Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 толды. Отыз жыл дегеніміз жай өте шыққан мезет емес, осынау уақытта сала қызметкерлері өз міндетерін абыроймен атқарып, мыңдаған азаматтың өмірі мен денсаулығын сақтап қалды.
Құтқарушы - күнделікті қызметінде өмірге қауіпті тәуекелдермен бетпе-бет келетін жауапкершілігі жоғары мамандық. Қандайда бір табиғи және техногенді апаттар туындай қалса бастарын қатерге тігіп көмекке даяр тұрады. Құтқарушы болу – жай ғана қызмет емес, бұл – жүректің таңдауы, адам өмірін сақтап қалуға арналған ұлы миссия. Республика күні қарсаңында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде кәсіби мерекелеріне орай Құтқарушылар аллеясы ашылды. Оны жасақтауға аудандағы өрт сөндіру қызметінің ардагерлері ұйытқы болды.
Аллеяның ашылу салтанатында төтенше жағдайлар органдары ардагерлер ұйымының төрағасы Сәкен Хабибуллин, аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау қызметінің подполковнигі Әділ Қонқаев, сала ардагері Сағынбай Исаев мерекелік құттықтау сөздерін сөйлеп, құтқару қызметінің ардагерлеріне, бүгінгі ізбасарларына ізгі тілектерін арнады. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары Данияр Қайсағалиев аудандық ТЖ бастығы Әділ Қонқаевты, ардагерлер Асылбек Қуаншалиевті, Аманқұл Төлепбергеновті «Бауыржан Момышұлы» төсбелгісімен марапттады. Шарада Сағынбай Исаев, Базарбай Нұрмұханбетов, Кәким Шияпов сынды аға буын құтқарушыларға «Төтенше жағдайлар органдарының ардагерлер ұйымына – 20 жыл» төсбелгісі, бір топ ардагерге облыстық кеңес төрағасының Алғыс хаты табысталды.
Кәсіби мереке С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйіндегі «Ел үміті – ержүрек құтқарушылар» атты мерекелік шарамен жалғасты.
Мұнда да құттықтау тілектер айтылып, аудандық өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, сала ардагерлері, төтенше жағдайлардың алдын алуға атсалысатын ауылдық округ мамандары, азаматтық қызметкерлер, орман шаруашылығында істейтіндер, кәсіпкерлер мен шаруа қожалығы басшылары түрлі марапаттарға ие болды.
Шарада биші бүлдіршіндердің тақырыптық биі тамашаланып, аудан өнерпаздары көркемсөз оқып, патриоттық әндерді орындады.
Айбек НӘЖІМОВ