Қыс мезгілінде көлдер мен су айдындарындағы мұз қабатының қалыңдауы суға оттегінің түсуін шектеп, астындағы ортаға оттегі тапшылығын тудырады. Соның салдарынан су экожүйесінің тұрақтылығы бұзылып, тірі ағзалардың жаппай жойылу қаупі орын алады.
Мұндай жағдайда ең алдымен балықтар, су жәндіктері мен өсімдіктері, микроағзалар зардап шегеді. Оттегінің жетіспеуі олардың тіршілік әрекетін баяулатып, су сапасының нашарлауына әкелуі мүмкін. Судағы оттегі концентрациясының норманың жартысына дейін төмендеуі балықтардың тіршілігіне зиянды.
Осыған байланысты қысқы кезеңде суайдындарында аэрация жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Оның барысында мұз жамылғысында арнайы шағын тесіктер жасалып, суға оттегінің түсуі қамтамасыз етіледі. Бұл мұз астындағы газ алмасуды жақсартып, су экожүйесіндегі табиғи тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Мұндағы негізгі мақсат судағы оттегінің жеткілікті деңгейін, экожүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету, балықтардың қысқы қырылуының алдын алу, су айдындарындағы биоалуантүрлілікті сақтау болып табылады.
Өңіріміздегі балық тұншығу қаупі бар су айдындарында жыл сайын жүргізілетін аэрация жұмыстары жалғасын табуда. Осыған байланысты Құрманғазы балық инспекциясы бөлімінің бастамасымен аудандағы барлық табиғат пайдаланушылар жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен Жаңаталап, Бөкейхан, Қиғаш, Көптоғай, Бірлік, Теңіз, Шортанбай, Кудряшов, Сафон ауылдық округтер аумақтары мен өздеріне бекітілген су айдындарында балықтар тұншығудың алдын алу шараларын жүзеге асырып келеді. Аумағы ауқымды ойықтар ойлып, қауіпсіздік жан-жағына белгі орнатылды. Бірнеше үкі ойылып, қаып қалмай ауа өтіп тұруы үшін қамыс бумалары тығылды. Аталған жұмыстар су биоресурстарын сақтау, табиғи тепе-теңдікті қорғау және экологиялық жауапкершілікті арттыру мақсатында жүргізілді. Табиғатты қорғау – ортақ парыз!
Қанат ЛҰҚПАНОВ,
Құрманғазы балық инспекциясының бас маманы


