  әдіскері  Клара  Ермұханова  балалар  қауіпсіздігі  басты орында тұруы, қай  жұмысты да  тиянақты  жасау  қажеттігін  айтып, лагерлерді  ұйымдастыруға қатысты  қосымша  түсініктер  берді.

Біздегі  еңбекпен  қамту  лагерлеріне  облыста  жақсы  баға  берілгенін  жеткізген аудандық  Оқушылар  үйінің  директоры  Мейрамгүл  Шекетасова: – Археологиялық саяхаттарды  аудан  көлемінде  ұйымдастыруға  болады. Ауданымызда  ондай  орындар бар. Бірінші-екінші  күні  оған  баратын  балаларды  ақпараттар  арқылы  тарихи орынмен сырттай  таныстырып, содан  кейін  апарса, олар  жақсы  әсер  алады. Осындай жұмыстарды  жандандырыңыздар. Лагерлер  салтанатты  түрде  ашылып, ол әлеуметтік желілерге салынуы  керек. Төрт-бес сағаттық  лагерді  жақсы  өткізейік,– деді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT