Әл-ауқатты арттыру – басты бағыт

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауын республика жұртшылығы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берген саяси мәні зор құжат деп қабылдады. Өйткені, еліміздің экономикасының, әл ауқатының барлық бағыттардың дамуы халқымыз үлін өте маңызды. Әрбіріміздің көкейінде жүрген күрмеулі мәселелерді шешуге бағытталған бұл құжатта мемлекетіміздің дамуы мен ел өмірінде бірқатар өзгерістер мен жаңашылдықтың болатынын көрсетіп берді.

Алдағы жылдардағы дамуымыз айқындалған Жолдауда мемлекеттің қазіргі жағдайына, сыртқы және ішкі саясатының негізгі бағыттары мен перспективаларына талдау жасалды. Елдің жаңа экономикалық бағытының айқындаушы принциптері әділеттілік, инклюзивтілік және прагматизм болмақ. Президент айтқандай ұзақ мерзімді мақсат қоюдан бас тартып, бұл орайда бұдан бұрынғы кезеңдерде жіберілген қателіктерден сабақ алып, дұрыс таңдау жасай біліуіміз қажет. Бұл ретте, алдағы үш жыл ішінде орындалуға міндеттелген нақты тапсырмалардың орындалуына баршамызда мүдделі болуға тиіспіз. Әсіресе, ішкі нарықты қолдау, туризмді дамыту, қорғаныс саласы өндірісін өркендету, агроөнеркәсіпке кешенде серпіліс жасау саясатын көпшілік қолдайды деп сенемін. Сол сияқты су мен энергияны үнемдеу жұмыстарына ерекше назар аударылғаны абзал. Алдағы жылдары елімізде жиырма су қоймасын салу, суды үнемдеу технологиясын енгізу осы саладағы ахуалды түзейтіні анық. Мұны көктемдегі су тасқыны мен алты ай жаздағы қуаншылық нақты дәлелдеп берді.

Жолдаудың басым бағыты экономикаға бағытталғанымен, барлық экономикалық іс-шаралардың нәтижесі әл-ауқатымыздың жақсаруына тікелей әсер етуі тиіс. Онда айтылған халықтың әлеуметтік тұрмысы, соның ішінде жұмыссыздық мәселесі көбірек шешім тапса дейміз. Бұл ірі өндіріс көздері жоқ ауылдық жердегілер үшін аса маңызды. Бұл орайда, «Адамның қажеттілігі әрдайым басты назарда болады» деген Мемлекет басшысының «Отбасы банкін» ауылдар мен аудандарға несие беруге бағыттауы ауылда тұратындардың тұрғын үйге деген мұқтаждығын азайта түспек. Сондай-ақ, ел ішіндегі жиырма бір банкке бәсекені арттыру үшін сенімді деген үш шетелдік қаржы ұйымын тарту ұсынылды. Енді үкіметке біртіндеп азаматтардың жалақысын өсіре беру жүктелді.

Президент мемлекетіміздің ертеңі – жас ұрпақтың болашағы үшін атқарылатын міндеттерге ерекше тоқталды. Адам капиталын дамыту – ұлт сапасын арттырып, қоғамның ілгері басуына бастайтын іргелі бағыт. Әсіресе, болашағымыз – балаларға мем­лекеттің қамқорлығы, жан-жақты жағдай жасауы өте маңызды. Осы орайда Мемлекет бас­шысының «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламасын халық ұлт байлығының үлесін сезінер үлкен бастама санап, үміт артып, қуана қабылдады. Әрбірден соң, бұл бағдар­ламаның ел болашағына салынып отырған стратегиялық инвестиция екені дәлелдеуді қажет етпейді. Қорға ақша аудару үстіміздегі жылдың қаңтарынан бастап жүзеге асты. Бұл бастама әділетті қоғамды орнату, ұлт байлығын теңдей бөлу идеялармен толық үндесіп-үйлесіп тұр. Ата Заңымыздағы жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіте түседі. Ұлттық қордың биылғы жылғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына түсті. Осылай қаржы жыл сайын әр бала 18 жасқа толғанға дейін аудары­лып тұрады, оны мерзімінен бұрын есеп­шоттан шығарып алуларына болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Тағы да Президент сөзімен айтсақ, бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет ете беретін болады. Сонымен бірге, балаларға арналған «Келешек» ерікті жинақ жүйесі енгізіледі, бұл бағдарлама бес жастан асқан балаларды қамтиды. Ерікті жинаққа мемлекеттен берілетін бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекет сыйақысы, инвестициялық табыстар кіреді. Айналып келгенде, бұл жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы төңірегінде жиналған қаражат балалардың сапалы білім алуына жол ашады.

Президент Қ.Тоқаев өз Жолдауында орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кететініне тоқталды. Ол Үкіметке шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіруді тапсырды. Ол шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын бағдарламаға айналуы тиіс деді. Нарық заманында ел экономикасы үшін кәсіпкерлердің ролі ерекше екені белгілі. Алдағы кезеңде елімізде бизнес өкілдерінің жұмысына орынсыз араласпауға басымдылық берілетіндігі құптарлық және өте өткір тұрған мәселелердің бірі. Өйткені, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруда кәсіпкерлердің тигізер пайдасы шаш етектен. Кәсіпкерлікті қолдау туралы сөзін жалғастыра келіп, Президент экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажеттігін айтты. Иә, салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын шекті анықтайтын әділ механизм енгізу керек. Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату мәселесінде ойластырған жөн.

Сонымен бірге, корпоративтік салаға берілетін несиенің жеткіліксіз екенін қаперге берді. Былтыр банктердің таза пайдасы бір жарым триллион теңгеге жуықтаса, ал ағымдағы жылдың алғашқы жартысында бір триллион теңгеден асып кеткенін мәлімдеді. Бұл «банктер тиімді жұмыс істегеннің арқасында емес, негізінен Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, осындай мол пайдаға кенелгендігі» деді. Осыған орай, банктердің «қозғалыссыз жатқан» 2,3 триллион теңге көлеміндегі активін экономикалық айналымға қосу үшін нақты шаралар қабылдауды және ашық цифрлық платформа құруды тапсырды. Нақты секторға берілетін несие көлемінің жыл сайын 20 пайыз және одан да жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз етуді міндеттеді. 

Жалпы, Жолдау еліміздің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары туралы анық айтылды. Дамудың жаңа міндеттері айқындалды, бұл басты құжат халқымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, шетелдік инвесторлардың жауапкершіліктерін арттыруға, адам өмірінің қауіпсіздігін қорғауға, қоғамдағы түйіткілді мәселелерді дер кезінде шешуге, халықтың мүддесін жақсартуға бағытталғанын білуге тиіспіз. Олай болса, еліміздің жарқын болашағы мен кемел келешегі үшін көрсетілген міндеттерді орындау – әр азаматтың борышы. Мемлекет басшысы халықтың көкейінде жүрген бірқатар мәселелерді көтеріп, оларды шешу бойынша нақты тапсырмалар берді. Ендігі кезекте тек жұмыс жасау қажет. Жолдаудың негізі ел экономикасы мен әлеуметтік мәселелерге арналған, әрине әлеуметтік-экономикалық мәселелер әрқашанда негізгі сұрақтардың бірі болып табылатыны сөзсіз. Сондықтан да отандастарымыздың әл-ауқаты мен тұрмыстық әлеуетін арттыруға және ел экономикасын дамытуға септігін тигізеді деген ойдамын. Расында да, Жолдаудың әр сөзі халыққа керекті мәселелерді қамтиды. Еліміздің тағдыры – біздің тағдырымыз, еңсесі биік, тұтқасы берік еліміздің алға қойған мақсаттары орындалсын деген тілек үстіндемін.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521