Құрылыс жұмыстарына мониторинг жүргізді

(0 Votes)

«Amanat» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Дәурен Абдығалиев, Есболат Құбашев, Оразғали Алғаязов партиялық бақылауда тұрған нысандарға – Кадырка ауылындағы 60 пәтерлік үй мен РТС ауылындағы «Келешек мектебі» құрылысына барып, жасалып жатқан жұмыстарға мониторинг жүргізді. 

«Келешек мектебі» құрылысы қарқынды жүруде. Сыртқы ауласының шарбағы тұрғызыла бастапты. «Джим капитал» ЖШС холдингінің «Каспий құрылыс» ЖШС-нің жетекшісі Владимир Шпетманский партиялық бақылау комиссиясы мүшелерімен әңгімесінде: – Қарашаның 20-сына дейін бітіруді жоспарлап отырмыз. Сантехникалық жұмыстар біте келді. Үшінші қабатта сырлау жұмыстары жасалуда. Ауласының қоршауы 560 метр. Материалдары әкелініп қойылды. Қазіргі күні аула қоршауының 240 метрі тұрғызылды. 85 текше метрлік су жинайтын бір ыдыс (резервуар) алдыңғы және сыйымдылығы осындай мөлшердегі өрт сөндіруге арналған төртеуі артқы жағына орналасады. Сол жерде насос стансасы да болады. Бұл мектепте 125 адамдық асхана, арнайы бөлек тоңазытқыш бөлмесі бар. «Самұрық-Қазына» АҚ өкілі екі күн осында болып, жағдаймен танысты. «Келешек мектебінің» 3 жыл кепілдік мерзімі бар. 600 балаға деп жоспарланғанымен, екі аусымда мың оқушы еркін оқи алады. Директордың отыратын орны мен оның алдындағы бөлме ашықтықты қамтамасыз ету мақсатымен әйнектен жасалды. Келген адам басшының орнында бар-жоғын көріп тұрады, – деп қазір мұнда 113 адам жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Айтуынша сыртқы абаттандыру жұмыстарымен келесі жылы түгелдей аяқталады.

Алпыс пәтерлік үй құрылысының  90 пайызы біте келіпті. Мердігер мекеме «Бек и Ко» ЖШС-нің учаске шебері Азамат Сұлтановтың мәлімдеуінше құрылыста 4 адам жұмыс жасауда, биылғы қараша айының басында тапсырылады. Пәтерлердің бөлмелері аппақ болып, сыңғырлап тұр.  Жылу, электр, су, кәріз жүйесі біткен. Тек газ бен шамалы кафель төсеу, гидранттар салу жұмыстары қалған. Сыртында абаттандыру жұмыстары да жақсы жүргізілуде. Алдына қоршауы бар жасыл алаң, әдемі тас төселген жаяу жүргіншілер жолы, тынығу алаңы жасалыпты. Енді балалар ойын алаңының құрылысы басталған.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT